• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 16 Қаңтар, 2023

Оқушы саны мұқият зерделенсе...

639 рет
көрсетілді

Алматылық мектеп оқушыларының саны жыл сайын орташа есеппен 12-14 мыңға көбейіп келеді. Оның себебін демография және ішкі миграция есебімен байланыстырған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте орын жетіспеушілігінің алдын алуға байланысты атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Спикердің мәліметіне сү­йен­сек, бүгінде оңтүстік аста­надағы 310 мектепте бар­лы­ғы 320 453 оқушы білім алуда (212 мемлекеттік мектепте – 292 099 оқушы, 98 жекеменшік мектепте – 28 354 оқушысы бар). Бүгінде оқушы орындарының тапшылығы өте өзекті мәселелердің қатарында тұр. Қалада қазіргі жағдайда 27 935 орын жетіспейді.

Осыған байланысты биыл 8 100 орындық 5 мемлекеттік мектеп пайдалануға берілді (1 800 орын – «Қалқаман» шағын ауданындағы №206, 1 800 орын – «Саялы» шағын ауданындағы №204, 1 500 орын – «Томирис» шағын ауданындағы №205, 1 500 орын – «Қалқамандағы» №208, 1 500 орын «Нұркент» шағын ауданындағы №209 мектептер). Сонымен бірге «Мәдениет» шағын ауданында үш ауысымдағы №196 мек­тептің орнына 1 500 орынды қамтитын жаңа мектеп, 2 393 орынды қамтитын 6 жекеменшік мектеп берілді (Бостандық ауданында – 599 орындық «Заман» мектебі, 384 орындық «JOO High School Almaty», 540 орындық Almaty School of Physics and Mathematics, Түрксіб ауданында – 420 орындық Millennium мектебі, Наурызбай ауданында – 200 орындық AiDi Education, 250 орындық Zhiger S мектептері). Қолданыстағы мектептерде 900 орын (№191, №146, № 125 қолданыстағы мектептердің әрқайсысына қосымша 300 орыннан беріліп, 600 орынға арналған 1 ғимарат сатып алынды. Осылайша, 13 493 оқушы орнына арналған 16 нысан іске қосылып отыр. Ал жыл соңында «Дархан» шағын ауданында 1 500 орындық №210 және «Алма сити» ша­ғын ауданындағы 1 200 орын­дық №207 жаңа мектеп пай­далануға берілетін болады.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қалай жүзеге асып жатқандығына тоқталған спикер 2030 жылға қарай бір ауысымдық оқытуға қол жет­кізіле­тінін атап өтті. Осы орайда Ә.Нүсіпова «Ұлттық жоба аясында 2023 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен 37 100 орынды қамтитын 22 мектептің құры­лысын бастау жоспар­лан­ғанын жеткізді. Бұл ретте жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 11 млрд теңгеге жер те­лім­дерін сатып алу және олар­ды инфрақұрылымға қосу мәселелері шешілетінін атап өтті. Сонымен қатар әкімдік «1000 мектеп» жобасын жүзеге асыру жалғастыра береді. 2023-2025 жылдар аралығында 27 150 орынға арналған 36 білім беру нысаны (3 мемлекеттік мектеп, 7 қосымша құрылыс, 19 жекеменшік мектеп) пайда­лануға беріледі.

Биылдан бастап 7 мыңнан астам оқушы мектептерге арнайы көлікпен барады. Алматы қаласының әкімдігі осылайша «Мектеп автобусы» жобасы аясында тұрғындарды толғандырған мәселенің бірін шешуді қолға алып отыр.

«Алматыда оқушыларды тасымалдаудың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақ­сатында осы жылдан бас­тап қаланың 8 ауданындағы 29 мектепте 7,7 мың балаға арналған «Мектеп автобусы» жо­басы бас­талды» деп хабарлады Ал­ма­ты қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Ол жаңа жылдан бастап мек­тептерде кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізіліп, «паника түймелері», өту жүйесі (турникеттер), өрт қауіпсіздігі, полицияның жедел басқару орталықтарымен біріктірілген бейнебақылау камералары орнатылатынын атап өтті. Жоба үш жылдық сервистік үлгі бойынша қаржыландырылады. Қаржыландырудың жалпы көлемі 4,9 млрд теңгені құ­райды. 2023 жылға арналған бюджет жобасында осы мақ­саттарға 1,6 млрд тенге бө­лінбек.

Заманауи инфрақұрылымды жақсарту арқылы 2025 жылға дейін барлық мемлекеттік мектептер физика, химия, био­логия, информатика және роботтехниканың жаңа буы­ны­ның пәндік кабинет­те­рімен қамтамасыз етіледі. Биыл жаңа модификациядағы 168 шкаф сатып алу көзделген, бұл мақсатқа жергілікті қордан 2,1 млрд теңге бөлінді.

Ендігі кезекте ата-аналар үшін алаңдауға негіз жоқ. Қалалық әкімдік балаларды мектепке қауіпсіз жеткізумен қатар, заманауи талаптарға сай білім алуын жақсартуды уәде етіп отыр. Ал ата-аналар жобаның өміршеңдігі мен сапалы іске асқанын қалайды.

 

АЛМАТЫ