• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2010

ЕЛБАСЫ “АЛТЫНТАУ” ДЕП АТЫН ҚОЙҒАН КЕНІШТІ ИГЕРУ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ОЗЫҚ ЖОБА САНАЛАДЫ

563 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев 28 мамыр күні жұмыс бабындағы сапармен Көкшетауға келді. Елбасының тікұшағы бірден “Васильковский ГОК” АҚ арнайы алаңына қонды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен оның жанындағы ресми адамдарды Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко мен акционерлік қоғам президенті Алидар Өтемұратов қарсы алды. Мемлекет басшысы өндіріс орнын аралауды карьер жұмы­сы­мен танысудан бастады. Құз жар­тас­тың ішінде қыбырлаған тірші­лік. Айналма жолдарда “таусоғар” экскаваторлар тиеген үй көле­мін­дей жүкті арқалаған алып “БелАЗ-дар” тізбесі биікке өрлеп келеді. Елбасы осынау “құс жолына” сәт сапар тілеп, екпінді еселей түсуді тапсырды. Сонымен қатар, кенші, тәжірибелі металлург Нұрсұлтан Әбішұлы өндірістік кестедегі жара­лысты да өз қолымен атқарды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев көптен күткен тарихи оқиғаның қоңы­рау­ын соқты. Мың сан қауым қатыс­қан салтанатты сәтте Мемлекет басшысы жаңадан салынған алтын айыру фабрикасын іске қосты. Әуеде “Нұрсұлтан! Қазақстан!” де­ген қуатты алақай ұран қалықтады. “Индустриялық даму – бұл біз­дің жаңа онжылдықтағы мүм­кін­шілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін”, деп атап көрсетті Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биыл­ғы Жолдауында. Елбасы бүгінгі сапа­рында осы ойларының нақты жүзеге асқанының бір белгісі ретінде жаңа сипаттағы кен байыту комбина­тындағы іргелі өзгерістерді үлгі етті. Әлем рыногындағы қаржылық тұрақсыздық жағдайында алтын өндірісі инвестициялық тартымды салалардың бірі болып отыр. Қазақстан бүгіндері жер жүзінің бәсекелестікке қабілетті елу елінің қатарына қосылуға ұмтылуда. Бір­ақ, кейбір көрсеткіштер бойынша біздің мемлекетіміз алғашқы он­дық­тың қатарынан көріне білді. Мұнда еліміздің әлемдік өлшем­дегі алтын қорының молдығы мен оны өндіруде Достастық мем­ле­кет­тері арасында жетекші орынға шық­қанымызды айтар едік. Осы орайда, қайта жаңғырған Василь­ков кен байыту комбинатының өзін­дік салмақты үлесі барлығы мәлім. Қырық жылдан астам тарихы бар өндіріс орны күрделі бұралаң белесті бастан өткерді. Алып ке­шен, тіпті, 1987 жылы кеннен ал­тын­ды айыру барысындағы қиын­дықтарға байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Соған қарамастан, 1991 жылы Васильков кен орнында ТМД-да алғаш рет кенді үймелеп ұсақтау тәсілі қол­да­нылды. Ол алтын айыру дең­гейін көтеріп, кәсіпорын тиім­ді­лі­гін арттырады деп күтілді. Әйт­кен­мен, аталған әдіс табиғи қоры бір­тіндеп азайып келе жатқан қыш­қыл құрамды кеннің тиімді өңде­луін қамтамасыз еткенімен, қор­лануы жөнінде мейлінше сенімді сульфид кенін қайта өңдеу үшін жаңа технологияларды және қо­мақ­ты инвестиция жұмылдыруды алға тартты. Компанияның бұрынғы бас­шы­­лары 2003-2006 жылдары жаңа алтын айыру фабрикасын салуға талпыныс жасап көрген, бірақ әртүрлі себептермен, ең бастысы, заманалық технологияның жоқты­ғынан құрылыс қолға алынбай қалды. Осының салдарынан ке­ніш­тен өзі құрылған күннен бастап 2006 жылға дейін бас-аяғы 11,5 тонна қымбат металл мен 14,3 миллион тонна кен алынды. “Менің тапсырмаммен кеніште түбегейлі қайта құру жұмыстары басталды, – деді Елбасы. Оған 60 миллиард теңге немесе 700 мил­лион доллардан