Кеше Таиланд астанасы – Бангкокте бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионатының шымылдығы түрілді. Биылғы додаға Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Таиланд, Малайзия, Өзбекстан, Тәжікстан, Камбоджа, Кувейт боксшылары қатысып жатыр.
Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының екі боксшысы шаршы алаңға көтеріліп, екеуі де сары құрлық бәсекесін жеңіспен бастады. Бірінші болып рингке шыққан 48 килодағы ел чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасындағы Азия біріншілігінің жеңімпазы Санжар Тәшкенбай Қырғызстан боксшысы Ануар Ходжиевпен қолғап түйістіріп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Санжардың ізін ала Қазақстан жанкүйерлері 57 кило салмақтағы Махмұд Сабырханның өнерін тамашалады. Бұған дейін 54 килода әлем чемпионатының (2021) және Азия біріншілігінің (2022) күміс жүлдесін иеленген отандасымыз жастар арасындағы биылғы додада жаңа салмақта бақ сынап жатыр. Махмұд алғашқы айналымда Өзбекстан өкілі Мирзабек Мирзахалиловпен жұдырықтасып, 5:0 есебімен бет қаратпай жеңді.
Айта кетейік, жеребе қорытындысы бойынша, жастар арасындағы Азия біріншілігін үш боксшымыз (Серік Абзал (67 кг), Ерхат Бекзат (92 кг), Аманат Сабырғали (+92 кг) жартылай финалдан бастайды. Бұл – құрама қоржынында кем дегенде 3 қола жүлде бар деген сөз.