• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Қаңтар, 2023

Ағаш адам

617 рет
көрсетілді

Қағаз жұтып, сия ішіп жүрген студенттік қызылкүрең мезеттерде «Жас толқын» сериясымен шыққан жинақтар легі қолға түскен. Бүкілге жуығын мүдірмей оқып шыққамыз. Ішіндегі бір кітап үйір ішіндегі аладай оғаш ой сыйлап, тебіреніске түсірген. Есімі – «Жұмбақ кітап».

Бұл өзі қандай кеп, қандай на­қыш? Оқысаңыз еліктіріп, қоп-қою шұ­қы­рына тартып ала жөнеледі. Сірә, шығар­машылық деген жеке тұлға­ның апан-шұқыры. Кімнің апаны терең қазылса, сол шын талант. Кім өз жалғыздығына, жан дүниесінің түбіріне алыс үңіле білсе, сол ғана Тәңірдің өзіне ғана тән таңбасына қол жеткізбек. «Жұмбақ кітап» – әлі әлеуметтенбеген, ортаға, қоғамға еніп үлгермеген, ешбір заң мен қағидаттардың сүзгісіне салынбаған туабітті тұмса шығармашылық ойдың жемісі. Онда Борхестің жұлқыма ырғағы, Кафканың өрмекшісі, Камюдің бейқамдығы жоқ. Автор шығарманы беру жолын әлдебір жазушылардан үйренгені анық, бірақ тұтас кітапта бөтен ешкімнің көңіл күйі байқалмайды. Бейне бір жазушы өмірде өзін ғана тануға құштар болып, жалғыздық апанында дербес сөздерін ақ қағазға құйып қана отырғандай. Еш жазбаны ақтармағандай, ешбір бөтен кітапты оқымағандай. Бұл қандай шынайылық?

Жазушы сыртқы ортадан гөрі жан дүниесіне көбірек үңіледі. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы адамдардың ішкі арпалысы, мұң-зары, қоғам халі шығар­маларда көрініс береді. Жазушы үнемі өз-өзімен күресте. Жан әлеміндегі алуан күйлер мен түстер, бастапқы нүкте мен одан ұзаған өзгерістер, кезіккен сәттер мен артта қалған іздер – осының бәрі сексеуілдей сынғыш, кейде мелонхо­лиялық, сентиментальді көңіл күймен табиғи суреттеледі. «Ескі үйге апаратын жол» шығармасында кейіпкер үйіне қайтып келе жатып өзінің өзі емес екенін түсінеді. Ақыры аласұрып өзін іздей бастайды. «Мәссаған, мына қызықты қараңыз, мен жүріп келе жатқан көше – басқа көше. Жо-жоқ, дәл өзі, мен күнде­лікті жүретін көшенің өзі. Бірақ басқаша, менің көшем емес, тас жолдан өгейліктің иісі аңқиды. Әрі-бері ойланып, мүмкін күні бойғы сәтсіздіктерден кейін санам сансырап, бөгде көшеге түсіп кеткен шығармын деген тоқтамға келдім. Жо-жоқ, нақ сол көше, алайда басқа көше». Кейіпкер қоршаған ортаның жат екенін, бұрынғылардан жұрнақ та қалмағанын ұғады. Үйіне келсе де, басқа біреудің үйіне кіріп кеткендей күй кешеді. «Көпке дейін ұйықтай алмадым. Өз-өзіме деген сағыныш барған сайын үдей түсті. Неге екенін білмеймін, көз алдыма кішкентай кезімдегі ескі үй елестей береді...» Міне, осы тұста қала адамының күнделікті қарбаласқа жұтылған жүрегі елес береді. Оның көз алдына алғашқы іңкәр мөлдірлік, киелі шақтағы «ескі үй» оралуы кеңсірікке жас әкеледі. Неге? Адамдардың бастапқы қалпынан ұзап кететіні соншалық, кейде адасып қалатыны жасырын емес. «Қоғам илеп-илеп өзіне қажетті» адам жасап алып, адамдық құндылықтардан айыруы әп-сәтте. Жазушы үздіксіз ішкі күрес барысында мұның бәрін айқын көріп, анық сезінеді. Тіпті ауыспалы қоғамдағы адам құнының соншалықты төмендігін, шыбын қанатындай қадірі жоғын жазады. «Аспалы кереуетте» бақилық болған аты жоқ адамды ешкім іздемейді, тіпті мән бермейді. «Оның орны ойсырап тұрса да іздеген ешкім болмады. Бөлмеге келгенде де жанымдағылардың ешқайсысы оны іздемеді, ол адам бұл бөлмеде тұрмайтындай. Таң атты. Оны ешкім іздемеді. Тіпті аула ішінен оның өлігін тауып алдық деген сыбыс та шықпады». Қоғамдағы адамдар жеке бас пайдасынан әрі асуға мұршасы қалмайтын дәрежеге жетті. Тәуелсіздік алған жылдардағы ауыр ахуал адамдардың кеудесіндегі  махаббат, әділет, қайырымдылық, мейі­рім­­ділік атты құндылықтарды кеміт­ті. Көзге көрінбейтін, кісіге «пайда» әкелмейтін ізгі қасиеттер белгілі бір деңгейде мансұқталды. Бос вакуум­ға айналған кеуде өзге адамдарға цифр немесе нысан ретінде қарауға үйретті. Жазушы шығармаларында осы бір күрделі, оспадар жайттар әр тұстан қы­лаң беріп отырады.   

