• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2023

Жылыжайдағы суық жай

493 рет
көрсетілді

Қаңтардың қарлы күндері мен аязы өңірдегі бірқатар кемшілікті, яғни қысқа дайындықтың тиісті деңгейде болмағанын байқатты. Қысы жайлы өңірдің қыс маусымына дайындығына жауаптылардың жұмысы табиғат сынынан өте алмады. Бүгінде жылыжайын жылыта алмаған шаруалар дабыл қағуда. Әсіресе әлеуметтік желілерде шаруалардың несие корпорациясына қарызданып салған жылыжайлары қирап жатқаны, онсыз да ушығып тұрған көмір мәселесіне күннің суытуы жығылғанға жұдырық болғаны айтылуда. Осы орайда шаруалар Үкіметтен көмек сұрайды, несие мерзімі ұзартылғанын қалайды.

Аудандардағы ахуалдан, оның ішінде жылыжайы бар шаруалардың жағдайынан хабардар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық аудан, қала әкімдері мен жауапты басшылардың басын қосып, шұғыл жиын өткізді. Сын сағатта сүрінген басшыларды қатаң сынға алды. Оған жол бергендерге қызметтік тексеру жүргізіліп, шара қаралатынын мәлімдеді. «Жылыту маусымына 100% дайын деп ақпарат берген едіңіздер, өкі­нішке қарай, шындыққа жанаспайды. Ал жұмыс өз деңгейінде жүргізілмегендігі анықталып отыр. Аудан, қалаларға көмір жеткізу толық шешілмеген. Тұрғын­дар, жылыжай иелері көмір тапшылығына және бағасына наразылық білдіруде. Қа­жетті көмір көлеміне орай басқарма­лар мен аудандардан жинақталған мәлімет­тер де дұрыс болмай шықты. Табиғи газ құрылғылары бойынша проблемалар туындауда. Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында газ құбырлары қатып қалып жа­тыр. Ауызсу құбырлары істен шығып, осы аптада 5 мыңға жуық абонент сусыз қалды. Арыс қаласының бірқатар тұр­ғындары жылу беру сапасына наразы. Кентау қаласындағы жылу орталығы­ның екі қазандығы істен шықты. Жылу беру маусымында орын алып жатқан осы жайттарға байланысты барлық қала, аудан әкімдеріне аталған кемшіліктерді шұғыл жоюды тапсырамын. Оған жауапты энергетика басқармасының басшысына, Кентау қаласының әкіміне, осы салаға жауапты менің орынбасарыма қатысты қызметтік тексеру жүргізілсін», деді Д.Сатыбалды.

Шаруалар көтерген мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында Сарыағаш ауданына барып қайтқан едік. Аудан әкімдігі қызметкерлерімен, шаруалармен кездесіп, бірқатар жайтты анықтадық. Қысқа дайындық жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегіндігі осы саланы басқарып отырған басшыға байланысты екені мәлім. Соңғы жылдары өңірдің коммуналдық шаруашылық басқармасы жібі түзу кәсіби маманға жарымай келеді. Мысалы, басшысы жиі ауысатын энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Дәлиев бұған дейін жиырма жылға жуық уақыт ішкі істер және қаржы полициясында, қауіпсіздік саласында түрлі лауазымда қызмет атқарған. Құзырлы органдардағы қызметінен кейін екі-үш жыл көлемінде коммуналдық салада кереметтей карьера жасаған С.Дәлиевтің жауапкершілігі мол жұмысты алып кете алатынына күмәнданушылар көп еді. Жұрт бекер күмәнданбапты, аптадан асар-аспас мерзімде қарлы да аязды қаңтар сала жұмысын бағалап берді. Шаруалардың мәселесін аудан әкімдігі күні кешегі суықта емес, өткен жылдың желтоқсанында тиісті орындарға жеткізіп, «Қазақстан теміржолына» хат жолдаған екен. Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Н.Тәліповке жолыққанымызда көмірдің келіп жатқанын, бірақ жетіспеушілік барын айтты. Яғни 2021 жылмен салыстырғанда былтыр 17 мың тонна көмір аз келген. Оның үстіне күннің күрт суытуы көмір тұтыну көлемін ұлғайтқан. Аудан қажеттілігі күніне – 25 вагон көмір. Бірақ Сарыағашқа әкелінген көмірден көршілес 5 аудан да алады. «Көмірді күтіп, егінін екпей отырған жылыжайларды қалың жауған қар басып қалды. Яғни 26 гектар жылыжай қирады. Егер көмір жағылып, жылыжай жылы болғанда түскен қар еріп, қирамас еді. Қираған жылыжайлар бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, заң шеңберінде тиісті көмектер қаралатын болады», дейді аудан әкімінің орынбасары. Ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Б.Полатбеков 19 қаңтар  күні Сарыағаш ауданындағы операторларға 25 вагон көмір босатылып жатқанын, ҚТЖ мәліметіне сәйкес бүгінде 52 вагон көмір ауданға бағыт алғанын мәлімдеді. «Сарыағаш ауданындағы ЖК «Hermes» тұйығында 11 вагон көмір тұр. Ол «КамАЗ» көліктерімен кезекпен жы­лыжайларға және тұрғындарға тасымалдануда. Бұл жердегі көмірдің бағасы тоннасына – 17 400 теңге. Сонымен қатар екінші тұйық – «Азамат мұнайда» 10 вагон көмір тұр. Бұл жерде келушілер аз, бірақ көмір бар. Аязды күндері көмірдің қатып қалуына байланысты біртіндеп босатылуда. «Hermes» тұйығына 39 вагон келе жатыр, ал қалған екі тұйыққа қосымша 15 вагон келеді. Бұл екі тұйықтағы көмір бағасы тоннасына – 18 500 теңге», дейді Б.Полатбеков.  Алайда диқандар басқа баға ұсынылатынын айтуда.

