Бангкокта ұйымдастырылған бокстан жастар арасындағы (U-22) Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Финалдық жекпе-жектердің алғашқы күнінде біз қыздар арасындағы бәсекелерді тамашаладық. Шаршы алаңға шыққан екі боксшымыз да жеңіс тұғырынан көрініп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.
Бірінші болып шаршы алаңға 70 кг салмақта өнер көрсететін Жасмин Қизатова көтерілді. Қарағанды облысының тумасы жас болса да, бүгінге дейін ересектер арасындағы елішілік және халықаралық жарыстардың жүлдегері атанып үлгерген. Мәселен, 20 жастағы Жасмин 2020 жылы қыздар арасындағы ел біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізсе, одан кейінгі жылы Қазақстан чемпионатында күміспен күптелді. Сондай-ақ ол 2021 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің және сол жылғы әскерилердің жаһандық додасының қола жүлдегері атанды.
Жас болса да, халықаралық аренада біраз тәжірибе жинап үлгерген жерлесіміз Азия біріншілігінде екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де қарсылас шыдатқан жоқ. Жеребе қорытындысы бойынша жарысты жартылай финалдан бастаған отандасымыз алғашқы кездесуінде Вьетнам боксшысы Труонг Мин Тху Кюнхпен жұдырықтасып, қарсыласын үшінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді. Финалда әуесқой бокстағы Қазақстанның негізгі бәсекелесі саналатын Өзбекстан құрамасының өкілі Азиза Зокировамен қолғап түйістірді. Үш раундқа жоспарланған айқаста Ж.Қизатова қарсыласын айқын жеңсе де, төрешілер қазақ боксшысын сәл ғана басымдықпен жеңді деп есептеді. Сөйтіп, Жасмин Қизатова жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтынды салды.
Жасминнің ізін ала рингке көтерілген ұлттық құраманың ауыр салмақтағы тәжірибелі боксшысы Гүлсая Ержан (81 кг) командалық әріптесінің жеңісті жолын жалғады. Ел біріншілігінің жүлдегері, былтыр ересектер арасында Амманда (Иордания) өткен Сары құрлық додасының күміс медаль иегері, 22 жастағы Қызылорда облысының тумасы Тайландтағы турнирдің финалында жергілікті боксшы Порннип Чутимен қолғап түйістірді. Төрешілер жекпе-жекті қанша жерден шаршы алаң иесіне бұра тартқанымен, отандасымыз бәрібір өз мықтылығын дәлелдеді – 3:2 (29:28, 30:27, 26:30, 27:30, 29:28). Гүлсая жартылай финалда Непал боксшысы Жебегу Тришаны еш қиналмай жеңгенін де айта кеткен жөн.
Осылайша, бокстан Қазақстанның қыздар құрамасы Тайландтағы жастар арасындағы Азия біріншілігін екі алтын, жеті қола жүлдемен түйіндеді. Сары құрлық додасының жартылай финалында қарсыластарына жол берген Мөлдір Тойкова (50 кг), Анель Сақыш (54 кг), Виктория Графеева (57 кг), Шахназ Исаева (60 кг), Назерке Серік (63 кг), Ақнар Ишанова (66 кг) және Дана Дидай (75 кг) қола жүлдегер атанды.
Кеше ерлер құрамасының алты өкілі бас жүлде үшін жекпе-жектерін өткізді. Атап айтар болсақ, жеңіл салмақтағы жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы Санжар Тәшкенбай (48 кг) Өзбекстан өкілі Шодиержон Меликузиевпен, 52 кг-дағы Нұрсұлтан Алтынбек филиппиндік Флинт Джармен, ересектер арасындағы әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Мұхмұд Сабырхан (57 кг) Тайланд боксшысы Саравут Суктхетпен, 67 кг-дағы Абзал Серік (67) Өзбекстанның былғары қолғап шебері Бехзод Хамидовпен, сондай-ақ 71 кг өнер көрсететін Сабыржан Аққалықов Нурислом Исмоиловпен (Өзбекстан) және Диас Молжігітов (75 кг) тағы бір Өзбекстан боксшысы Алохон Абдуллаевпен жұдырықтасты.
Бұл жекпе-жектердің қалай аяқталғаны жайында газетіміздің келесі санында егжей-тегжейлі баяндаймыз.