• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Қаңтар, 2023

Әлеуметтік жүйенің әлеуеті

427 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өт­кізді, онда ведомствоның 2022 жылғы жұмысының қоры­тын­дылары және алдағы кезеңге арналған міндеттері қаралды.

ЕХӘҚМ басшысы Тамара Дүйсенова мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді орындауы, жаңа жұмыс орындарын құру және азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру, кәсіпорындардағы еңбек дауларын шешу, «Отбасының цифрлық картасын» енгізу және т. б. туралы баяндама жасады.

Премьер-министр өз сөзінде Үкімет әлеуметтік саланы нығайту бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, зейнетақылар мен жәрдемақылар уақтылы төленіп, әлеуметтік міндеттемелер орындалуда. Еңбекке қабілетті халықтың табысын арттыру, аз қамтылған азаматтарды атаулы көмекпен қамту, жұмысқа тұрғызу бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Сонымен қатар жаңа цифрлық құралдар мен қызметтер жоспарлы түрде енгізіліп жатыр.

Әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы кешенді жетілдіру үшін Әлеуметтік кодекстің жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізілді.

«Бұл – қазақстандықтардың базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейтін және олардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін өте маңызды құжат», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті ведомстволармен бірлесіп, мемлекеттік қолдауды «Отбасының цифрлық картасы» арқылы проактивті форматқа кезең-кезеңімен ауыстыруды жалғастыруы қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Премьер-министр барлық мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерін жаңа платформамен инте­гра­циялап, мәліметтер базасын­дағы деректерді өзектендіру жұмыс­тарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«Отбасының цифрлық кар­тасының» талдау нәтижелерін жергілікті жерлерде жедел әрекет ету және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін арттыру үшін пайдалануымыз керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы халықты, әсіресе жастарды жұмыспен қамтып, олардың табысын арттыру бойынша нақты міндеттерді белгіледі. Мәселен, 2023 жылы жастар арасынан кемінде 100 мың адамды жұмысқа орналастырып, жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен кредит беру қажет.

«Қаражат бөлініп, ережелер қабылданды, осы тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Нақты индикаторлар мемлекеттік органдардың даму жоспарларында және өңірлік жұмыспен қамту карталарында көрсетілуге тиіс. Бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудару қажет», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-министр жұмыспен қамту орталықтарын трансформация­лау бойынша пилоттық жобаны қолдады. Алайда Үкімет бас­шысының айтуынша, құрылымды жаңартумен қатар, мотивация беретін «нәтиже үшін» еңбекақы төлеу форматына көшу қажет: жұмысқа орналасқан азамат­тар неғұрлым көп болса, жұмыс­пен қамту орталықтары қызмет­кер­лерінің жалақысы соғұрлым жоғары болмақ.

Оған қоса, Ә.Смайылов шетел­де жұмыс істейтін қазақ­стандықтардың құқықтарын қор­ғауға, «бір терезе» қағидаты бойынша қандастарды қабыл­дау үдерісін жетілдіруге, қызмет­керлерді кәсіби сертификаттау жүйесін енгізуге, сондай-ақ мүге­дектігі бар адамдар мен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғауға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Әлемдік тәжірибеде жазатайым оқиғалардан сақтандыру өтемақы беруден басқа, профи­лактикалық және оңалту функцияларын да қарастырады. Жұмыспен қамтылғандарды әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне тарту бойынша қаржы институттарының жұмысы мардымсыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен және қаржы инс­титут­тарымен бірлесіп, нақты ұсы­ныстар әзірлеуі қажет», деді Пре­мьер-министр.

Министрліктердің, әкім­діктердің басшылары, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, салалық федерациялар мен ұйымдардың өкілдері қатысқан алқа мәжілісінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, арнайы әлеу­меттік қызметтер көрсету, өнер­кә­сіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік бағдарламаларды іске асыру және басқа да мәселелер талқыланды.

«Еңбек министрлігі 2022 жы­лы 4 млн-нан астам азаматқа 4,4 трлн теңге зейнетақы мен жәр­демақы тағайындап, оны уақ­тылы төледі. Осылайша, еліміз­дің әрбір бесінші тұрғынына мем­лекеттік қолдау көрсетілді», деді Т.Дүйсенова.

