АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан ХХХ қысқы Универсиаданың кезекті күнінде Қазақстанның студент спортшылары тағы бір алтын медаль жеңіп алды. Бұл жолы шаңғымен тұғырдан секіру бәсекесінде Данил Васильев үздік нәтиже көрсетіп, алтын тұғырдан қол бұлғады.
19 жастағы Қазақстан спортшысы кіші трамплиннен секірудің (К-90) алғашқы жаттығуында 257.3 ұпай жинап, бірінші бағдарламаны екінші орынмен аяқтады. Бұл сында жерлесімізден небәрі 2,3 ұпай көп олжалаған аустриялық Максимилиан Линер бірінші болды. Финалдағы екінші жаттығуын айна-қатесіз орындап, төрешілер тарапынан ең жоғары ұпайға ие болған Данил Васильев 130.1 ұпаймен 2023 жылғы қысқы Универсиаданың жеңімпазы атанды. Күміс жүлде екінші жаттығуда 119.0 ұпай жинаған аустриялық атлет Максимилиан Линердің еншісінде кетсе, қола жүлде тағы бір аустриялық спортшы Паскаль Кахоферге бұйырды. Ол бірінші жаттығуда – 126.2, екінші жаттығуда 122.6 ұпай жинады.
Шаңғымен тұғырдан секіру жарысының финалында Данил Васильевтен бөлек, Қазақстанның тағы үш спортшысы бас жүлде үшін сынға түсті. Қысқы Олимпия ойындарының қатысушысы, ел біріншілігінің жеңімпазы Сергей Ткаченко жарысты 7-орынмен аяқтаса, Никита Девяткин 9-шы, Святослав Назаренко 21-ші, Мағжан Амангелдіұлы 22-сатыдан көрінді.
Сондай-ақ кеше мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров қола жүлдеге қол созым қалған жерде сүрінді. Былтыр Эстония астанасы Таллинде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміспен күптелген жерлесіміз қысқа бағдарламада 6-шы, ал еркін бағдарламада 3-ші нәтиже көрсетіп, қоссайыста жалпы 231,08 ұпай жинады. Бірақ отандасымыздың қола жүлдені мойнына тағуына небәрі 0,25 ұпай жетпей қалды. Мәнерлеп сырғанаудың алтыны мен күмісін жапониялық спортшылар иеленді. Бас жүлдені екі бағдарламада 274.86 ұпай жинаған 2016 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Сота Ямамото жеңіп алса, күміс медальді былтырғы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Тацуя Цубои (243.82 ұпай) олжалады. Ал қола жүлде италиялық мәнерлеп сырғанаушы Николай Мемолаға (231.33) бұйырды. Михаил Шайдоров 231.08 ұпаймен үздік төрттіктің қатарынан көрінді. Тағы бір жерлесіміз Диас Жиренбаев 196.41 ұпаймен 11-орынға табан тіреді. Жалпы, мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жарысқа 19 елдің 31 спортшысы қатысты.
Сонымен қатар шайбалы хоккейден Қазақстанның студенттер құрамасы қатарынан төртінші матчта жеңіске жетіп, мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жерлестеріміз бұл турда турнир кестесінде екінші орында тұрған Словакия хоккейшілерін 4:0 есебімен сан соқтырды. Қазақстан құрамасы сапынан Максим Мухаметов (8-минут), Станислав Александров (10), Батырлан Мұратов (20) және Олег Бойко (29) мергендігімен көзге түсті. Словакия құрамасы бұған дейін Мажарстанды – 4:0, Ұлыбританияны – 14:0, АҚШ-ты 5:2 есебімен жеңген еді. Енді Қазақстан студенттер құрамасы бүгін турнир кестесінде үшінші орында тұрған АҚШ хоккейшілерімен кездеседі.
Шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы әр жылдардағы қысқы Универсиадаларда сәтті өнер көрсетіп келеді. Мәселен, жерлестеріміз 1995 жылы Испанияның Хака қаласындағы дүбірлі додада чемпион атанса, 1993, 2013, 2015, 2017 жылдары финалда сүрініп, күміс жүлде еншіледі. Ал 2007 жылы қола жүлдені қанағат тұтқан болатын.
Универсиаданың бесінші жарыс күнінен кейін жалпыкомандалық есепте әдеттегідей Жапония спортшылары көш бастап тұр. Күншығыс елінің өкілдері бүгінге дейін 9 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль олжалап үлгерді. Екінші орындағы Франция құрамасының еншісінде 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль бар. Үшінші орынды 2 алтын, 1 күміс және 1 қоламен Чехия спортшылары түйіндеп тұр. Ал Қазақстан 2 алтын медальмен жалпы есепте 6-орынға көтерілді.
Қысқы Универсиада бәсекелері 22 қаңтарға дейін жалғасады.