Айта кетелік, жылыжайлардағы мә­селені жуырда Сенат депутаты Әли Бектаев та көтерген болатын. Сенатор Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында биылғы қыс маусымының ерте басталғандығы мен қаталдығын ескере отырып, Сарыағаш ауданының тұрғындары мен шаруаларын әлеумет­тік көмірмен қамтамасыз етуді тез арада шешу керектігін айтқан болатын. «Аудан 2022 жылдың қорытындысы бойынша алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 мың тонна көмірді аз алған. Бүгінгі таңда Сарыағаштың көмір базаларында халыққа қажетті көмір жоқ деп айтуға да болады. Ал жылыжайлар өнімінің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға да қосымша көлемде көмір бөлдіру мәселесі ушығып тұр. Бүгінге дейін көмір тасымалдайтын теміржол контейнерлерінің жетіспеушілігі орын алуда», деді Ә.Бектаев депутаттық сауалында.

Сондай-ақ сенатор жылыжай өндірі­сіне мемлекеттік қолдаудың қосымша түрлерін ойластыру керектігін, бүгінде жылыжайлар пайдаланатын минералды тыңайтқыштардың және препараттардың 50%-ы субсидияланады, алайда ол жылыжай өндірісіне кететін шығындардың 3%-ын ғана құрайтынын айтты. «Яғни мемлекеттік қолдаудың жылыжай өнім­дерінің бағасына, сапасына, көлеміне ететін әсері жоқтың қасы деп айтуға болады. Біз бұл қалыппен тұрғындарды сапа­лы көкөніспен қамтамасыз етпек түгілі, импорттық өнімдерге бәсекелес бола алмай­тын өндіріс деңгейінде қалып қоюы­мыз мүмкін, тіпті жылыжайлардың жабылып қалу қаупі де жоғары», деді сенатор.

Жалпы, ауданда 683,2 гектар жылыжай орналасқан, оның 400,0 гектарға жуығы жылытылады, ал 283,2 гектары – парник. Биылғы наурыз айының соңына дейін жылыжайларға шамамен 98 430 тонна көмір қажет. Аудандағы жылыжайларға тәулігіне шамамен 1 750 тонна көмір жұмсалуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаев көмір жетіспеушілігі­не байланысты мәселе көтерген шаруа­лармен кездесіп, талап-тілектерін тың­дады. Шаруалар бүгінгі жағдай, яғни жылы­жайлардың қирауы, көмір мәселесі ертеңгі өнім бағасының қымбаттауына әкелетінін айтты. Көмір тапшылығы­нан шаруалардың 70 пайызы еге алмай отырғаны да айтылды. Ал кейбір жылыжайларда көшеттер де, піскен өнімді де үсік шалған. Қатты отынның жоқтығынан диқандар көкөніс өсіруді кешіктіріп жатырмыз дейді. Бұл орайда аудан әкімі қазіргі жағдай және шаруалардың талап-тілегі сарапталып, зерделенетінін, заң шеңберінде тиісті көмек көрсетілетінін айтты. Алдағы уақытта мұндай мәселе­лер­ді күр­делендірмей дер кезінде ше­шу ба­ғы­тында жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

 

Түркістан облысы