• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2014

Жүйелі жұмыстар жалғасуда

267 рет
көрсетілді

Еліміздің «жасыл» эконо­микаға көшу» тұжырым­дама­сын іске асыру аясында министрлік жаңартылатын энер­гия көздерін дамытудың нысаналы индикаторлары мен оларға қол жеткізу жолдарын белгіледі. Мәселен, 2020 жылға қарай елімізде жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген қуат үлесі 3 пайызды құрайды. Былтыр жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы заңға түзетулер енгізілді. «Бұл тіркелген тарифтер шамасын есептеп, секторды қолдау шараларын енгізуге мүмкіндік берді. Белгіленген шаралар Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері рыногын қалып­тастыруға жағдай туғызады. Мамыр айында Үкімет біз ұсынған тіркелген тарифтер шамаларын мақұлдады. Жел электр стансаларында өндірілетін қуаттың киловатт сағатына 22,68 теңге төленсе, күн электр стансасы қуатының бағасы – 1 киловатт сағатына 34,61 теңге. Шағын су электр стансаларында өндірілген қуаттың киловат сағатына 16,71 теңге, биогаз қондырғыларының қуатының киловатт сағаты 32,23 теңгеге бағаланды. Сонымен қатар, отандық өндірушіні қолдау мақсатында елімізде өндірілген кремний негізіндегi фотоэлектрлік модульдерді пайдаланатын күн электр стансаларының тіркелген тарифі енгізілді. Осындай стансаларда өндірілген қуаттың киловатт сағаты 70 теңге тұрады. Тіркелген тарифтердің қолданылу мерзімі – 15 жыл. Олар Үкімет белгілеген тәртіппен, инфляция деңгейіне қарай, жыл сайын индекстеледі. Осы жайларды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлімдеді. Сондай-ақ, ол тіркелген тарифтер инвесторлардың қызығушылығын арттырып, жаңартылатын энергия көздері нарығына тарту мақсатында енгізіліп отырғанын да атап көрсетті. Басқосуда министр орман және аңшылық шаруашылықтары секторын дамыту, ағымдағы атқарылатын нақты істер, сонымен бірге, жануарлар әлемін қорғау мәселелері жайына да тоқталды. Орман және аңшылық шаруашылықтары секторын дамыту міндеттері қазір әзірленіп жатқан 2020 жылға дейінгі экономиканың орман секторын дамыту жөніндегі бағдарламада белгіленбек. Мемлекеттік орман шаруа­шылығы мен табиғатты қорғау ұйымдарының күшімен көктемгі маусым барысында 34 мың гектар жерге ағаш отырғызылған. Сонымен қатар, ел аумағындағы ормандарды сақтау және көбейту жобасы аясындағы жұмыстар жасалуда. Жоба аясында Арал теңі­зінің құрғаған бөлігінде фито­мелиорациялық шаралар жүргізіліп, ауданы 10,6 мың гектар жерге сексеуіл отырғызылған. «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында орман ағаштарының көшеттері өсірілетін кешеннің құрылысы аяқталып келеді. Оны қараша айында іске қосу жоспарланған. Министрлік экологиялық іс-шараларға қалың жұртшылықты тарту үрдісін жалғастырып келеді. Көктемде елімізде Жер күні мен Қоршаған ортаны қорғау күніне орай орман отырғызу акциясы өтіп, оған 226 мыңнан астам адам қатысты. Еліміздің қалалары мен ауылды аймақтарында 662 мың ағаш егілген. Халықты эколо­гиялық ағарту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар пробле­маларына қоғам назарын аудару мақсаттарында еліміз­дің барлық табиғат қорғау ұйым­дары 23 наурыз бен 5 маусым аралығында «саябақтар маршы-2014» акциясын өткізді. Көктемде киік мекендейтін аумақтарда жануарларды есептеу науқаны жүргізіліп, нәтижесінде былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда Қазақстанды мекен еткен киік саны 37 пайызға артып, 256 мың бастан асқаны анықталған. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».