Сұңғат ӘЛІПБАЙ – Санкт-Петербургтен.
Осы қалада осыдан 4 күн бұрын ғана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа және осы қоғамдастық аясында құрылған Кеден одағына мүше елдер үкімет басшыларының кездесуі өткендігін еске сала кетпекпіз. Сол кездесуде Кеден одағына мүше елдердің үкімет басшылары аясында одақтың санитарлық, малдәрігерлік санитарлық, фитосанитарлық шараларын қолдануды реттеу, одақтың басты құжаты Кеден кодексін жүзеге асыруға байланысты жасалған іс-шаралар жоспарын халықаралық келісімге сәйкестендіру, өзара сауда қатынастарын реттеу, кедендік баж салығын реттеу және басқа да мәселелер қаралған еді. Кеден одағы аясында басқосулардың қай-қайсысында болмасын Қазақстан басшылығы өз елінің мүддесін берік қорғау үстінде. Өткен жолы да солай болған еді. Сондықтан Ресей мен Қазақстан арасында үшінші елдерден енгізілетін тауарларға қатысты бірқатар мәселелер қайта қарау үшін сарапшылар кеңесіне тапсырылған болатын. Осы жолы Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путин арасында өткен кездесуде осы мәселелер келіссөздің негізгі тақырыптарының бірі болды. Келіссөздер барысында жекелеген уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл жайында келесі нөмірде жан-жақты баяндайтын боламыз.
•
29 Мамыр, 2010
ҚАЗАҚСТАН КЕДЕН ОДАҒЫНА ҚАТЫСТЫ КЕЛІССӨЗДЕРДЕ ӨЗ МҮДДЕСІН БЕРІК ҚОРҒАУДА
528 рет
көрсетілді