«Ғылым ордасында» Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ардақты майдангер, биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Сейітовтің 100 жасқа толуына арналған мерейтойлық шара өтті.
Алқалы жиынның ашылуында мерекелік шараны ұйымдастырған Қазақстан-Ресей медициналық университетінің ректоры Нұрлан Жайнақбаев құттықтау сөз сөйлеп, «Ғалымның жүріп өткен жолын, еңбектерін еліміз ғана емес, Достастық елдері де ғибратты естеліктермен еске алатыны сөзсіз» деп атап өтті.
Жиын барысында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов министрдің арнайы құттықтау хатын оқып, Зұлқайнар Сейітұлына «Ел қорғаны» медалін табыс етті.
Химия ғылымдарының докторы, профессор Зұлхайыр Мансұров 100 жасаған ғалымның биохимия саласындағы кешенді еңбектеріне тоқталып, еліміздің денсаулық саласына қосқан үлесін, саламатты өмір салтын ұстану, ағзаның ұзақ жасауына қатысты жазған монографияларының ұлттық болмысымызбен терең астасып жатқандығына тоқталды.
Жиынға келгендер профессор Зұлқарнай Сейітовтің өмір жолына қатысты фильмді көріп, ағылшын тілінде жарыққа шыққан «Biochemistry» еңбегімен танысты. Бұл еңбек өткен ғасырдың 80-жылдары орыс, кейіннен қазақ тілінде жарық көріп, ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағасын алғаны белгілі. Осы еңбегі үшін профессор «Платиналы Тарлан» сыйлығымен марапатталған. «Ғалымның бұл еңбегін «классикалық медициналық еңбек» деп атап өткен М.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Камалиден Шариповтың айтуынша, қазақ халқының басынан кешкен нәубет ауыртпалығын, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарын басынан өткеріп, ұлттық ғылым ісінің дамуына әлі күнге дейін үлес қосып келе жатқан ардагер-ғалым Зұлқарнай Сейітовтің бұл еңбегі жаһандық сын-тегеуріндерді басшылыққа алады. Ағзадағы зат алмасу үрдісінен бастап, жүйке жүйесі, дәнекер ұлпасы, бауыр биохимиясын сипаттайтын «Биохимия» кітабын Қазақстан-Ресей университеті ағылшын тілінде жарыққа шығарып отыр.
«Биохимия» еңбегінің авторы бүгінде еліміз ғана емес шетелдің ғылыми қауымдастығына ұлттық сусындардың пайдасы, «Қазақ бальзамдары» мен «Алтынсу» емдік сусындарымен кеңінен мәлім. Ол дүние жүзінде алғаш рет биологиялық қасиеттерін сақтай отырып, қымыз бен шұбатты дайындау және ұзақ уақытқа дейін сақтау технологиясын, сонымен қатар бие, түйе сүтін құрғақтай пайдалану әдістерін дәлелдеді.
АЛМАТЫ