«Павлодар облысының мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, бюджеттік және мемлекеттік сала қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына» қатысты түрлі алыпқашпа әңгіме соңғы уақытта жиі қозғалып жүр. Ұйым 2019 жылы алғаш пайда болғанда кәсіподақ мүшелерін «жеңіл жолмен» жинап алған дейді бұрынғы әріптестері. Қазіргі күні құрамында 5 мың мүшесі бар бірлестіктің төрағасына «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-ның облыстық филиалын заңсыз түрде жойды, ондағы қаржы-шаруашылық құжаттарының көзін қасақана құртты деген кінә тағылып отыр.
Салалық филиал неге жойылды?
Жергілікті кәсіподақ 2019 жылдың 29 қазанында өңірлік Әділет департаментінде тіркеуден өтіп, оны сол уақытта «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысындағы төрағасы Алмагүл Қозбаева өз басқаруына алған. Мемлекеттік тіркеу туралы анықтамада А.Қозбаевадан бөлек, А.Букаева, М.Бельгибаев, Б.Жуматаева, Ш.Каримова, К.Исаханова, Е.Сорокина, Ж.Сагимбаева, К.Бейсембаева, Э.Абетжанова құрылтайшылар деп көрсетілген. Былай қарасаң, заңды тіркеуден өткен, жарғымен жұмыс істейтін қалыпты ұйым. Дей тұрғанмен, бірлестік өзінің алғашқы қадамдарында біраз заңсыздыққа барды деп санайды әріптестері.
Қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының қазіргі төрағасы Еркеғали Жанғазының айтуынша, ұйым құрылғанда «үй ішінен үй тігу» қағидасын ұстанған.
Мәселе былай, А.Қозбаева 2016 жылдан 2019 жылдың соңына дейін кәсіптік одағының өңірдегі бөлімшесінің тізгінін ұстап келген. Оның кандидатурасын сол кезде облыс басшылығы мен мәдениет басқармасының жетекшілері ұсынып, сайлатып жіберген көрінеді. Бұл мансапқа дейін ол облыстық ішкі саясат басқармасында жауапты қызмет атқарған. 2019 жылдың қазан айында ол екінші кәсіподақ ұйымы – «Павлодар облысының мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, бюджеттік және мемлекеттік сала қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігін құрып, салалық кәсіподаққа мүше болып отырған 5 мың адамды бір демде өз ұйымына аударып алады. «Ал салалық кәсіподақты өз қолымен ыдыратып, түгелдей жояды», дейді Е.Жанғазы.
Сөйтіп, барлық үдерісті іске асырып болған соң, 2020 жылдың қаңтар айында салалық кәсіптік одақтың орталық кеңсесіне аймақтағы бөлімше жұмысын тоқтатқаны, оның құрамында бірде-бір мүше қалмағаны туралы хабарлама түсіреді.
– Салалық кәсіподақтың филиалын жою туралы шешімді сол филиалдағы атқарушы комитет мүшелері қабылдайды. Бұл шешім сол уақытта салалық кәсіподақтың орталық кеңсесіндегілерге төбеден жай түскендей әсер еткені даусыз. Себебі қоғамдық бірлестіктің жарғысындағы 5.2-тармағында құрылымдық бөлімшелерді жою туралы шешім кәсіподақтың съезінде ғана қабылданады делінген. А.Қозбаева ол талапты белшесінен басып қана қоймай, бір демде барлық 5 мың мүшені өзінің жергілікті кәсіподақ ұйымына көшіре салған. Мәдениет және спорт мекемелерінің көбі ауылдық жерлерде орналасқан ғой. Көңілдерінде еш күдік жоқ, бұрынғы кәсіподақ төрағасының аты-жөні тұрған соң мәселенің байыбына бармай жаңа ұйымға өтіп кете берген. Білуімізше, жергілікті кәсіподаққа облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, сол кездегі мәдениет және спорт басқармаларының басшылары қолдау жасаған. Кейін бұл мәселе бойынша дау туындап, салалық кәсіподақтың республикалық ұйымынан жауапты адамдар келгенде Алмагүл Қозбаева оларды кеңсесінің табалдырығынан аттатпай қуып шығады, – дейді Е.Жанғазы.
