Ескерткіштер де жылайды екен, тыңдап-түсіне білгенге олардың да айтар мұңы бар екен. Олардың үні, әсіресе 590 нысаны тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген, оның ішінде 20-сының республикалық маңызы бар, ежелгі кешенді қорымдардағы есепке алынған құлпытас-қойтастар, сәулет өнерінің көрнекті туындылары саналатын күмбезді тамдар мен сағаналарының саны 9 мыңнан асатын, одан бөлек мәртебесін анықтауды, арнайы сараптама жүргізуді қажет ететін 800-ден астам тарихи-мәдени мұра нысаны алдын ала есепке алу тізімінде тұрған Маңғыстау облысында күңірене естіледі.
Әрине, өлілер мен ескерткіштерге тыныштықтан басқа ештеңе қажет емес, ал бүгінгі әлем-жәлем әлемнің әпербақандары мен жұмыртқадан жүн қырыққан пысықтар сол тыныштықтың шырқын бұзудай-ақ бұзып келеді, өкініштісі ескерткіштерді қорғауға заң да дәрменсіз. Мәдениет қызметкерлері ғана емес, көне мұраға жаны ашитын көптің алдында тарихи-мәдени мұраларды қорғау, оны келешек ұрпаққа сол қалпында жеткізу өзекті мәселе болып тұр.
Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы заңнамаға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіші саналатын ежелгі қорым кешендердің қорғау аймағында жаңа құрылыс жұмыстары жүргізілмеуге тиіс. Алайда облыста осы мәселенің шешімін таппауы жылдарға созылды – жұрт қайтыс болған жанды тарихи орындарға қоюға құмар, құзырлы орындар оның ағаттығын түсіндіре алмай әлек.
Заңға жүгінсе, заң тыңдамағанға тоқтам беретіндей зілді емес – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 145-бабы бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары шегінде жерді пайдалану режімін бұзушылықтар бойынша жеке тұлғаларға – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеумен ғана шектеледі екен. Заңның жеңілдігін пайдаланғандар марқұм болған туысын киелі орын саналатын ежелгі қорымдардың қорғау аймағына жерлейді, сондай-ақ қорымдағы есепке алынған сәулет пішіндеріне заманауи ескерткіштер тұрғызады, жаңадан салынған қабір құрылыстары діни-қабірлеу кешендерінің қалыптасқан тарихи көрінісі мен бастапқы жалпы көрінісінің бұрмалануына әкеліп соғады. Соңғы жылдары ұрпақтары жиналып, ата-бабасы жерленген ежелгі тамдарға, яғни мемлекеттік тізімге алынған күмбездер мен сағаналарға өз бетімен өзгерту, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жағдайлары көп кездесіп отыр, бұл ескерткіштің түпнұсқалы архитектурасына айрықша нұқсан келтіреді. 2021 жылы Маңғыстау өңірінде дәл осы бағытта 6 заң бұзушылық жағдай анықталған.
– Ескерткіштердің қорғау аймақтары шегінде жерді пайдалану режімін бұзу бойынша жеке тұлғаға 1000 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салу және ескерткішті немесе оның қорғау аймағын қалпына келтiруге, ал бұл мүмкін болмаған кезде келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге мiндеттi деп жазу керек деген ұсынысты айтқымыз келеді. Бұл мәселе жайында осыған дейін де облыстық мәдениет басқармасы тарапынан айтылып жүр, – дейді Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорық ғылыми қызметкері Нұрсәуле Дауымшарова.
Ескерткіштерге келесі қауіп бағалы металл іздеп көне қорымдарды қопара талқандап, кездескен бағалы жәдігерлерді қолды ететін «қара археологтерден» төнуде. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 295-бабына өзгерістер енгізілгенмен «қара археологтер» әлі де ұзын арқан, кең тұсау күймен еркін шарлап жүр. «Далалық жерлердегі көне қалашық орындары мен қорғандарда, жалпы кез келген жерде «қара археологтер» металл іздегіш құралдарымен алтын іздеп қазып талқандап кету жағдайлары көбеймесе азаймай отыр. Олар ескерткіштің мәдени қабатын жойып, нұқсан келтіреді, сондай-ақ құнды жәдігерлердің қайтарымсыз жоғалуына әкеліп соғады», дейді мамандар. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 295-бабы бойынша археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу, яғни металл іздегіштер, радарлар, басқа да техникалық құралдар немесе жер қазатын машиналарды пайдалана отырып жасалған іс-әрекет иесі үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен немесе бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi айыппұл салумен жазаланады. Мамандар заң бұзушылық жағдайларының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, арнайы іс-шаралар жоспарын жасау және жүзеге асырылуын бақылау бағытында жұмыстар жүргізуді ұсынып келеді.
