Қарағанды қаласында көпқабатты үйдегі жарылыс үш адамның өмірін жалмап кетті. Бір адам орташа ауыр халде ауруханада жатыр. Қаңтардың 10-ында апақ-сапақта – кешкі тоғыз жарым шамасында жарылыс болып, 16 қабатты үйдің тұрғындары жедел эвакуацияланды.
Бұл үйде 127 пәтер бар. Жарылыс 8-қабаттағы пәтерде болған. Жарық жүйесінен ағытылған үй тұрғындары дереу қонақ үйлер мен жатақханаларға орналастырылған. Жарылыстың себебі алғашқы болжам бойынша газ деп хабарланған еді. Алайда соңыра оқиға орнын зерттеу барысында газ құрылғысы табылмаған. Қазір жарылыстың нақты себебі анықталып жатыр.
Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 10 қаңтарда сағат 21.29-да Республика даңғылы, 18/2 мекенжайдағы 16 қабатты 127 пәтерлі тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
«8-қабаттағы пәтерде жалпы ауданы 30 шаршы метрді алған өрт болды. Жанып жатқан пәтерден 1979 жылы туған ер адам құлап кеткен. Ол ауруханаға жатқызылды. Барлау барысында үш адамның денесі табылды. Болжам бойынша екеуі – ер, біреуі – әйел адам. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен 48 адам құтқарылды. Оның ішінде 9 бала бар. 82 адам эвакуацияланды, оның 21-і бала. Сағат 22.55-те өрт сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖМ бөлімшелерінен 88 адам мен 23 техника жұмылдырылды.
Оқиға орнынан газ құрылғылары табылған жоқ. Ешқандай қирау мен құрылымдық бұзылу жоқ. Жылумен жабдықтау жүйелері бұзылмаған. Өрттің себебі анықталуда», деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті. Эвакуацияланған тұрғындар туыстарына, қонақ үйлеріне орналастырылды. Оқиға орнында психологтар жұмыс істеп жатыр.
«Барлық 126 пәтердің тұрғыны эвакуацияланды. Жергілікті жерде жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Қазір үйде электр қуаты жоқ. Бірақ жылу бар. Жақын арада үй тексеріліп, тұрғындарды қайтару жөнінде шешім қабылдаймыз. Пәтерлеріне оралғысы келетіндер қайтып келеді. Төменгі жеті пәтер ғана зардап шекті. Жоғарғы, төменгі пәтерлерді өрт шарпыған жоқ», деді Қарағанды әкімі міндетін атқарушы Мейрам Кожухов.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға түскен науқастың жағдайы орташа ауыр.
«Науқас есін жоғалтқан жоқ, реанимацияда жатыр. Дәрігерлер тарапынан барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Науқастың кеуде қуысы, жіліншік сүйектері сынған», деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының полиция департаменті өрт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Кінәлі анықталса, оған екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе ол екі жылға бас бостандығынан айырылады.
«Көпқабатты үйде болған өрт дерегі бойынша, полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 204-бабы 2-тармағы «Отпен немесе қауіптілігі жоғары өзге де көздермен жұмыс істеу арқылы жасалған ауыр зардаптарға әкелген бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру» бойынша қылмыстық істі тіркеді. Бұл баптың санкциясына сәйкес екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қарағанды