• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2014

Жол апатына айыптылар анықталмай, ажалды ауыздықтау мүмкін бе?

491 рет
көрсетілді

Біресе шығыста, біресе батыста, енді бірде оңтүстікте, одан солтүстікте, әйтеуір, көзді ашып-жұмғанша еліміздің кез келген түкпірінде жүрекке инедей қадалатын жол апаты орын алып жатады. Өткенде ғана Алматы облысында, одан Қарағанды облысында бірнеше адамды жалмаған ауыр жол апаттары болды. Жазықсыз жандар жапа шегіп, көз жұмды. Кім біледі, дәл қазір де сондай небір өкінішті жол апаттары орын алып жатқан шығар. Өйткені, орын алмайды деп айтуға да сенім жоқ. Тіпті, олардың бәрін тізе берудің де өзі ауыр екен. Бірақ ауруын жасырған өледі дегендей, шындықты айтпасқа тағы болмайды. Себебі, бейбіт күнде жазықсыз жандардың ғұмырын жалмаған апат тоқтар емес. Неліктен бұлай? Кім бұған кінәлі? Апаттың зардабы айтылмай жатқан жоқ. Жол апатының алдын алу үшін не істеу керек екенін мемлекеттік органдар да жақсы біледі. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас» дегендей, еш өзгеріс жоқ, әрине, өзгеріс бар, ол – жол апаты санының өсуі. Жолда жүру қауіпсіздігі тек жүргізушілерді ғана емес, қалың жұртты ерекше алаңдатып отыр. Бұған Мемлекет басшысы да айрық­ша мән бергені белгілі. Былтырғы жылы Елбасы жол құрылысының сапасы мен жолда жүру қауіпсіздігіне байланысты қатал сын айтқан болатын. Алайда, одан әлі күнге ешқандай қорытынды шықпаған секілді. Бұлай деп айтуымызға көптеген дәлелдер бар. Соның бірі – адам өліміне әкеліп соқтыратын жол-көлік апаттарының жиілеп кетуі дер едік. Оның себебі неде? Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өт­кен жылы жол-көлік оқиғасы күрт өсіп, 65 пайызды құраған. Жол апатына ұшы­­рағандар саны 60 пайызға артып, жа­ра­ланғандар саны 70 пайызға жеткен. Осы­лай­ша, жалғаса берсе, күні ертең-ақ жол-көлік апатынан 100 пайызды көрсететін кезге де жетіп қалатын сияқтымыз. Бұл біле білген адамға мүлде төзбейтін жағдай ғой. Бірақ адамдардың жол апатындағы өлімі жол құрылысының сапасы мен жол жүру ережелерін қадағалайтын мекемелер мен органдарды селт еткізер емес. Тіпті, сол өткен жылы жол апатынан зардап шеккендердің 5 мыңы балалар, 13 мыңы әйелдер десек те, шенеуніктердің мұрты бүлк етпейді. Олар өздерін кінәлі еместей сезінеді. Сонда бұл бейбіт күнде қолдан жасалып жатқан апатқа кім жауап береді? Біз мұны бекерден-бекер айтып отыр­ғанымыз жоқ. Опат болып жатқандар саны тым көп. Әрбір жетінші жол-көлік оқиғасы адам өліміне соқтырады. Үш мыңның үстінде адам опат болды, оның ішінде 273 сәби, 857 ана қайтыс болған. Бұл сандар тек белгілі болғаны ғана. Ал оның артында тіркелмей қалғандары қаншама! Өйткені, 2012 жылдың орта шеніне дейін ЖКО әкімшілік полиция органдары тіркеп, есепке алып келген еді. Бұдан соң Бас прокуратураның тексерісінен кейін ғана ЖКО санын жасыру фактілері ашылып, есепті жүргізу құқықтық статистика органына табыс етілді. Сонда ғана нақты ЖКО көрінісі көлбеңдеп, апатты жағдай алдан тіптен атойлап шыға келді. Алайда, неге екені белгісіз, сонда да болса ЖКО санын жасыру кең етек алып отыр. Мәселен, өткен айда ғана орын алған, яғни 8 бірдей адам опат болған ЖКО тіркелмей қалған. Бұл нелік­тен деп ойлайсыз? Кімдерге қажет? Неліктен жа­сырады? Ендеше, мұндай жауап­сыз­дық пен келеңсіздік ЖКО ашылмай қалуы­на кері әсерін тигізетіні анық. Оның үсті­не жоғарыда айтқанымыздай, жол апат­тары артуының себебі автомобиль жолдары мен инфрақұрылым жағдайының талап деңгейінде болмауында жатыр. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш және Мақтаарал аудандары арасындағы тас жолы сонау 1982 жылдан бері жөндеу көрмеген. Соның салдарынан өткен жылы мұнда 49 адам опат болды. Жергілікті атқарушы органдарға жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажеттігі бірнеше рет айтылса да, ескерусіз қалған. Ақыры бұл салғырттық соншама адамның өліміне әкеліп соқтырды. Оның үстіне байқасаңыз, орын алып жатқан ЖКО дені елді мекенсіз жерлерде болады екен. Демек, бұл апаттардың бәрін жол инфрақұрылымы мен жол жабындарын дер кезінде жақсартпағандық салдары деп есептеу керек. Сол сияқты қарапайым жол белгілерінің қойылмауы салдарынан да адамдар опат болуда. Мәселен, Қарағанды облысының Шахтинск қаласында «Басты жол» белгісінің жоқтығынан үш көлік соқтығысып, адам қайтыс болды. Ал мұндай жағдай барлық аймақта да орын алып отырғанын жасыруға болмайды. Еліміздегі жол-көлік оқиғасының кеңінен өрістеуіне әкімшілік полицияның салғырт жұмысының салдары да әсер етіп отырған көрінеді. Уақтылы жол апаттарының сараптамасы жүргізілмейді, соған сай алдын алу шаралары да атүсті, тек көз алдау үшін қолға алынады. Тіпті, кейде бір шаралар бір жоспардан екіншісіне көшіріліп жазыла береді екен. Мәселен, прокурорлар тексерген кезде Алматы облыстық әкімшілік полициясы 2013 жылы жолдардың қауіпті тұстарын анықтау мен есепке алуды жыл бойына жүргізбеген. Ал аталған аймақ болса, ЖКО саны бойынша көшбастаушылардың бірі болып табылады дейді. Мұндай жағдайда әкімшілік полиция қызметкерлері, ең болмаса, қоғамдық өкілдермен де бірлесе жұмыс істей алмайды. Бұл жерде біздің айтпағымыз, яғни жол апаттарының, жол жүрісі заң­дарын бұзудың алдын алу мақсатында мұндай іске мемлекеттік емес ұйымдарды тартудың орнына «Стопхам» секілді қо­ғам­дық қозғалыстардың қызметіне кедер­гі жасауға тырысқан. Полиция олар­дың ісін тентектік деп бағалаған. Мәсе­лен, Петропавл қаласында бейне тір­кеу құрылғысын дұрыс пайдалана білу­ді түсіндірудің орнына инспектор жүр­гізу­шіні жауапкершілікке тартқан. Кейін осы­ған байланысты қоғамдық ортада қатты толқу туған соң ғана ІІМ бұл жағдайға арнайы түсінік беріп құтылды. Сонымен қатар, көп жағдайда, заң бұзушылар ешқандай жазаға тартылмай қалады. Мәселен, Ақмола облысының Бурабай аудандық жол полициясы бөлімі 25 айыптыға шара қолданбаған. Өйткені, көптеген жағдайда полиция қызмет­керлерінің өздері іс қағазын қате толтырып, содан оны соттар кері қайтаруға мәжбүр болады екен. Осының салдарынан мыңнан аса іс мерзімі өтіп кетуіне байланысты тоқтатылған. Соның ішінде арақ ішіп көлік жүргізген 195 жүргізуші жазасыз қалды. Бұл бассыздық па, әлде жауапсыздық па деп сұрағаныңызбен, жауап берер жан жоқ. Сот арқылы жүргізу куәлігінен айырыл­ған адамдардың түк болмағандай көлікті қайта айдап жүре беретіндігі де анықталған көрінеді. Осы жылдың сәуір айында прокурорлар жүргізушілік куәлігінен сот арқылы айырылса да көлік мініп жүрген 134 жүргізушіні ұстапты. Сол сияқты маршрутты автобустарды да арақ ішіп алып жүргізу көріністері өте көп. Соның бірі өткен жылы Астана қаласында да орын алған еді. Ал Алматы қаласында Өзбекстан азаматы бес ай