Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп ЕАЭО-ның сыртқы шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстанның кедендік шекарасындағы 12 өткізу пунктінде электронды кезектің автоматтандырылған жүйесін іске қосты, деп хабарлайды Egemen.kz Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 23 қарашада Qoldau.kz сайтында «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ платформасында «Достық авто» өткізу пунктінде электронды кезек жүйесін енгізу бойынша алғашқы қанатқақты жоба іске қосылды. Іске қосылған сәттен бастап бұл жүйені 4,2 мыңнан астам пайдаланушы пайдаланды, брондауға байланысты 28 мыңнан астам операция жасалды.
Электронды кезек жүйесін құрудың мақсаты − көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезектілігін қалыптастыру процесінің ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің транзиттік-көліктік және экспорттық әлеуетін арттыру.
Жүйені ҚР ҚМ «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ мамандары әзірледі. Бұл жүйе барынша ыңғайлы. Жүргізуші көрсетілген порталда тіркелгеннен кейін немесе мобильді қосымша арқылы жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Бұл ретте жүргізуші өз кезегі туралы СМС-хабарлама алады.
Уақытша схемамен және электронды кезекті енгізу мерзімдерімен ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурстарында (kgd.gov.kz) және веб-сайт CargoRuqsat.kz (CGR.qoldau.kz) танысуға болады.
Электронды кезек енгізілетін өткізу пункттерінің тізімі:
1) Темір-Баба (Маңғыстау облысы);
2) Нұр Жолы (Жетісу облысы);
3) Тәжен (Маңғыстау облысы);
4) Жібек Жолы (Түркістан облысы);
5) Целинный (Түркістан облысы);
6) Сырдария (Түркістан облысы);
7) Б. Қонысбаев (Түркістан облысы);
8) Майқапшағай (Шығыс Қазақстан облысы);
9) Қалжат (Алматы облысы);
10) Қазығұрт (Түркістан облысы);
11) Атамекен (Түркістан облысы);
12) Бақты (Абай облысы)