Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Университет ғылымының дамуы – Қазақстанның инновациялық дамуының қажетті алғышарты» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, оқу орнының ғылыми жетістіктерімен танысты.
Ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік алаңдарда жасаған зерттеулері ендігі кезекте үлкен өндірістерге жол ашады. Осы ретте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Президент тапсырмасына сәйкес тиісті министрлік ғылым саласына инвесторлар тарту мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, инновациялық экожүйе қалыптастыруда әрбір жоғары оқу орнын техникалық жабдықтау, зертханаларды жаңа құрылғылармен қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл бөлінеді. Ең мықты стартаптарға инвестиция тартылып, ғылыми өнімдер сұранысына баса мән берілмек. Егер белгілі бір өндіріс орны ғылымға инвестиция салатын болса, мемлекет тарапынан салық жеңілдіктері де қарастырылады. Бұл бағытта Салық кодексіне де өзгерістер енгізілуде. Сонымен бірге Президент жанынан Ғылым және технология бағытында ұлттық кеңес құрылып, нәтижесінде ғылыми қауымдастық өз мәселесін Президентке тікелей жеткізе алатын болады.
Ғылыми жобаларды өндіріске енгізу, университеттердің ғылыми-зертханалық мүмкіндіктерін арттыру мәселесі ғылыми конференция аясында кеңінен талқыланып, секцияларда жалғасын тапты. Биыл елімізде ғылымды қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артқан. Университет ғылымын тұрақты қаржыландыру үшін биыл бес пилоттық оқу орнында эндаумент-қорларды ашу бойынша нысаналы капитал қорлары туралы жеке заң тұжырымдамасы және жол картасы әзірленді.
Жиын барысында Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки еліміздегі жоғары оқу орындарының негізгі жетістіктеріне тоқталды. 2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберінде жалпы сомасы 28,2 млрд теңгеге жеті басым бағыт бойынша 1 070 жоба іске асты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 140, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ – 80, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ 49 жобаны жүзеге асырса, гранттық қаржыландыру шеңберінде жалпы сомасы 21,7 млрд теңгеге 561 ғылыми жоба (42%) іске асуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 31%, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ – 16%, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ 13%-бен көш алдында келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижесімен таныстырды. Университетте «идеяны қалыптастырудан коммерцияландыруға дейін» технологиялық дәлізі құрылған. Олардың қатарында шунгит концентраты, полиэфирлі шайыр, газразрядтық лампалар, дәрі-дәрмектер, көміртекті наноқұрылымдар және тағы басқа 10-ға жуық шағын өндірістік алаңдар жұмыс істейді.
Университеттің Қан тамырлары патологиясы орталығының директоры, профессор Оралбай Дәрменов атап өткендей, «Артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған құрылғы және әдіс», «Атеросклеротикалық түйіндерді селективті ультрадыбыстық диссекция жасауға арналған құрылғы және артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіру әдісі» қан тамырларындағы түйіндерді түбегейлі жоюға және бірден бірнеше артерияларды тазалауға мүмкіндік береді. Артериялық тамырларды қалпына келтіруге арналған құрылғылар шетелдерде қымбат тұрады. ҚазҰУ ғалымдары ұсынып отырған өнертабыс техникалық әрі қаржылық тұрғыдан да үнемді.
Зертхана ғалымдары іске асырған тағы бір жоба – вирустан қорғану құралы. Жаңа құрылғы өкпедегі вирусты залалсыздандыра отырып, науқас адамның демін тазартуға ықпал етеді. Арнайы патенті бар өндірістер желісін әрі қарай кеңейту алдағы уақытта халық саулығына ықпалы зор жобалар ретінде танылатыны сөзсіз.
Биологиялық белсенді қоспалар өндірісімен таныстырған ҚазҰУ Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жанар Жеңісқызы елімізде өсетін улы емес дәрілік өсімдіктерден жасалатын қоспалардың көптеген аурудың алдын алуға әсері туралы айтып өтті. Зертханада салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған үш мемлекеттік, бес халықаралық жобалар негізінде тұмауға қарсы, өкпе, бауыр, бүйрек, асқазан жолдары жұмысын жақсартуға, ағза қызметін белсендіруге, қант диабетіне, короновирусқа қарсы белсенді қоспалар өндірісі жолға қойылған.
Логистика және көлік академиясы ғалымдары құрастырған дельтаробот шағын денелерді зерттеуге бағытталған. Жас ғалым Айдос Сұлтан атап өткендей, жаңа құрылғы салмағы 1 кг жетпейтін шағын пішінді бұйымдардың құрамын анықтауға арналған. Конвейердің жұмысын тоқтатпастан нысанды толыққанды сараптауға болады. Бұл жобаға үш жылдай уақытын арнаған ғалымдар жоба өндірісте іске асады деген сенімде.
Қазақ тілін технология тілімен байланыстыра отырып, дыбыстану үрдісін жеңілдетуге мүмкіндік беретін ІТ жоба да ерекше назар аударуды қажет етеді. Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, PhD Өркен Мамырбаевтың жетекшілігімен жүзеге асқан жоба Kazak ASR дауыстық сигналдарды танып қана қоймай, мәтінге айналдыруымен ерекшеленеді. Қазіргі кезде бұл жобаға қызығушылық артып келеді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Инновациялық су тазарту жүйелері ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, Phd Абдығани Азимов стевия өсімдігінен жасалған өнімдермен таныстырды. Тарихы Аргентинамен байланысты бұл өсімдікті кейіннен Еуропаның елдері мен Жапония, Малайзия сияқты дамыған елдер өз өндірісінде пайдалана бастаған. Табиғи тәттілендіргіш ретінде қолданылатын өсімдік қант диабетімен ауыратын науқастарға мың да бір ем. Жылыжайда, ашық егістік алқаптарында сынақтан өткен өсімдіктен жылына бес рет өнім алуға болады. Сонымен қатар бұл зертханада жеміс дәндерінен, қабығынан алынған май, су, газ тазалығы мақсатында пайдалануға болатын белсендірілген көмір өндірісте сұранысқа ие. Дүниежүзілік банк қаржыландырған бұл жоба жемісін беріп, қазіргі кезде ғалымдар өндірістен түскен табыстың 10 пайызына ие.
Жиын отандық ғалымдардың ғылыми жетістігін паш етіп қана қойған жоқ, жобалардың өндірістік мүмкіндігінің зор екеніне тиісті министрлік мамандарының назарын аударды. Қазіргі кезде еліміз өңірлерінде 20 орталыққа академиялық басымдық берілген. Университеттік ғылымды дамыту жастарды ғылымға көптеп тартуға ықпал етеді дейтін болсақ, жоғары оқу орындары ерте курстардан бастап зерттеулермен айналысуға қатысты білім бағдарламаларын қайта қарап, ғылыми жетістікке талпыныс жасауы уақыт күттірмейді.
АЛМАТЫ