Бір қызығы, салалық кәсіподақ 5 мың мүшесін жергілікті ұйым тартып әкеткеніне қарамастан қайтадан аяққа тұрмаққа әрекеттеніп, республикадан біраз адам келіп филиалды сол жылы қайтадан құра бастайды. Төрағалыққа ішкі істер органының ардагері Нұргүл Қайырденованы шақырып, саладағы шаруаны реттеп беруді өтінеді.
– 2020 жылы ақпанда филиал қайта ашылып, төрағалыққа шақырғанда мен мұндағы жағдайға қайран қалдым. Әуелі байқағаным, салалық кәсіподақ бөлімшесінің соңғы үш жылдағы қаржы-шаруашылық құжаттары түп-түгел жойып жіберілген, түк таппадық. Есепшотта бір теңге де қаражат қалмаған. Бірлестіктің республикалық өкілдері Алматыдан тәуелсіз аудиторлық компанияны шақыртып, 2017 жылдың сәуір айынан 2020 жылдың қаңтарына дейінгі аралыққа қаржы-шаруашылық мәселелері бойынша тексеріс жасатты. Менің мақсатым – филиалды қайтадан аяққа тұрғызу еді. Ауыл-аудандардың барлығын асықпай аралап, сала қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырдым. Барлығын асықпай түсіндіріп, кезінде білместікпен өзге ұйымға өтіп кеткендерін айттым. Қаншама еңбек жасалып, тер төгілді. Сол тердің өтеуі болар, менің сөзіме тоқтаған 17 еңбек ұйымы біздің кәсіподаққа қайтып оралды. Мәселен, Баянауылдағы аудандық мәдениет үйінің ұжымы түгелдей мүше болды. Сөйтіп, мыңға жуық адамды өз қанатымызға жинап, филиалды сақтап қалдық. Одан соң кәсіпорындар мен мекемелердегі қызметкерлердің жылдар бойы қордаланып қалған мәселелеріне зер салдым. Олардың мұң-мұқтажын ешкім тыңдамаған, мәселелерін жоғары жаққа жеткізбеген. Жұрт кәсіподаққа сенуден қалған ғой. Ауқымды шаруалар арқылы біз салалық кәсіподақтың еңбек ұйымдары үшін аса қажет екенін іс жүзінде дәлелдедік, – дейді филиалды жылға жуық басқарған Нұргүл Әментайқызы.
Аудиторық тексеріс нені көрсетті?
Қолымызға «Abzal Audit» тәуелсіз аудиторлық компаниясының павлодарлық салалық кәсіподақтың 2017-2020 жылдардағы қаржы-шаруашылық құжаттарына жүргізген аудиттік тексерісінің акті түсті. Оған үңілгенімізде көптеген кемшілікті көзіміз шалды. 3 жыл ішінде кәсіподақ басшысы мен заңгері ұйым кассасынан көлемді мөлшерде ақша алып отырған. Алайда оларды растайтын құжаттары болмай шыққан.
2020 жылдың 28 шілдесінде жасалған тексеру қорытындысында: «01.04.2017 жылдан 20.01.2020 жылға дейінгі кезеңде төраға А.Қозбаеваның Салалық кәсіподақтың Павлодар облыстық филиалы алдындағы борышы 6 373 774, 34 теңгені құрайды. Осы кезеңде заңгер М.Бельгибаевтың кәсіподақ алдындағы қарызы 101 855 теңге болған. 2020 жылдың 20 қаңтарына дейін павлодарлық филиалдың өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары алдындағы қарызы 2 165 436 теңгені құрады», деп жазылады.
Облыстық филиалдың қызметкерлері 2017 жылы еңбек демалысына шыққанда бір айлық жалақысының екі еселенген мөлшерінде материалдық көмек көрсетілген. Мәселен, филиал төрағасына – 521 947, бухгалтер А.Букаеваға – 282 253, қызметкер К.Рибергке 349 999 теңге төленген. Алайда олар бойынша кәсіподақтағы атқару комитетінің немесе кеңестің шешімдері жоқ болып шығады.
