Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барысы» кезекті тур ойынын «Барыс Аренада» Челябінің «Тракторымен» өткізді.
Гагарин кубогі жолындағы жарыстың плей-офф кезеңіне шығу үшін жанталасып жатқан екі ұжым да Астанадағы бәсекеде жеңіс үшін барын салды. 8-минутта «Барыс» сапынан Александр Борисевич кездесудің есебін ашса, арада екі минут өткенде Никита Михайлис мергендік танытып, есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда бірінші кезең аяқталар тұста сан басымдығына ие болған қонақтар есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Роберт Хэмилтонның көк жолақтың бойынан бағыттаған шайбасы қақпа торынан табылды.
Екінші кезеңде ойын біраз саябырсығандай болды. Екі клубтың хоккейшілері алма-кезек шабуыл жасағанымен, соңғы сәтте дәлдік жетіспей жатты. Кезең соңына қарай қонақ ойыншыларының жүйкесі сыр беріп, қатарынан екі хоккейшісі кіші айыппен жазаланды. Сан басымдығына ие болған жерлестеріміз екі минутта екі шайба соғып, есепте алға ұзап кетті – 4:1. Екі голды да Алекс Грант өз еншісіне жазды.
Үшінші кезеңде ойын тізгінін қонақтар өз қолына алды. 44-минутта Михаил Котляревский мен 59-минутта Никита Сошников есеп айырмасын қысқартқанымен, таразы басын теңестіруге қонақтардың шамасы жетпеді – 4:3. Осылайша, «Барыс» «Тракторды» осы маусымда төртінші мәрте жеңді. Андрей Скабелка шәкірттері кеше Мәскеудің «Динамосымен» кездесті.