Бұдан басқа, 10 ұлттық жобаны, Мемлекет басшысының 10 мың адамға шаққанда 100 жұмыс орнын құру туралы тапсырмасын және жұмыспен қамтуға жәрдем­десудің басқа да жобаларын іске асыру шеңберінде азамат­тар­ды жұмыспен қамтуды кеңейту жө­ніндегі жұмыс жандандырылды.

«Біріншіден, бұл 981 мыңнан астам азаматты жұмысқа орна­лас­тыруға мүмкіндік берді, олардың 80%-ы жұмысқа орналасқанын міндетті зейнетақы жарналары аударымдарымен растады. Екіншіден, экономикада 427,4 мың жаңа жұмыс орнын құру, олардың 70%-дан астамын жаңадан тір­келген жеке кәсіпкерлер мен заң­ды тұлғалар құрайды, олардың тір­­келуі мен жұмыс істеуін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс­тер комитеті растайды», деді ол.

Сондай-ақ Отбасының цифр­лық картасын пилоттық іске асыру қорытындылары туралы: «Цифрландыру министрлігімен және өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, өткен жылдың 1 қыр­күйе­гінен бастап қанатқақты режім­де іске қосылған Отбасының цифрлық картасын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілді. Осы кезеңде азаматтардың әлеуметтік төлемдердің қандай да бір түрін алуға құқылы екендігі туралы 58 мың SMS-хабарлама жіберілді. Нәтижесінде, ақпараттандырылған отбасылардың 22,8%-ы проактивті форматта қызмет алды, ал 36,8%-ы тұрғылықты жері бойынша ХҚО-ға жүгінді», деп атап өтті.

Т.Дүйсенова қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тәуекел тобына енгізілген 256 кәсіпорынның мониторингі ұйымдастырылды. Әлеуметтік әріптестермен бірле­сіп қабылданған шаралар 148 кәсіп­орындағы жағдайды шешуге, 5 млрд теңгеден астам сомаға жала­қы бойынша қарыздарды өтеуге және 2 млн-нан астам жал­дамалы жұмыскерлер үшін жала­қыны 5-тен 50%-ға дейін арт­тыруға мүмкіндік берді. Жалпы, Үкімет мақұлдаған еңбек жанжалдарының алдын алудың бірыңғай алгоритмін іске асыру екінші жартыжылдықта оның санын 5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді», деп атап өтті министр.

Мемлекет басшысының тап­сыр­маларын іске асыру шең­берінде ведомство Көші-қон сая­сатының жаңа Тұжырым­да­масы қабылданды және оны Үкімет бекітті, «Кәсіптік біліктілік туралы» заң әзірленіп, Парламент Мәжілісінің қарауына берілді. Бұдан басқа, Әлеуметтік кодекстің жобасы дайындалып, Мәжіліс қарауына енгізілді.

Т.Дүйсенова ведомствоның әлеуметтік-еңбек саласындағы қабылданатын шаралардың тиім­ділігін арттыруға бағытталған 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының 5 стратегиялық бағыты туралы баяндады.

«Екінші стратегиялық бағыт – атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту. Бұл алдын алу сипа­тындағы атаулы шараларды және туындаған әлеуметтік тәуе­кел­дердің салдарын жою үшін атау­лы көмекті қамтитын болады. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж адам­дардың нысаналы контингенті Отба­сының цифрлық картасы негізінде айқындалады», деді ЕХӘҚМ басшысы.

Министр балалы отбасы­ларды әлеуметтік қолдауға ерек­­ше назар аударылатынына тоқ­талды. Мәселен, 2023 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап бала кү­тімі бойынша төлемдер кезеңі ұлғайтылды, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы ин­вестициялық табысының 50%-ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына аудару көзделген. Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін саралау жоспарлануда.

Аз қамтылған отбасыларға әлеу­меттік қолдауды күшейту мақса­тында 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсе­ту үшін кедейлік шегі медиа­налық табысқа сүйене отырып айқын­далады.

Құрамында мүгедектігі бар адамдар бар отбасылар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданады.