Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын елордада Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасымен өткізді.
Тұрақты біріншіліктің кейінгі екі ойынында Владивостоктың «Адмиралы» (3:0) мен Мәскеудің ЦСКА (5:2) клубтарынан жеңілген жерлестеріміз бұл жолы да жанкүйерлерін жерге қаратты. «Барыс Арена» мұз сарайында өткен кездесудің алғашқы екі кезеңінде есепте алда тұрған жерлестеріміз соңғы 20 минуттықта жеңісті уысынан шығарып алды. Кездесудің есебін бесінші минутта «Барыстың» үздік сұрмергендерінің бірі Вей ашып, мұзайдынға жиналған жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.
Үзілістен кейін қонақтар сапынан Егор Попов (28-минут) мергендігімен көзге түсіп, таразы басын теңестіргенімен, «Нефтехимик» жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа созылмады. Арада екі минут өткенде Антон Сагадеев «Барысты» есепте қайтадан алға шығарса, 36-минутта Линден Вей айдын иелерінің үшінші шайбасын соқты. Дегенмен, екінші кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда Андрей Белозёров дәлдік танытып, есепті 3:2-ге жеткізді. Ал үшінші кезеңде қонақ команданың хоккейшілері Юлиус Гудачек қорғаған қақпаға жауапсыз үш шайба енгізді. Голдың авторлары – Андрей Чивилев (41-минут), Михаил Сидоров (53), Павел Рудин (58). Қорытынды есеп – 5:2.
«Барыс» келесі ойынын бүгін Новосибирдің «Сибирімен» өткізеді.