• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Қаңтар, 2023

Жаужүрек қыздардың жалғасы

267 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары қазақ қыздары да ерлермен қатар спорттағы биік белестерді бағындыра бастады. Тіпті олардың қатарында төрт жылда бір келетін Олимпия ойындарының жүлдегері мен жер-жаһанның ең үздік спортшылары қатысатын әлем чемпионатының жеңімпаздары да бар. Дегенмен Олимпиада бағдарламасына енбейтін жекпе-жек өнерінде топ жарып жүргендері саусақпен санарлық. Соның бірі, қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионы – Аян Дәулетбекқызы Тұрсын.

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауда­ны, Таусүгір ауылында дүниеге келген Аян Дәулетбек – отбасындағы кенжесі. Бір үйдің ерке өскен ең кенжесі болса да, қаршадайынан спортты жанына серік етіп, алғашында таэк­вондомен кәсіби түрде айналыс­ты. Ауылдық, аудандық деңгейдегі түр­лі жа­рысқа қатысып, сан мәрте жеңіс тұ­ғырынан көрінді. Кейіннен аралас жекпе-жек өнеріне бет бұрып, ММА, қоян-қолтық ұрыс, панкратио­н, джиу-джитсу секілді Қазақстанда ен­ді-енді қанат жая бастаған спорт түр­леріне ден қоя бастады. Алғашқыда жат­­тықтырушылар негізінен ер балалар айналысатын спортпен әйел адамның шұғылданғанын қаламаған. Өйткені бұл спортпен тек жауынгерлік рухы мықты, жүрегінің түгі бар, бір сөзбен айтқанда, өз күшіне сенген батыл адамдар ғана айналыса алады. Бірақ ерке өссе де, ертедегі жауынгер әпкелерінің өр мінезін бойына сіңірген қазақтың қайсар қызы бапкерлеріне «кез келген қиындыққа төзіп, қайтсем де әлем чемпионы боламын» деп табандап тұрып алады. Сөйтіп, жаттықтырушылар Аянның райынан қайтпайтынына көз жеткізген соң, аралас жекпе-жектің қыр-сырын үйрете бастады.

Бұл жақта да Аян жылдам нәтиже көр­сетеді. Аз уақыттың ішінде ол ха­лық­аралық деңгейдегі Азия, әлем бірінші­ліктерінде бақ сынап, үнемі үздік­тер қатарынан көрініп жүрді. Сол жетістік­терінің арқасында Аян әп-сәтте көп спорт­шының арманы болған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жет­кізді. Аян қазіргі таңда ММА-дан кәсіп­қойлар арасында бақ сынап жүр. Бүгінге дейін ол екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де қарсыласын айқын басымдықпен жеңген.

Кейіпкеріміз былтыр қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионатында топ жарып, Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы өкілдерінің көзіне түседі. Сөйтіп, Аян ойламаған жерден әскери қызметкерге айналып шыға келді. Бір қызығы, Аянның өзі де бала кезінде әскери қызметші болсам деп армандаған екен. Осылайша, спорттың арқасында бала күнгі арманына қол жеткізді.

– Биыл елімізде қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты өтеді. Оның іріктеу туры да Қазақстанда болмақ. Әлем чемпионатында Қазақстанның әнұранын шырқатып, көк байрағын көкте жел­біретсем деген жоспарым бар, – дейді Аян. Әлем чемпионатына дайындықты жеке бапкері – Нұр­­лан Мамырәлиевпен Алма­­тыда бастайды. Осы күнге дейін жеткен жетістік­те­­рінің бәрінде бап­керінің үле­сі зор екенін де айтты.

– Былтырғы қоян-қолтық ұрыс­тан ел чемпионатына бап­керім­мен тың­ғылықты дайындалдым. Ол кісі осы жа­рыс­тағы барлық қарсыласымның мүм­кіндігін талдап, кіммен қалай жұды­рық­та­суым керек екенін нақты айтып берді. Жекпе-жек барысында бапкерімнің айтқан тапсырмасын бұлжытпай орындап, өз сал­мағымда үздік шықтым. Финалда Қор­ғаныс министр­лігі командасының спорт­шысы Велиова Гуансаммен ше­берлік бай­қасып, оны 45 секундтың ішін­де ауырту әді­сімен жеңдім. Бапкерім қар­сыласымның көбіне қорғаныста жүріп жұмыс істейтінін байқап, маған бірінші болып әдісті өзім жасауым керек екенін айтты. Сосын оңтайлы сәтте партерге кіріп, тұншықтыру әдісін қолдандым, – дейді Аян.

Турнирге шығар алдында жеңіске жетіп қана қоймай, көрерменнің есінде қалатындай айрықша жекпе-жек көрсе­темін деген мақсат қойған спортшы қыз дегеніне жетіп, барлық қарсыласын таза әдіспен әдемі ұтқанын да айтып өтті. Айтпақшы, Аян елорданың Жекпе-жек сарайында Қорғаныс министрінің кубогі үшін өткен республикалық турнирде жеңіске жеткен армия спорт клубының өкілі. Спортта кумирі болмаса да, мық­ты­лардың жекпе-жегінен үйренерім көп деп есептейді. Әр сайыстарын қалт жібермей қарап, чемпиондардың жақсы жақтарын алуға тырысады. Десе де ол өзінің ауыл­дасы, даңқты спортшы Арман Әшімовтің залына барып, сонымен бірге ММА-дан жарыстарға жаттығады. Аянның алдағы спорттағы мақсаты – ММА-дан әлемдегі ең үздік промоушн UFC-ға қатысу.

UFC – аралас жекпе-жектің белді ұйымы екені бар­­шаға белгілі. Өзге спорт сияқты бұл спорттың да өзін­дік қағи­далары, қол­да­нуға болмайтын әдіс-тәсіл­дері бар. Спортшыларға октагонда бір-бірін тістеуге, көзден шұқуға, баспен со­ғу­ға, тырнауға, шаштан тартуға, желкеден, омыртқадан және кіндік­тен төмен соққы жасауға тыйым салынған. Сайыс қарсыластардың бері­луімен және жат­тықтырушылар тарапынан алаңға ақ орамал лақтырумен тоқтатылады. Өмірде ана­сын үлгі етіп, ең мықты адам санайтын Аянға арманына жетіп, UFC-де алғашқы қазақ қызының бірі болып өнер көрсетіп, жеңіске жету бұйырсын дейміз.