«Барсик» әңгімесінде сөйлейтін ит пен иесінің арасындағы байланыс баян­далады. Бірде Барсик иесіне бір күн кейпіне еніп, қала жаққа барып келу жайлы ұсынысын әрі қожайынына иттер әлемінің қыр-сырымен танысатынын айтады. Иесі келісім беріп итке айналады да, дүниеге ит көзімен қарай бастайды. Шығарма оқиғасы шынайылықпен баяндалып, аурасына еніп үлгересіз. Иттердің диалогі кісіні еліктіріп, сөзіне сендіреді. Барсик иттердің бәрінің тілі бар екенін, тек сөйлемейтінін баян етеді. Шынында, әрбір жаратылыс иесінің өз тілі бар екеніне сене түсесіз. Шығарманы оқып біткен соң адам болып өмір сүрудің ұлылығын, үлкен борыш, даңқ екенін ұғынасыз. 

«Ағаш адам» әңгімесі тылсым оқиғаға құрылған. Ағаш шебері жол бойында келе жатып, ағаш кесіп жатқан қызметкерлерге жолығады. Олардан «екі метрдей дөңбекті» сұрап алады. Кейіннен кешкі жаңалықтардан орталықтағы саябақтан арт нысан ұрланғанын, ол өткен аптада өмірден өткен мүсіншінің аяқталмаған туын­дысы екенін айтады. Ал таңертең саябақ сыпырушысы ағаштың жонылған жаңқаларын жинайды, қашау мен балғаны көреді. Бір кезде кілт тоқтап, мүсін орнында жоқ екенін көреді.

Мақсат Мәлік прозасын оқи отырып оқырман өзіне үңіледі. Күнделікті ақпарат пен ұрандар тасқыны емес, «өз ішінде бақытты адам ғана шын бақытты» екенін бағамдайды. Жазушының жан құрылымы ұлттық мінез бен тәрбиеге бай, қай жайды да ұлт диірменіне ұсақтап қорытады. Бірде «алай-дүлей сезім ағысын іркіп» қалып, бірде марқұм анасының «далада ұйықтама» деген өсиетін еске алады. Осы бір ұсақ бөлшектер елеусіз көрінгенімен, бойдағы жіңішке қылды қозғайды. Жаңа өріс, жаңа таным, жаңа ойлар – оқырманға бөтен дүниетаным сыйлап, әлемді жан түкпірінің көзілдірігімен қарауға шақырады.

...Алда прозаның тәуелсіздіктен кейінгі жарқын дәуірі мұнартады. Сол дәуірдің жұлдызды белесінде рухы азат, ойы кең оқырмандарымен Мақсат Мәлік есімі тұрары сөзсіз.