• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 28 Қаңтар, 2023

Қазақстан мен Мажарстан екіжақты ынтымақтастықты нығайтады

327 рет
көрсетілді

Будапешт қаласында экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰЭМ басшысы үкіметаралық комиссияның отырысын аша отырып, ҚР Үкіметі атынан жиын қатысушыларына ілтипат білдірді және шараны ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өтті.

«Біз өзара тиімді және нәтижелі ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы артып келеді. Біз өзара сауданы ұлғайту үшін барлық күш жігерімізді салуымыз керек», деді Ә.Қуантыров.

Министрдің айтуынша, Қазақстан жеткізілетін тауарлардың көлемін ұлғайтуға және тауар номенклатурасын кеңейтуге дайын. Өткен жылы елімізде тамақ, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, мұнай өңдеу және т.б. салаларда кәсіпорындар іске қосылды. Жалпыұлттық пул шеңберінде 2022 жылы $4,2 млрд құрайтын 160 жоба жүзеге асырылды. Жаңадан 15,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Оны одан әрі дамыту мақсатында 2030 жылға дейінгі тиісті Тұжырымдама әзірленді. Оның мақсаты - тауарларды жеткізу жылдамдығын арттыру, халықаралық транзиттік-көлік дәліздерінің және логистикалық терминалдардың өткізу қабілетін жоғарылату», деді министр.

Оның сөзінше, аталған шаралар Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға да, Қазақстан арқылы Мажарстан мен Қытай арасындағы екіжақты саудадағы маңызды көлік бағыты болып табылатын «Захонь порты» жобасын дамытуға да ықпал ететін болады. Бүгінде Қазақстан мен Мажарстан үкіметтері арасында әуе көлігі туралы келісім жасасу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Бүгінде Қазақстанда венгр капиталының қатысуымен 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі салаларында бірлескен 39 компания құрылды», деді ҰЭМ басшысы.

Министр мажарстандық тарапқа Қазақстандағы перспективалық инвестициялық жобаларға қатысуды ұсынды.

Бұдан басқа, жиын барысында үкіметаралық комиссияның алдыңғы 7-ші отырысы шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың қорытындылары қаралды. Бұдан бөлек, сауда, қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика, IT, экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Жалпы, тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша энергетика, білім, бизнес және т.б. салалардағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы 9 Меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрі мен Мажарстанның Қаржы министрі БАҚ өкілдері үшін бірлескен брифинг өткізді.