2018 жылы кәсіподақ филиалы атқару комитеті мен кеңестің шешімінсіз кәсіподақтың бірқатар мүшесіне санаторийге жолдама беру үшін жалпы сомасы 719 000 теңге бөлген. Бұл тізімде 5 адамның аты-жөні көрсетілгенімен, сол кездегі Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Г.Нұрахметованың еншісіне бақандай 572 000 теңге қаражат тигенін көреміз. Музей директоры бұл ақшаға «Мойылды» және «Көктем» санаторийлеріне барып, демалып қайтқан. Кәсіподақ төрағасының Г.Нұрахметоваға ықыласы не себепті ерекше ауғаны беймәлім. Алайда музей басшысының аталған санаторийлерде болған-болмағаны құжат жүзінде дәлелденбеген, сондықтан ол қаражат кәсіподақ кассасына қайтарылуы керек делінеді актіде.
Ал 2019 жылы филиал тағы сол тиісті шешімсіз 10 адамға 269 652 теңге бөлгені айтылады. Мұнда да әр қызметкерге түрлі сомада көмек көрсетілген.
Атап өтерлігі, кәсіподақтың жарғысына кереғар келетін бұл қаржылық шығындар, яғни құжат немесе шешім тұрғысынан расталмаған төлемдер тек банктерден алынған анықтамалар мен көшірмелер негізінде тексеріліпті. Филиалдағы соңғы үш жылдың бухгалтерлік қағаздары жойылып кетуі себепті тексерісті толыққанды жүргізу мүмкін болмаған.
Кәсіподақ басшысының айтары бар
Мәселенің ізімен екінші тарапты да сөйлетуге тырыстық. А.Қозбаевамен телефон арқылы тілдесіп, даулы жайтқа қатысты айтар уәжіне құлақ түрдік.
– Мені көбі жергілікті кәсіподақты заңсыз құрды деп айыптайды. Заңда мұндай ұйым құруға рұқсат беретінін айтқым келеді. Жергілікті ұйым тек бізде емес, Алматыда, Шығыс Қазақстанда, Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бар. Біле білсеңіз, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы С.Иманқұлова бұл салаға монополия жасап алған. Әрі жергілікті еңбек ұйымдарынан жиналатын жарнаның 10 пайызы бұған дейін республикалық кеңсеге төленіп келді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, салалық кәсіподаққа мүше мекемелер мен кәсіпорындарға жарнаның 60 пайызы ғана қайтады. Қалған 40 пайыздың 30 пайызын жергілікті филиал иеленеді. Ал негізгі жұмысты жүргізетін өңірлердегі филиалдар емес пе? Бұрын С.Иманқұловаға бір біздің филиал жыл сайын 4 млн теңгедей аударатын. Филиалға адамдар көмек сұрап жиі келетін, ал біздің қолымызда ақша жоқ. Ойлана келе, республикаға кететін қаражат өзіміздің өңірде қалып, қарапайым еңбеккерлердің игілігіне жұмсалуы керек деген шешімге келдік. Сөйтіп, осы ұйымды құрдық. Біздің жергілікті ұйымға мүше еңбек ұжымдарына жарнаның 64 пайызы қайтарып беріледі. Оның үстіне біз кәсіподақ мүшелері тәрбиелеп отырған мүгедек балаларға 18 жасқа толғанша ай сайын 20 мың теңгеден жәрдемақы төлейміз. Бүгінде мұндай көмекті шамамен 22-24 бала алып отыр. Пандемия кезінде өкпесі зақымданған азаматтарға 20-50 мың теңгеден материалдық көмек көрсетілді. 2020 жылы – 48, 2021 жылы 54 азамат біздің көмегімізге ие болды, – дейді ол.
Алмагүл Зейноллақызы, бұған қоса, кәсіптік одағы «Еңбек даңқы» төс белгісін жасату үшін 10 мың теңгеден ақша алып келгенін, шын мәнінде, Шығыс Қазақстандағы «Монетный двор» компаниясында оны жасату небәрі 6 мың теңге тұратынын айтады. Осындай негізсіз шығындар павлодарлық филиалды әбден зәрезап қылған сыңайлы. Тіпті қоғамдық бірлестіктің төрағасы Павлодарға келгенде оның жолсапар шығынын да филиал көтеріп отырғанын айтады.