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– 2017-2018 жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асырылғаны белгілі. Жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар қасиетті нысандардың қатарында діни-ғибадат ету нысандарымен қатар, ерекше бағаланатын тарихи-мәдени және табиғи мұра ескерткіштері де бар. Еліміздің рухани символикалық мұрасына сүйенген ішкі мәдени туризмді дамыту және қолдау мақсатында бұл «киелі белдеудің» нысандары туризм индустриясы үшін өрлеу нүктесіне айналуға тиіс. Енді осындай киелі орындарымызға келушілердің саны күн санап артып келеді, қазіргі таңда көпшілігінде жолдарын жөндеу, электр жарығымен, ауыз сумен, ұялы байланыс желілерімен қамтамасыз ету, талапқа сай дәретханалар салу, т.б. жұмыстарды қажет етеді. Мысалы, Шақпақ ата, Сұлтан үпі, Масат ата, Сисем ата тәрізді маңызды ескерткіштерге жақсы жол салу қажет. Сондықтан осы орайда, олардың қазіргі заманға сай пайдаланылуы үшін инфрақұрылымдарын дамыту, экологиялық аймағын сақтап, қоқыс мәселелерін реттеу, санитарлық талаптарға сай қонақүйлер салу, зияратшылар мен туристерге арналған визит орталықтарын ашу, мобильді интернетпен қамтамасыз ету тәрізді жобаларды қарқынды жүзеге асыру үшін республикалық деңгейде арнайы бағдарлама жасақталуы қажет. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасы бойынша сакралды орындарға келушілерге жағдай жасау мақсатында қазіргі заманға сай пайдаланылуы үшін шаралар, абаттандыру-көркейту жұмыстарын, ландшафтық дизайнмен жүргіншілерге арналған шағын жолдар мен демалатын орындар жасау, киелі орында жүру тәртібі жазылған тақтайшалар орнату, дәретханалар салу, қоқыс салатын контейнерлер орнату, т.б. жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы қарастырылса дейді мамандар.
Ескерткіштер заңмен қорғаусыз, қараусыз қалған «иесіз ауыл» емес. Нақты айтсақ, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын, оның ішінде аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстарды жүргізбеу, монументті өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бұзушылықтар, тарих және мәдениет ескерткішінің заңсыз орнын ауыстыру және оны өзгерту,тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізу, тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары шегінде жерді пайдалану режімін бұзушылықтар, ғылыми-реставрациялық және археологиялық жұмыстарды жүргізу шарттарын бұзушылықтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 145-бабы бойынша заң бұзушылық деп танылып, айыппұл салу шарасы қолданылады. Бірақ заңды білмей ме, білсе де заңды жазаға мойымай ма білгенін жасайтындар жоқ емес. Мысалы, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының 2021 жылы жүргізген мониторинг бойынша Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзу бойынша 4 жағдай анықтаған. Тарихи орындарда жүргізілген бұл заңсыз істер нәтижесінде көне мазардың іргетасы қозғалып аршылған, қабырға тастарына маркировка және фиксация жасалмай, ескерткіштің маңызды тарихи архитектуралық құрылысының бөліктері толықтай жойылған, тарихи-мәдени ескерткіштің келбетін, көлемдік-жоспарлық және конструкциялық шешімдері мен құрылымдарын өзгерткен, күмбезтамның ашылып қозғалған сыртқы плиталарының орнын жаңа тастармен қалап, қабырға беттерін тегістеген, іргетас бөлігіне соқыраймақ жасаған, ішкі бөлігінде темір тұрбалармен айналдырып қабырғаларына бекітіп тіреуіш орнатқан, қабырғаны тесіп, күмбездің сыртынан төменгі бөлігін жиектеп цементті сылақ жүргізу сынды өзгертулерге ұшырады.
Қолданыстағы заңға сай кінәлілер жауапқа тартылғанмен, оғаш мәселе біржола тоқтамай тұр. Болашақта қай ескерткішті кімнің өз қалауына сай өзгертіп, тарихи келбетін бүлдіруі беймәлім. Бұл мәселе сала мамандарының санасына кәдімгідей жүк түсіріп, амалын іздеген алаңдаушылыққа тап қылды.
Ескерткіштерді қорғау үшін заң қатаюы керек, әйтпесе құлқынның қамын күйттегендер мен құныққандардан тарихи құндылықтарды арашалап қалу қиынның қиыны болып тұр.
Маңғыстау облысы