Іргетасы 2007 жылы қаланған еліміздің «Astana Qazaqstan Team» велокомандасын жаңа 2023 жылда да әдеттегідей бірқатар ірі жарыс күтіп тұр. Әрине, оның ішінде ең негізгісі велошабандоздардың бейресми әлем чемпионаты саналатын «Тур де Франс – 2023» веложарысы екені белгілі. Жуырда бір ғасырдан астам тарихы бар жарыстың ұйымдастырушылары биылғы додада бас жүлдеге таласатын командалардың тізімін жариялады.
Биылғы «Тур де Франс» велобәйгесіне ұзын-саны 22 велокоманданың өкілдері қатысатын болды. Олардың ішінде 18-і жыл сайын әлемдік ірі турларда өнер көрсетіп жүрген велоклубтар болса, екеуі кәсіби құрлықтық деңгейдегі командалар. Олар – Израильдің «Israel-Premier Tech» велокомандасы мен норвегиялық «Uno-X Pro Cycling Team» ұжымы. «Тур де Франстың» былтырғы маусымында «Israel-Premier Tech» велокомандасының өкілдері екі кезеңде жеңіске жетті. Атап айтқанда, аустралиялық велошабандоз Саймон Кларк 157 шақырымға созылған бесінші кезеңде мәре сызығын бірінші болып кессе, 2018-2021 жылдар аралығында «Астана» сапында бақ сынаған 32 жастағы канадалық спортшы Уго Уль 16-кезеңде үздік шыққан болатын. Сондай-ақ 2022 жылғы маусымның қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған бельгиялық «Lotto Dstny» және франциялық «TotalEnergie» командалары ұйымдастырушылар тарапынан арнайы шақырту алды.
Сөйтіп, шілденің 1-23 аралығында өтетін «Тур де Франс – 2023» жарысына «Astana Qazaqstan Team» велокомандасынан бөлек, осы доданың тұрақты қатысушылары франциялық «AG2R Citroën Team», «Team Arkea-Samsic», «Team Cofidis» және «Groupama-FDJ», бельгиялық «Alpecin Deceuninck», «Soudal Quick-Step» және «Intermarché-Circus-Wanty», сонымен қатар германиялық «Bora-Hansgrohe», америкалық «EF Education-Easypost» пен «Trek-Segafredo», ұлыбританиялық «Ineos Grenadiers», нидерландтық «Team DSM» және «Jumbo-Visma», кейінгі 10 жылда алты рет «Тур де Франстың» үздік велокомандасы атанған испаниялық «Movistar Team», 2021 жылғы үздік ұжым бахрейндік «Team Bahrain Victorious», аустриялық «Team Jayco AlUla» және Біріккен Араб Әмірліктерінің «UAE Team Emirates» командалары жарыс көрігін қыздырмақ.
Жалпы алғанда, биыл Франция тас жолдарында 110 мәрте өткелі тұрған «Тур де Франс» жарысы 1 шілде күні Испанияның солтүстігінде орналасқан Бильбао қаласынан басталып, 23 шілдеде әдеттегідей Париждің Елисей алаңында өз мәресіне жетеді. Бір айта кетерлігі, 1992 жылдан кейін тарихта екінші рет әйгілі веложарыс Баск елінен басталғалы тұр. Жалпы «Тур де Франстың» ұйымдастырушылары жыл сайын жарыстың аясын кеңейту үшін алғашқы кезеңдерді Еуропаның әртүрлі елдерінен бастайды. Мәселен, былтырғы жарыстың тұсауы Данияның бас шаһары – Копенгагенде кесілсе, келесі жылғы бәсекенің алауы Италияда тұтанады деп жоспарланған.
21 кезеңнен тұратын 3404 шақырым тас жолды велоспортшылар үш аптаның ішінде жүріп өтуге тиіс. Соның ішінде алты кезең жазық, алты кезең жартылай таулы, сегіз кезең таулы аймақтағы тас жолдарда өтеді. Биыл спринтерлер тек бір ғана жекелей кезеңде сынға түседі. Ол екінші демалыс күнінен кейінгі 16-кезеңге жоспарланған.
Былтырғы додада «Астана» велокомандасының өкілдері жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуанта алмады. 2020 жылғы дүбірлі доданың алтыншы кезеңінде топ жарған Алексей Луценко былтыр бірде-бір кезеңде үздік шыға алмады. Тек үш кезеңде ғана ТОП-10 велошабандоздың қатарынан көрініп, жалпы есепте тоғызыншы орынға табан тіреді. Командалық сайыста «Астана» 22 велоклубтың ішінде 10-сатыға жайғасты. Ал бас жүлдені Нидерландтың «Jumbo-Visma» командасының намысын қорғайтын 25 жастағы даниялық велошабандоз Йонас Вингегор олжалады.
Сондай-ақ «VeloLIVE» басылымы 5-12 наурыз аралығында Франция тас жолдарында ұйымдастырылатын дәстүрлі Париж – Ницца көпкүндігіне қатысатын командалардың тізімін жариялады. Сегіз кезеңнен тұратын бұл жарысқа да әлемнің 22 велоклубы қатысады. Атап айтқанда, «Astana Qazaqstan Team», «AG2R Citroën Team», «Groupama-FDJ», «Team Arkea-Samsic», «Team Cofidis» (Франция), «Alpecin Deceuninck», «Intermarché-Circus-Wanty», «Soudal Quick-Step» (Бельгия), «EF Education-Easypost», «Trek-Segafredo» (АҚШ), «Jumbo-Visma», «Team DSM» (Нидерланд), «Bora-Hansgrohe» (Германия), «Ineos Grenadiers» (Ұлыбритания), «Movistar Team» (Испания), «Team Bahrain Victorious» (Бахрейн), «Team Jayco AlUla» (Аустралия), «UAE Team Emirates» (БАӘ) және арнайы шақырту алған «Lotto Dstny» (Бельгия), «TotalEnergie» (Франция), «Israel-Premier Tech» (Израиль), «Uno-X Pro Cycling Team» (Норвегия) командалары бар.
Айта кетейік, велоспорттың 2023 жылғы маусымы 17-22 қаңтар аралығында Аустралиядағы «Даун Андер» велокөпкүндігімен басталып, 17 қазанда Қытайдағы «Гуанси турымен» өз мәресіне жетеді. Ал жылдың ең ірі Гранд-туры саналатын «Джиро д’Италия» жарысы мамырда, «Испания Вуэльтасы» қыркүйекте өтеді деп белгіленген.