• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қаңтар, 2023

Батақтың Сарысы

738 рет
көрсетілді

XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақ ақындары мен әнші-композиторларының бір өкілі – Сары Батақұлы. Ел аузында Батақтың Сарысы деп аталып кеткен ол – ақын, әнші-композитор ғана емес, батыр, күрескер тұлға.

Атақты Ахмет Жұбановтың жазып қал­дырған дерегіне қарағанда, Сары Батақұлы шамамен айтқанда 1863 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Талды­құм деген жерде туған. Кіші жүз Шек­ті­нің ішіндегі Тілеу атасынан тарайды. Ол Сібірге айдалып бара жатқанда 1894-1895 жылдар шамасында Жаманқаланың (Орск) маңында орыс жасауылдарының қолынан қаза табады. Тарқата айтсақ, ақын жалалы болып айдалып бара жатқанда жолда қалжырап, ауру меңдеп жүре алмай қалады. Жендеттер оның бұл халі­не қарамай, «қашайын дегенде атып тас­тадық» деп қағаз толтырып, ақынды сот­сыз оққа байлай салады. Осылайша, Сары­ның бұл тіршіліктегі тұз-дәмі небәрі отыз­дың о жақ, бұ жағында таусылады.

Сары Батақұлының шығармалары өзінің өмірінен барынша мағлұмат береді. Оның өлеңдерінен рухтың лебі еседі, өжет­тіктің, өрліктің үні естіледі. Ұлы дала­ның басы ноқтаға сыймаған еркін, батыр ұлының жауы да аз болмаған. Үлкен күш иесі әрі «от ауызды, орақ тілді» ақын, көмейінен шыққан өлеңін еліне өз әнімен жеткізер сан қырлы жігіттің басындағы бағын қызғанар қызылкөз пенделер алыс­тан емес, өз төңірегінен оңай табылады. Қызғаныштың қызыл иті ішін тырналап азаптанған пенделер бұл дертіне себепкерді сүріндіруге, мүмкіндік болса, тіпті көзін құртуға даяр жүреді емес пе?

«Баласы мен Батақтың атым – Сары» деген өлеңінде (Сары бұл өлеңін әнге қо­сып айтқан):

«Басында Бақсыкөлдің Есенаман

Таяқтан өліп кетті сәліңгірдей.

Ағаның кегін қуып жоқтаймын деп,

Жаланың жапты Шолан бәрін бірдей», дейді ақын. Сарының өзі айтып тұрғандай, қатар отырған шағын, аталас екі ру – екі ауыл арасында дау шығып, содан арада төбелес болып кісі өледі. Бұл өлімге бұрыннан Сарыға тісін қайрап жүргендер ақынды кінәлі санап, жоғарыға арыз жөнелтеді. Ал өзінің жазықсыз екеніне сенімді Сары ауылында еркін жүре береді. Сөйтіп жүргенде орыс жасауылдары келіп ұстап, Ырғыздың (Жармола) түрмесіне қамайды. Міне, осылайша, ақынның қуғын-сүргіндегі өмірі басталады. Төмендегі өлеңді осы Ырғыз түрмесінде шығарып, оны әнге қосып айтқан.

«...Жатырмыз Жармоланың

қаласында,

Сәлем айт біздің қазақ баласына.

Ақырын, Алла өзің жеткермесең,

Қалдық қой кісі өлімінің жазасына»,

деген ақын түрмедегі көрген қиын­шы­лығы­нан гөрі жазықсыз қамалғанына күйі­ніп, Алладан медет тілейді.

Жармола түрмесінен ебін тауып қа­шып шыққан Сары Бесқаланы (Қоңырат, Шымбай, Төрткөл, Үргеніш, Хорезм) бетке алады. Жолға шығарда ақын өзінің жүрек қалауы, бірақ өзгеге айттырып қойған Қосан аруға жолығып аттанады. Осы тұсты ақын былай деп жырлаған:

«Беріпті Қосан бізге мақпал қолғап,

Мен кеттім Бесқалаға басым қорғап.

Қыз Қосан мен келгенше үйден шықпа,

Төртқара алып кетпейд сені зорлап», деп сүйгенімен қимай қоштасады.

Елінен еріксіз ауған ақынға серік болып тек астындағы сәйгүлігі ғана қа­лады. Эпостық жырлардағы батырлардай тұлпарына сенім артқан Сары былай толғайды:

«Тарлан ат, бас-аяғың ұрынбай-ақ,

Салбырар төбе шашың тұлымдай-ақ.

Жем беріп сауырыңды тұрсам сипап,

Албарда тұрушы едің құлындай-ақ.

Мінуге сен тұлпарды әркім құмар,

Байлардың әлпештеген ұлындай-ақ,

Әрі атым, әрі досым менің Тарлан,

Қайтейін өлең қылмай,

сөзімді аяп...»,

дейді. Тарланымен Бесқала асып, ол жақ­та екі-үш жылдай жүріп, дау ескірді, ауыл-аймақ арасы татуласты дегенді естіп еліне сеніп келген ақынға тыныш өмір бұйыра қоймайды. Басында ағайындық көрсеткендей болған Мырзағұл мен Шолан оған патшаның әйелі ұл туыпты, соған орай рақымшылық жарияланыпты, сені кешіреді деп Орынборға барып, генерал-губернатордан кешірім сұрауға жібереді. Аңғал ақын Орынборға барғанда ұсталады, бірақ одан да біраз өткен соң қашып шығады да еліне келіп, содан Табын жұртына асады. Алайда соңынан аңдыған жау тағы да ұстап алады да, енді қашпастай етіп, аяқ-қолына кісен салып, айдап әкетеді. Одан арғы тағдырын жоғарыда айттық.

«...Күз болса, құс қайтады жайлауына,

Дұшпанның біздер түстік байлауына.

Артымда іздейтұғын кісі жоқ боп,

Сібірдің кеттім қапы айдауында.

Ішінде көп тұтқынның Сары жүред,

Талай жыл жаяулықпен дәурен сүред.

Біз шықтық алды тұман алыс жолға,

Қайдан дәм бұйырарын Құдай білед», деп алдағы тағдырына күмәнмен қараған, сүйгеніне қосыла алмай торыққан, елінің басына төнген қасірет бұлтын жүрегімен сезінген ақын, әнші, композитор осылайша жан жарасына өлеңін дәру етіп, бұйығы сырын ішіне бүгіп кете барады...

«Басы еді Ұлықұмның Қарашолақ,

Аяғы көрінеді Қаратамақ.

Суаттан мың жылқы ішкен айдын

көлдей,

Ортада отырушы еді Тілеу-Қабақ.

Қасқажол, Қаратамақ, Қозыбұлақ,

Алдымда Қожасайы жатыр сұлап.

Басына Есеншағыл шауып шықсаң,

Көрінер елес-елес Қоянқұлақ»,

дейді қайран ақын «Тілеу-Қабақ» деген өлең-әнінде. Сөз саптауын қараңызшы, төгіліп тұр.

Сарының өлеңдерінен бөлек, «Қыз Қосан», «Тілеу-Қабақ», «Дариға», «Әри­дау», «Дүние», «Сарының Сібірге айдалып бара жатқандағы әні», «Туған ел» секілді адамның жан дүниесін толқытып, қиялын шарықтатар әндері бар. Бұл туындылары тұрғанда Сары ақынның өр рухы елімен бірге жасай бермек.