• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 18 Қаңтар, 2023

Дәулеткерейдің «Жігері»

520 рет
көрсетілді

Дәулеткерейдің «Жігерін» тыңдап, тереңіне бойлай алған адам дүниеге қалай қарайды деп ойлайсыз? Тіпті тереңіне демей-ақ қояйық, ептеп-ептеп түйсінуге жеткен жүрек иесінің өзі осал болмасына бәс тігер едік. Негізі күйді түсінеді дегеннен гөрі, түйсінеді, сезінеді деген оңдырақ шығар. Бірақ дүниенің бәрі сол сезінуден тумай ма? Егер қазақ тыңдармандары өзінің төл мәдениетінің шаңырағын көтерген қадау-қадау ілкі туындыларымен ауызданып өскенде, біздің бүгінгі жағдайымыз қазіргіден көш ілгері болар еді ғой. Әрине, қазақ өнеріндегі оқшау тұлға, оның ішінде саз әлеміне орасан зор олжа салған Дәулеткерей Шығайұлының музыкалық мұрасына келгенде осылай деуге мәжбүрміз.

Дәулеткерейдің күйі «Жі­гер» туралы жазбаған өнер­тану­шы аз. Аты айтып тұр­ғандай шы­ғарма тереңнен тыныс тарта отыра, рухыңды шы­нықтырады. Бы­лай­ша айтқан­да, сана-сезіміңді тәр­биелейді. Тебіреніске толы мұн­ша туындыны шығарған жүректің қазынасына еріксіз қайран қала­сың. Кемелдігіне бас иесің. Содан барып, тыңдай-тың­дай туынды туралы іздене бас­тай­сың. Ақсүйек Бапас (Дәу­лет­керей) кешкен таза да тек­ті тағ­дыр тәнті етеді. Оны біз жа­зушы, күйші Таласбек Әсем­құлов пен кемеңгер Асқар Сүлей­меновтің әңгімесінен жете тани түсеміз, басқасын айтпа­ғанда.

«Тәттімбетті батыстың қай ком­по­зиторына ұқсастырар едің? Бұл жерде мен форманы айтып тұрғаным жоқ. Тек қана рух және әр композитордың өз елі үшін мәні, осыны ғана айтып отырмын» дейді Асекең.

Таласбек Әсемқұлов болса Шопен мен Григті қосса Тәт­тім­бетке татып қалатынын айтады.

– Ал Дәулеткерей… кімге ұқсайды?

– Тектілігі, адамгершілігі, ізгі­лігі, кірпияз бекзаттығы жағынан оған тең келетін адам жоқ, – дей­ді Сүлейменовтің сұрағына Т.Әсем­құлов. Толқып кеткен Асекең «Браво!» десе керек.

Әңгіме осыншама даңғайыр тұлға Дәулеткерейдің «Жіге­ріне» келгенде біз мына оқиға­ға соқ­пай тағы кете алмас едік. «Жігер» туралы кезінде А.За­тае­вич, А.Жұбанов, тағы басқа мен деген қазақ музыкатанушы­лары жазғанын білеміз. Ал шы­ғу тарихына қатысты мына бір сөзге тоқталмай өтуге бола ма?

«Исатай мен Махамбет өлгеннен кейін Құрманғазы көп­ке дейін төрелермен қырғи­қабақ болып жүріпті. Дәулет­керейдің де шабармандарына айбат шегіп, талай рет айтатынын айтыпты. Күндердің күнінде Құрманғазының ауылына Дәулеткерейден хабаршы келді, төре бүкіл домбырашыны өзінің ақ ордасына қонаққа шақырып жатыр. Бірақ бұл шақырыстың бір шарты бар, «Егерде Құрманғазы бұрынғы күрең қабағын қо­йып табалдырығымнан аттаса ғана басқалар шақырылады деп сәлем айтты төрем», дейді шабарман. Құрманғазы ары ойлап, бері ойлап, ақырында Дәулеткерейдің ауылына аттаныпты. Төре қонақтарды жатқызып қойып көпке дейін келмепті. Ақыры бір аптадай жатып, қонақтар ақылдасыпты. Осылай қымыз ішіп, ет жеп жата береміз бе, Бапас енді көрінбесе, ауылымызға қайта береміз десіпті. Сонда ғана Дәулеткерей қонақтарына келіп сәлем беріпті. Жұмысбасты болғанын айтып кешірім сұрап, қонақтармен мәжіліс құрып отырыпты. Содан домбырасын алдырып, құлақкүйін келтіріп айтты дейді. «Жамиғат, мен сендерді үлкен бір себеппен шақыртып едім. Жаңадан екі күй шығардым. Менің сыншым сендерсіңдер. Сендер не айтасыңдар — сол болады. Топан және Жігер деген екі бүркітім бар еді. Аңға шыққанда сол екеуінен бірдей айырылдым. Біреуі тасқа түсіп өлді, біреуін көкжал қасқыр шайнап өлтірді. Міне, сол күйді тыңдаңдар». Бүкіл Бөкейдің күйшілері таңғажайып екі күйді тыңдап, ұнатып, сол жерде жаттап үйреніп, елді-елге таратып алып кетіпті. Басқалар аттанып жатқанда Құрманғазы төренің ауылында қалып қойып­ты. Келесі күні жолға шыққанда, Дәулеткерей төреде жоқ әдетпен қонағын бір көш жерге шығарып салыпты. Сонда ауылдан ұзағаннан кейін Құрманғазы дүрс етіп аттан түсіп, Дәулеткерейдің үзеңгісінен ұстап тұрып кешірім сұрапты. Сөйтсе бұл екі күй, шындығында Исатай мен Махамбет сынды екі қыранға арналған екен ғой. «Мен ақ патша мен қазақтың ара­сындағы дәнекермін. Ал Исатай мен Махамбеттей ерлерім өлгенде мен де осы алаш құрлы қай­ғырдым. Мені сөкпеңдер» дегені екен ғой Дәулеткерейдің.

«А.Затаевич бұл күйге аса жо­ғары баға береді. Ол Чай­ков­ски­йдің «Патетикалы сим­фония­сы­ның» төртінші бөлі­мімен теңей­ді. Шынында да «Жігер» күйі – өте терең, му­зы­калық тілі бай, құ­рылысы ерекше, интонациялық жағы таңғаларлық, дамуы, мелодикасы, динамикасы көп күйде кездеспейтін жан-жақты, үлкен философиялы шығарма» деп баға­лайды Ахмет Жұбанов.

Иә, біз тануға тырысып жүр­­ген «Жігер» осылай екен. Өкініштісі – сана-сезімін бір, асса екі тактылы даңғаза мен шуға құрылған әуенсымақ тұ­сау­лаған бүгінгі тыңдарман бұған құлақ құрышын қандыра алмайтындығында.