Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында белгілі қытайтанушы-ғалым Клара Хафизованың «XVIII–XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Тарих ғылымдарының докторы Клара Хафизова аталған монографиясына Қазақ хандығы билеушілері үш ұрпағының екі ғасыр бойы қазақ мемлекеттілігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық бірлігін сақтау жолындағы қызметін арқау еткен. Автор сөзімен айтқанда: «Қазақ хандығы дипломатиясы тарихында бірқатар белгілі тұлғалар болды. Олардың өмірбаянында сол кезеңнің ерекшеліктері толық әрі айқын көрініс береді. Бұл мәліметтер Ресей, Цин империясы мен Ислам әлемі аралығында орналасқан Қазақ хандығының көпсалалы және күрделі халықаралық байланыстарын түсінуге көмектеседі. XVIII–XIX ғасырларда Қоқан, Бұқар және Хиуа хандықтары, Иран мен Түркия ислам әлемі саналды. Бұл еңбекте негізінен Әбілмәмбет, Абылай хан, Әбілфейіз сұлтан және оның ұрпақтары: Орыс, Алтынсары, Жошы, Сарт Ючин, Кенесары, Ғұбайдолла, Әли сұлтандар, Абылай ханның ұлы Сөк сұлтан, Тезек төре, Шоқан Уәлиханов, жоңғар ханы Давашы, Төле би, Қабанбай, Қожаберген, Бердіқожа батырлар, тағы басқа да тұлғалар туралы айтылады».
Іс-шараны Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов ашып, «Қазақстанда қытайтану мектебі әлі қалыптасу сатысында, сондықтан Клара Шайсұлтанқызының еңбегі секілді әрбір монументалды туындының құны жоғары. Қытайтану – қажетті білімді, құзыреттілік деңгейін, қытай тілін білуді қажет ететін күрделі бағыт. Сондықтан бүгінгі таңда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қытайтану бойынша зерттеулердің бастамашысы бола отырып, осы бағыттың дамуына ықпал етіп келеді. Клара Шайсұлтанқызының еңбектері жоғары академиялық мәдениеттің үлгісі. Қазақ хандығы билеушілері үш ұрпағының қазақ мемлекеттілігін, аумақтық тұтастығы мен ұлттық бірлігін сақтау жөніндегі қызметіне арналған монография ғалымның көпжылдық ғылыми ізденісін жүзеге асырған іргелі еңбек. Қытайдағы бастапқы дереккөздер зерттеліп, ұлан-ғайыр жұмыс атқарылғанын пайымдауға болатынын» атап өтті.
«Бұл кітап – менің жарты ғасырлық Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының тарихына арналған еңбегімнің жемісі. Егер бұрын бұл тақырыпты экономикалық және саяси мәселелер тұрғысынан қарастырсақ, аталған еңбек өркениеттік көзқарасқа бағытталған. Қазіргі таңда әлем мұрағаттары ашылып, түрлі мемлекеттік бағдарлама іске асып жатыр. Соған сәйкес жасалған іс-сапарлар нәтижесінде көптеген материалдар елге әкелінді. Кітапқа өзім аударған көптеген түпнұсқа материалдар да енді. Көне қытай тілінде жазылған бұл деректерді аударуда көп қиындық кездесті», дейді Клара Шайсұлтанқызы.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты құрылғанына 30 жыл толуына арналған игі шаралардың бастамасы ретіндегі таныстырылымға Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық ақпараттық орталықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбдіров, тарих ғылымдарының докторы, академик Берекет Кәрібаев, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Әбілсейіт, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов, тағы басқа ғалымдар баяндама жасап, іргелі еңбектің маңыздылығын атап өтті.
Аталған іс-шара ғалым еңбегін дәріптеумен қатар, жас зерттеуші-ғалымдарды тәуелсіз Қазақстанның шығыстану және қытайтану ғылымдарының дамуына үлес қосуға шақырады.
АЛМАТЫ