Оның кейіпкерлері әлемнің әр түкпірінде нәзік түпкі сенімі мен көзге көрінер-көрінбес үміт жібіне ілініп өмір сүріп жатады. Шыбын кеп қонса, шырт етіп сынып түскелі тұрған қылдан жіңішке, бәлкім қылыштан өткір болуы мүмкін адамзаттың түпсенімі. Әйтпесе, күнделікті өмірде кісі баласының сенбейтіні жоқ. Тіпті түпкі сенімді діни, я болмаса басқаларымен шатастыруға болмайтын шығар.
Тіршілікте түрлі дүниеге сенгенімен, пенде баласының түпсенімі алапат әрі нәзік боларын Шыңғыс Айтматов шығармаларынан анық сезінесіз. Далада яки қалада болсын, қайсыбір қалтарыстан, не бір елеусіз тұстан өрмекшіні аңғарған боларсыз. Тоқыған өрмегін көрмейсіз, әуелі өзін байқайсыз. Ол сол құрған торымен сырғиды да жүреді. Күн сәулесі түспей көзге көрінбес өрмек талдарын үміт жібіне балайық. Не түспейді ол өрмекке? Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның қайсы болмасын бұзып өтем деп ілінеді де қалады. Ал өрмекші әлгі өрмегін құру арқылы өзінің тағдырын жасап жатқанын біле ме екен? Адамзаттың сана-сезіміне осының өзі мысал бола алардай. Қашан ойың өзгеріп, қараңғылықты бұзып шыққан күні азаттықпен қауышасың. Сосын сені қандай тосқауыл тоқтатар екен, көрейік? Ал өрмекшінің торы өзін-өзі қамау емес пе?
Мүмкін олардың қатесі де сол, түпсенімін талғажау етіп жүре бергені шығар. «Ақ кемедегі» аңызға сенген, бәлкім түпсанасымен бұғы туралы аңызға байланған жетім бала (жарайды, ол бала ғой); сүйген жарының опасыздығына төзбей, өзінен көп жас үлкен орманшыға амалсыз барып қосылса да, жары іздеп келеріне сеніп өткен «Шынарым менің, шырайлым меніңдегі» келіншек; «Бетпе-бет» повесіндегі соғыстан қашып келген күйеуінің қылмысын жасырып, енесі мен баласына қоса ауылдағыларға білдірмей, үңгірге жасырынған қашқын күйеуін асыраған жас босанған Сейде... Осы аталғандардың барлығы түпкі санасы мен сенімінің құрбанына айналып кете барғанымен, соңғысы – Сейденің орны бөлек.
Адамзаттың Айтматовы жазып қалдырған «Бетпе-бет» повесін оқысаңыз білесіз. Сейде кім, Ысмайыл кім, соғыстың не екенін. Адамзатты ары мен ұятынан айырып, намысын жерге таптап, тәни де, рухани да жалаңаш қалдыратын жауыз күш – соғыс. Біз сондай алапат жауыз күшпен күрескен Сейденің сенімі айтуға әбден тұрарлық деп ойлаймыз. Күллі жұрттан ұрланып, бар ауылдан жасырынып, жақын-жуығының біріне білдірмей соғыстан қашып келген күйеуін баққан Сейденің сенімі және жалғыз сенімі не еді? Ол – көктем туа кәрі енесі мен әлі бір жасқа да тола қоймаған баласын алып, Ысмайылмен алыстағы шатқалдан асып, күйеуінің нағашыларының арасына барып сіңу ғана еді. Әулетімен онда қашып барғанда ар жағы не болады, күн көрісі қалай шешіледі, ауылдағылар түбі анығына жеткенде іздеп тауып бәрін бетіне баспай ма, мұның бірімен шатағы жоқ-ты. Себебі жас босанған келін Ысмайылын сүйетін. Жарының айтқанына сенетін. «Осы қыстан аман шығып алсақ, шатқал асып, нағашыларыма барамыз. Екеуара баламызбен бақытты ғұмыр кешеміз», деп қашқын күйеуі сендіріп қойған. Сол бақытқа жету үшін басынан не кешпейді Сейде жазған? Таңертеңнен кешке дейін колхоз жұмысынан бас көтермейтін ол түні бойы күйеуі тығылып жатқан үңгірге ұрланып тамақ апарып, жолдасын асырайды. Үйде кішкентай бөбегі мен кәрі енесі және бар. Олардың жағдайын жасайды. Алайда Сейде бұдан қажып, діңкелемейді, салмақ көрмейді. Оны ішінен жейтіні – ауылдағы басқарма мен жесірлер Ысмайылдың қашып келгенін біліп қоя ма деген күдік. Кездесіп қалған адамнан қуыстанып, тізесі қалтырайды да жүреді. Біреу: «Біздің күйеуіміз майданда соғысып жатқанда, сен арам неме соғыстан қашып келген күйеуіңді жасырып жүріпсің ғой?», деп айтып қала ма деген ой мазалап бітеді. Басқарма басқа шаруамен шақырып қалса да, көшеде көрші әйел кездессе де күйеуін жасырып жүргенін бетіне салық қыла ма деп қуыстанумен болады. Жазушы ол сезімдерін шынайы суреттеп, диалогтермен өрбіткенде, сіз де қысылғандай күй кешесіз. Әрі әскери комиссариат Ысмайылға іздеу салған соң ел бұдан күдіктене бастайды ғой. Сейде сонда да сыр алдырмайды.
Қыс ортасынан ауа өзі ауру, балалары аш жүрген Тотой жесірдің бұзаулағалы тұрған сиыры жоғалады. Аш-арық, ауру-сырқаулы бұл үй сол сиырдың бұзаулағанын күтіп отырған, құрығанда сүт болар деп. Сиырды қашқын күйеуі ұрлап сойып, жарты етін үйіне әкеліп берген түні Сейденің таң атқанда шашы ағарып шығады. Енесін жалғыз қалдырып, баласын алып, төркініне тартып бара жатқанда, соңынан екі әскери ере шыққанын аңғарып, күйеуінің тығылып жатқан жеріне бастап апарады екі солдатты... «Анау қамыстардың арасында», дейді ол соңынан қуып жеткен басқармаға. Ысмайыл үңгірден шықпай, басқарманы атып түсіреді. Сейде баласымен күйеуінің үңгіріне тура жүреді. Екі солдат екі бұрышта бармауын өтініп айқайласа да, тыңдамайды. Жазушы айтады сонда: «Бетін лас тер жуған, жауатын бұлттай түнерген Ысмайыл Сейдеге жақындап, бетпе-бет келгенде өзінің алдында бұрынғы Сейде емес, алып күшті, өз артықшылығын, адалдығын әбден түсінген, бурыл шашты қандай да бір ғажайып әйелдің тұрғанын көрді. Сол сәтте Сейде оған асқар таудың басында тұрғандай болды. Ол өзін сол заңғар шыңның етегіндегі елеусіз төмпешіктей сезінді», дейді.
Тап осындай сюжетті шығарма орыс жазушысы Валентин Распутинде де бар. Онда, керісінше, жағдай қанша шиеленіссе де, әйелі әскерилерге күйеуін ұстап бермейді. Ақыр аяғында күйеуіне бара жатып, суға батып өледі. Қай кейіпкердікі дұрысын оқырман өзі шешер...