Алматының Наурызбай ауданында «Алан» спорт кешені ашылды. Заманауи жабдықталған секцияларда 500-ден астам бала спортпен шұғылданады.
Кешеннің ашылуына ұйытқы болған Алматы қаласы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Шынар Бүгімбаеваның айтуынша, жоба балалардың саламатты өмір сүруіне бағытталған. Бүгінде мыңнан астам әйелді, олардың қатарында көпбалалы аналарды жұмыспен қамтып отырған «Qaganat» желісінің жетекшісі, төрт баланың анасы Шынар Бүгімбаева соңғы жылдарда қарқынды дамып келе жатқан Наурызбай ауданында салынған спорт кешенінде балалар үшін спортпен айналысуға толыққанды жағдай жасалғандығын атап өтті.
Кешеннің ашылу салтанатына «Қазақстан барысы» турнирінің алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұл мен дзюдодан Азия жүлдегері Елдос Жұмаханов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Нияз Жалғасұлы балалардың алаңсыз спортпен айналысуы үшін мұндай нысандардың аса қажет екенін атап өтті. «Жаңа нысандардың бой көтеруі қалада жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сондықтан белсенді кәсіпкерлерді құптай отырып, әрдайым кеңес беруге дайынбыз», деді Н.Жалғасұлы.
Екі мың шаршы метр аумақты алып жатқан кешенде үш үлкен, үш шағын зал, сонымен бірге балалар тамақтанатын асхана бар.
АЛМАТЫ