• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Күрес 24 Қаңтар, 2023

Спартакиаданың үміт алауы

315 рет
көрсетілді

Ақпаннан бастап елімізде жазғы спорт түрлерінен респуб­ликалық VI спартакиаданың алауы тұтанады. Төрт жылда бір рет өтетін кешенді жарыс арқылы Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлерінен Ұлттық құрамалар жасақталады. Яғни 2024 жылы Францияның бас шаһары – Парижде өтетін жазғы Олимпия ойындарының лицензиясы сарапқа салынатын халықаралық бәсекеге қатысатын спортшылар дәл осы Қазақстан спартакиадасы арқылы іріктеледі.

Спортты дамыту дирек­ция­сының баспасөз қызметі та­ратқан мәлімет бойынша, Спар­такиадаға республикалық маңызы бар үш қала (Астана, Алматы, Шымкент) мен 17 об­лыстың құрамалары қатысады. Елішілік Олимпиаданың шы­мылдығын білекті балуандар түрмек. Бозкілем шеберлері 3-8 ақпан аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында күрестің үш түрінен кіл мықтыны анықтайды.

Жарыстың алғашқы екі күнінде грек-рим балуандары 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 87, 97 және 130 кило салмақтарда бел­дессе, 5 ақпанда әйелдер 50, 53,55, 57, 59, 62, 68, 72 және 76 килода бозкілемге шығады. Ал 6-7 ақпан күндері еркін күрес шеберлері 57, 61, 65, 70, 74, 79, 86, 92, 97 және 125 кило сал­мақтарда кім мықтыны анық­тайды.

Мұнда күрестің әр түрінен командадағы спортшы саны 15-тен аспауы қажет. Ал 5 сал­мақ­тың қайсысына 2 ба­луан­нан қосатынын әр команда өзі анықтай алады. Жал­пы­ко­ман­далық есепке ең үздік нә­тиже көрсеткен спортшының же­­тіс­тігі ғана жазылады. Күрес­тен қайта жасақталған Қазақ­стан ұлттық құрамасы Спар­та­киа­дадан соң бірден наурыз айында Үндістан астанасы – Нью-Де­лиде өтетін Азия чем­пио­­натына дайындықты бастайды.

Биылғы Спартакиаданың ресми ашылу салтанаты 30 мамырда Тараз қаласында ұйым­дастырылады деп жоспарланған. Айта кетейік, биылғы жарыс­тар Спартакиаданың шешуші, үшінші кезеңі болмақ. Осыған дейін алғашқы кезеңде аудан мен қала құрамасы анықталды. Сосын, олар екінші кезеңде облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың құрамасына кіру үшін өзара шеберлік байқасқан еді.

Қазақстан спортшылары 2023 жылғы Спартакиадада күрес­тің үш түрінен бөлек, тен­­­­нис, бадминтон, гандбол, сем­серлесу, каратэ, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, гимнас­тика, жүзу, велоспорт, бай­дар­ка есу және тағы басқа да спорт түрлерінен сынға тү­седі. Былтырғы жарыстың жал­­­­пы­командалық есебінде Алматы қаласының командасы топ жар­­ған болса, екінші орынды Шымкент қаласы, үшін­ші орынды Алматы облысы ие­лен­ген-ді.