Тараз қаласында Халық әртісі Асанәлі Әшімов атындағы өнер орталығы салынады. Аталған орталық өңір руханиятын насихаттаудағы бірден-бір маңызды нысанға айналмақ. Жаңа нысанның жөн-жобасын зерделеу мақсатында абыз ақсақал көне шаһарға арнайы ат басын бұрды.
Кездесу барысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Асанәлі Әшімовті жаңадан бой көтеретін өнер орталығының эскиздік жобасымен жан-жақты таныстырды. Өз кезегінде А.Әшімов орталыққа қатысты көкейдегі ұсыныстарын ортаға салды.
Б.Орынбековтің айтуынша, нысанның құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады. Өнер орталығының жалпы аумағы 834 шаршы метрді құрамақ. Екіқабатты ғимаратта театр, кино, хореография секілді өзге де үйірмелер жұмыс істейді. Осылайша, жергілікті жастарды өнерге баулу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Асанәлі Әшімов атындағы музей де аталған ғимаратқа көшіріледі. Қала әкімінің сөзіне сенсек, ғимарат Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің маңынан бой көтереді. Өнер орталығының қасбеті неоклассикалық стильде, плиталы траветеринмен әдіптелмек. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
«Өнерді қолдаған ел өрге басады. Бұл нысан сондай қолдаудың арқасында салынады. Жамбыл жері – туған өлкем. Туған жерімде осындай орталықтың бой көтеретініне бек қуаныштымын. Орталық маған емес, болашаққа қызмет етеді. Нысанның жалпы жобасы көңілімнен шықты», дейді Халық әртісі өз ойымен бөлісіп.
ТАРАЗ