• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 12 Қаңтар, 2023

Төрт биеден басталған бизнес

386 рет
көрсетілді

Кәсібінен нәсібін тауып жүрген шаруалар ауылды жерлерде жеткілікті. Меркі ауданындағы Ойтал ауылының азаматы Мақсат Әлімсейітов тірліктің көзін тауып, төрт бірдей отбасыны жұмыспен қамтып отыр. Оның айтуынша, қызметкерлері 270-300 мың теңгенің көлемінде жалақы алады. Ауыл тұрғындары үшін бұдан артық қандай жалақы керек?!

Мақсаттың бар мақсаты – ұлттық сусынмыз саналатын қымызды брендке айналдыру. Бүгінде ол қымызды заманауи технологиямен өндіру жұмыстарын қолға алған. Қысқасы, пластик ыдысқа құйылған қымыз ұзақ уақыт бойы сақталады. Осыны ескерген ол қымыз өндірісін модернизациялап, сусынды бір литрлік пластик ыдысқа толтыру үшін арнайы цех ашқан.

«Әуелде төрт бас сауын бие алып, желіге байлаған болатынмын. Тағат таппай еңбектенудің нәтижесінде өңір тұрғындарын экологиялық тұрғыдан таза әрі ұлттық сусынымызбен қамтудың жолын таптық. Қасымдағы азаматтардың қолдауының арқасында бие санын он екіге жеткізген едік. Осылайша, өнім көлемін ұлғайттық. Тиісінше табысымыз да арта түсті.

Әлбетте, бастаған істі соңына дейін жеткізу қажет екенін сезінеміз. Сол үшін де ауылымыздағы Жауғаш батыр көшесінде орналасқан жер телімімізге қоражай салдық. Басқа да жұмыстарды атқардық. Ала таңнан мал жайғаудың, тәулігіне әлденеше рет бие сауудың машақатын дәл осы іспен айналысып жүрген азаматтар бес саусағындай жақсы біледі. Біз бейнеттің зейнетін көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Әр адам өз ісіне мұқият болса, табысты болатынына ешқандай күмәніміз жоқ», деді Мақсат Әлімсейітов.

Бал қымызын өңір көлемінде ғана емес, алматылық­тарға да өтке­ріп жүрген Мақсат Әлімсейітов ұлттық сусын­ның сыртындағы жап­сыр­маға үлкен ұлы Ақнұр­дың есімін жазып, «Aqnur» деген атау қойып үлгеріпті. Мұны­сын ол бизнесінің дамуына бар ынта­сы­мен көмек­тесіп жүрген үлкен ұлына деген құрметі деп есептейді.

Бір қуантатыны, ұлттық сусын арқылы табыс тауып отырған азаматтың тауары Алматы қаласындағы дүкендерде де сатылымға шыққаны. Алдағы уақытта өзге қалаларға да жөнелтілуі ықтимал. Жұмысын жаңадан бастаған Мақсат болашақта өнімінің ел бо­йынша өткізілетініне сенеді.

М.Әлімсейітовтің айтуынша, бие санын 150-ге жеткізу арқылы жаз мезгілінде тәулігіне – 400, қыс кезінде 300 литр қымызды нарыққа шығаруға ниетті. Әрине, мұның бәрі аз ғана жылдың ішінде атқарылған жұмыстың нәтижесі екені даусыз. Осылайша, 4 биемен бастаған кәсібінің өрісі жыл өткен сайын кеңейіп келеді.

«Мал шаруашылығын дамытып, ұлттық сусынымызды брендке айналдыру жолында аянып қалмаймын. Осылайша, елдің өркендеуіне тамшыдай болсын үлес қоссам деймін. Ең бастысы, табиғи өнім арқылы жұрттың алғысын алғым келеді», деді ол өз ойымен бөлісіп.

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы