Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтынын елорданың «Барысы» кезекті тур ойынын «Барыс Аренада» өткізіп, Новосибирскінің «Сибирь» командасынан жеңіліп қалды.
Кейінгі үш матчтағы сәтсіздіктен кейін Андрей Скабелка бұл жолы «Барыстың» негізгі құрамына аздаған өзгеріс енгізіп, жеңіске жетудің кілтін іздеп көрген еді. Алайда онысынан түк шыққан жоқ. Елордадағы кездесудің алғашқы бөлігін жерлестеріміз сәтті өткізді. Бірінші кезеңнің алтыншы минутында Антон Сагадеев алыстан дәл соққы жасап, матчтың есебін ашқан болатын. Алайда үзіліске санаулы минуттар қалғанда қонақтар таразы басын теңестіріп кетті. Голдың авторы – Денис Голубев.
Екінші кезеңде «Барыс» ойыншылары басымдық танытқанымен, таблодағы есепті өзгерте алмады. Ал үшінші кезеңде «Сибирь» ойыншылары мықтылық танытты. 42-минутта Александр Шаров мергендік танытып, ойынның нүктесін қойды – 2:1. Осылайша, «Барыс» қатарынан төртінші матчта жеңілді. Жерлестеріміз келесі кездесуін ертең Челябіде жергілікті «Трактормен» өткізеді.