бойына жүргізуші куәлігінсіз рейстік автобусты емін-еркін жүргізіп келген. Бұған прокурорлардан басқа ешкім назар аудармапты. Жалпы, жоғарыда келтірілген барлық мәселе Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі­нің кезекті отырысында баса айтылды. Онда мемлекеттік органдардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылдап отырған шараларының тиімділігі талқыланғандығымен, ең бас­тысы, жолдардағы апатты жағдайдың жақсармағандығы, адам шығыны санының азаймағандығы ашық сөз болды. Неғұрлым көп жол-көлік оқиғалары тіркелген Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан, Бас прокурор атап өткендей, профилактикалық жұмыстың тиісінше қолға алынбауы, жолдардың нашарлығы, жүргізушілердің бекітілген жылдамдықты арттыруы, тех­никалық қауіпсіздіктің талаптарын бұзу – жол апатының басты негізі екенін енді ешкім де жасыра алмайды. Сондықтан, бүгінде жолаушыларды тасымалдау қауіп­сіздігі, стихиялық автотасымалдаушыларды жою, жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, әкімшілік айыппұлдардың талапқа сай өндірілуі, ЖКО туралы істерді тергеу сапасын арттыру мәселелері кезек күттірмес шаралар қатарына енді. Жалпы, елдегі жол-көлік оқиғасын саралай келе біздің айтарымыз, жол жүрісі ережесін бұзған жағдайда жазаның болмай қалмауы қағидасын қамтамасыз ету, әрбір заң бұзушының қатаң жауапкершілікке тартылуына қол жеткізу аса пәрменді тетік болып табылады. Сондай-ақ, бұған қоса тергеуге дейінгі тексерулердің материалдары және қылмыстық істер бойынша апат жағдайын зерттеудің толықтығын қамтамасыз етудің де зор маңызы бар. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген ұйғарымдардың мүлтіксіз орындалуын жүзеге асыру, ал оларды орындамау фактісі анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту, жоғарыда аталған жол-көлік оқиғаларының алдын алу болып табылады. Осылайша, аталған үйлестіру кеңесінің мүшелері жолдардағы апатты азайту, қауіпсіз жүруге жағдай жасауға бағыт­талған шаралар кешенін де ұсынды. Осы мақсаттарда, ең алдымен, авто­жол­дардың апаттық тұрғыдағы неғұрлым қауіпті учаскелерін анықтау, бұл үшін Құқықтық статистика және арнайы есеп­ке алу жөніндегі комитет әзірлеген апат­тылықтың электрондық картасын кеңінен пайдалану, жол жабынының сапасын арттыру, көшелер мен жолдарды жол жүрісін қадағалаудың қазіргі заманғы интел­лектуалдық жүйелерімен жаппай жабдықтау қажет екендігі ескерілді. Демек, енді, мұндай отырыс жұмысына үйлестіру кеңесінің мүшелері, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Жоғарғы Соттың, Ішкі істер, Көлік және коммуникация, Қаржы, Әділет, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары, бейнеконференциялық байланыс арқылы – облыстардың прокурорлары, аймақтық үйлестіру кеңестерінің мүшелері, облыс әкімдерінің жол жүрісі қауіпсіздігі мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары қатысқандықтан және аталған мәселені өз құлақтарымен естіп, білгендіктен алдағы уақытта жол бойындағы кемшіліктер бірте бірте жойылып, адамдардың өмірі мен денсаулығы  берік сақталатындығына үміт бар. Алайда, бұған жеткілікті сенім ұялататын іс бастауы бар ма? Шетелдерде бірнеше жылда бір рет жөнделетін жолдар, біздің елде жылына екі қайтара жөнделетін болғандықтан не қайыр күтуге болады?! Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».