Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын өз айдынында Череповецтің «Северсталімен» өткізді.
Тұрақты біріншіліктің Шығыс және Батыс конференциясының аутсайдерлері арасында өрбіген матчтың негізгі уақытында есеп ашылған жоқ. Кездесудің алғашқы кезеңінде «Барыс» ойыншылары басымдық танытқанымен, қарсыластарының қақпасына шайба соға алмады. Джереми Бракко мен Дмитрий Шевченкода гол соғатын 100 пайыздық тамаша мүмкіндік болғанымен, екеуіне де соңғы сәтте дәлдік жетіспеді.
Екінші кезең толығымен «Северсталь» хоккейшілерінің үстемдігімен өтті. Себебі айдын иелері мұзайдында жиі тәртіп бұзып, бірнеше рет кіші айыппен жазаланды. Сан басымдығына ие болған қонақтар «Барыс» қақпасының маңайында айтарлықтай қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ Юлиус Гудачектің осал тұсын таба алмады. Осы кезеңде Череповецтің командасы «Барыс» қақпасына 17 дәл соққы жасады. Матчтың негізгі кезеңі тең есеппен аяқталған соң, ойын овертаймға ұласты. Қосымша минутта да екі команданың ойыншылары мергендігімен көзге түсе алмады. Сөйтіп жеңімпаз клубтың есімі буллиттер сериясында анықталды. Бұл сында «Северсталь» хоккейшілерінің бағы жанды – 1:0. Жерлестеріміз келесі матчын бүгін Челябінің «Тракторымен» өткізеді.