2016 жылға дейін павлодарлық салалық кәсіподақ төрағасы болып тұрған В.Истомина да филиалға аз шығын алып келмеген тәрізді. А.Қозбаева алғаш жетекші болып тағайындалғанда өзі жасатқан аудиторлық есепте 1,7 млн теңгенің жетіспейтіні анықталды дейді. Бұған қоса, ол 5 мың адамды салалық кәсіподақтан тартып алды деген қауесет шындыққа жанаспайды, әр ұжыммен жеке сөйлесіп, көндірдік дейді. Қазіргі күні жергілікті кәсіподақ өңірдегі еңбек ұйымдарымен ұжымдық шарт негізінде жұмыс істейтінін де атап өтті. Бұған дейін бірлестік «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-ға хабарласып: «Аймақтардың сіздерге беретін жарна пайызын төмендетіңіздер, біз сіздерге филиал болып тіркелейік» деген ұсыныс айтыпты. Бірақ орталық кеңсе бұл ұсыныстан бас тартты», дейді Алмагүл Зейноллақызы.
Заң не дейді?
«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Иманқұлова әу бастан-ақ А.Қозбаеваның әрекеті заң шеңберіне сыймағанын айтады.
– Павлодарлық филиал сонау 90-жылдардан бергі жұмыс істеп тұрған, мықты кәсіподақтардың бірі еді. Алмагүл Қозбаева оны үш жыл ішінде тоз-тозын шығарып, жойып жіберді. Ұйымның жарғысында кез келген филиалдың қайта құрылуы немесе жабылуы туралы шешімді кеңес қана қабылдайды деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл талапты ол өрескел бұзды. 2020 жылы Астанадан өз ұйымымыз комиссия құрып, Павлодарға барғанда Алмагүл Зейноллақызы бізді филиалдың кеңсесіне кіргізбеді. Бөлмені өзінің бірлестігіне тіркеп алғанын айтып, долданып, есік көзінен әрі өткізбеді. Бұл жағдай арқамызға аяздай батып, жергілікті басшыларға кіріп, мәселемен шұғылдануды өтініп едік. Сол тұста облыс әкімінің орынбасары болған, қазіргі Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жергілікті кәсіподақтың әрекетін қолдап, қорғаштады. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Қапеновке қанша мәрте хабарлассақ та, барлық өтінішімізді аяқасты етті. Осының барлығы сайып келгенде олардың заңсыздықпен әрекет еткен Алмагүл ханымды қолдайтынын байқатса керек. Кейін аудиттік тексеріс барлық былықты әшкереледі, – дейді Светлана Кеңесқызы.
Ал Еркеғали Жанғазының сөзіне сүйенсек, кез келген кәсіподақ белгілі бір салаға арналғандықтан жергілікті филиалдардың сол ұйымдар бағынатын министрліктермен әлеуметтік серіктестік туралы шарттары болуы керек. Еңбек даулары бола қалған жағдайда еңбеккерлердің мүддесі мен құқығы соған сүйеніп шешіледі. Ал Павлодар облысының жергілікті кәсіподағында мұндай құжат мүлде жоқ көрінеді. Екіншіден, «Кәсіптік одақтар туралы» Заңында жергілікті кәсіподақтар республикалық ұйымдарға мүше бола алады деп көрсетілген. Бірлестік бұл талап үдесінен де шыға алмайды дейді ол.
«Кәсіподақтар туралы» Заңның 14-бабында: «Жергілікті кәсіподақтың салалық кәсіподақтың және (немесе) аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жарғысын сақтау шарттарымен мүшелік ұйым ретінде олардың құрамына кіруге құқығы бар» деп жазылған. Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Д.Айтжанованың сөзінше, заңның бұл тармағы жергілікті кәсіподақтың өзге бірлестіктерге кіру-кірмеу құқығын өз таңдауына қалдырады. Ал жергілікті кәсіподақтардың жұмысын бағалау ешбір бірлестіктің құзыретіне кірмейді.
Заңда жазылғандай, кәсіподақ бірлестіктерін құзырлы органдар тексере алмайды. Оларды тек ұйымның съезінде сайланған тексеру комиссиялары тексеруі мүмкін. Мұндай комиссияға кәсіподақ мүшелері және тәуелсіз аудиторлық ұйымдардың өкілдері мүше бола алады. Соған қарағанда, бір Павлодарда ғана емес, өзге де аймақтардағы кәсіподақ ұйымдарында жоғарыдағыдай өрескел әрекеттер, қаржылық кемшіліктер орын алып жатуы ғажап емес. Есептілік болмаған соң олардың ақ-қарасын ажырату мүмкін емес. Бүгінде елдегі барлық кәсіподақ ұйымының қаржысы бақылаусыз күй кешуде.
Павлодар облысы