Бұл күндері Марокконың бас шаһары – Рабатта стенд атудан Әлем кубогінің кезекті кезеңі өтіп жатыр. Кеше Қазақстанның әйелдер құрамасы скит бағдарламасында алтын медаль жеңіп алды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша Африка құрлығында ұйымдастырылған додада ел намысын Әсем Орынбай, Адель Садақбаева мен Зоя Кравченко қорғанды. Іріктеу кезеңінде үздік шыққан жерлестеріміз финалдық бәсекеде АҚШ спортшыларын 11-9 есебімен тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты.
Сәл ертеректе жекелей сында өнер көрсеткен Зоя Кравченко 6-шы, Әсем Орынбай 10-сатыға тұрақтаған. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 алтынмен 3-орында тұр. Әлем кубогі 24 қаңтарда мәресіне жетеді.