Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Мельбурнде өтіп жатқан «Үлкен дулыға» санатындағы Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты.
Жүлде қоры 51,5 миллион АҚШ долларын құрайтын жарыстың алғашқы кезеңінде дүниежүзілік рейтингте 48-орында тұрған италиялық Элизабетта Коччареттоны екі сетте – 7:5, 6:3 есебімен тізе бүктірген Рыбакина екінші айналымда әлемдік рейтингте 104-орында тұрған словениялық Кайя Йуванмен кездесті. Бірінші партияда Қазақстан теннисшісі мықтылық танытып, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады – 6:2. Екінші сетте де жерлесіміз білгенінен жаңылған жоқ – 6:1. Небәрі бір сағатқа созылған бәсекеде Елена 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді.
Енді Е.Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін бүгін әлемнің 11-ракеткасы америкалық Даниэль Коллинзбен шеберлік байқасады. Елена жуырда Д.Коллинзді Аделаидадағы турнирде 5:7, 6:2, 6:3 есебімен ұтқан еді. Ал 2021 жылы Сан-Хоседе (АҚШ) өткен додада Д.Коллинз Рыбакинадан екі сетте – 7:6, 7:6 есебімен басым түскен болатын. Өкінішке қарай, қыздар бәсекесінде бақ сынап жатқан тағы бір отандасымыз Юлия Путинцева кеше чехиялық Каролина Плишковадан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды – 6:0, 7:5.