астам инвестиция жұмылдырылды. Акционерлік қоғамға жаңа басшылықтың келуі­мен және жаңа қаржыландыру көзінің ашылуымен жағдай күрт өзгерді. Көптен күткен алтын айыру фабрикасының құрылысы 2008 жылдың сәуірінде басталып, 2009 жылдың төртінші тоқсанында аяқталды. Мұндай серпіліс әлемдік тәжірибеде болмаған. Әдетте мұндай нысандарды пайдалануға беруге орта есеппен бес жыл уақыт жұмсалады”. Қайтарым көңілдегі есептен асып түсетін түрі бар. Білікті маман­дардың сараптауынша, аталған нысанның толық қуатына енуімен жылына 8 миллион тонна кен өңдеуге мүмкіндік туады, ал алынған жалпы кеннің көлемін 122,3 миллион тоннаға жеткізу жос­парлануда. Алып кеніште қа­зірдің өзінде жылына 13-14,5 тон­на алтын өндіру белгіленген не­ме­се кенішті пайдаланудың барлық ке­зеңінде 215 тонна алтын алу жө­нінде тұжырым жасалуда. Бұл өт­кен кезеңдердегі көрсеткіштерден 10 есе артық деген сөз. Компа­ния­ның түпкі өнімі – катодты алтын (Доре қорытпасы). Өндірістік үдерістегі негізгі өзгеріс құрамында алтыны бар кенді қайта өңдеу кезінде оны үйме­леп үгітуден бас тарту және алтын айыру барысындағы дәстүр­лі тәсілдермен бірге күрделі әрі ке­шенді технологияны енгізу болып табылады. Ол флотация, гравита­ция және циандау тәсілінен көрі­ніс береді. Жаңа фабрика 600 атаудан тұратын, көптеген көрсет­кіштері бойынша заманалық озық құралдармен жабдықталған. Бұлар негізінен Канада, Австралия,  АҚШ, Болгария, Швеция, Фин­лян­дия, Германия, Италия және Ресей мемлекеттерінен жеткізілген. Кен өндірісі паркінің жабдықтары толық алмастырылды. Қазір мұнда Америка, Жапония, Швецияның сыннан өткен заманалық 67 дана тау-кен техникасы жұмыс істеуде. Бұл техникалардың жалпы құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Елбасы баламасы жоқ жоғары технологиялық жабдықтардың сипаттамасына назар аударды. Кен кесегінің көлемі 350 мм. дең­гейін­дегі алғашқы ірі уақтау үдерісі “San­dyіk” (Швеция) екі жақ уат­қышымен атқарылады. Әлемдегі ең ірі құрылғының бірі саналатын қондырғының әрқайсысының жылдық қуаты 4 миллион тонна­дан асып түседі. Орта және ұсақ уақ­тау жұмысында да осы фир­маның озық жабдықтары пайда­ла­ны­лады. Жі­ңіш­ке уақтау үдерісіне Германиядан RP-16/170/180 рол­лер­лік жаныш­тауыштары алды­рыл­ған. Делегация мүшелері оны іске қосып көргенде әдеттегі тар­сыл-гүрсіл мен жер дүниені сілкін­дірерлік тербелістің жоқтығына тәнті болды. Уақталған кенді ұнтақтау Фин­ляндияның “Outotec” фирмасы­ның әлемдегі ең қуатты шар диір­мендері арқылы жүзеге асыры­лады. Небары 400 текше метр көлемдегі диірмен сағатына 500 тонна кенді қайта өңдей алады екен. Ал, оның ұнтақталуы 74 микронға тең. Фабрикада “Knelson XD” (Ка­нада) орталықтан тепкіш елеуіш­тері орнатылған. Ол өнімділігі, тиімділігі және үнем көрсеткіштері бойынша өзге аспаптардан асып түсетіні айтылды. Сондай-ақ, “Deswіk” фирмасының ультрадиір­мендері кенді адам шашынан да жіңішке деңгейде ұнтақтайтыны іс барысында көрсетілді. Әрине, мұндай озық техно­логия мен жабдықтарды басқару жоғары біліктілікті талап етеді. Бүгінгі күні комбинат құрамында 1950 адам бар. 2009 жылдың қаң­тары мен 2010 жылдың наурызы аралығында ұжымға 1287 қызмет­кер қабылданыпты. Былтыр 1000 адам кәсіби даярлықтан өткен. Жалпы, компания 2007 жылдан бері кадрларды оқыту мен қайта даярлауға 2 миллион долларға жуық қаржы жұмсағаны болашақ­тың беріктігін аңғартады. Сондай-ақ, акционерлік қоғам ұжым мүшелеріне мейлінше еңбек және әлеуметтік қолайлы жағдайлар ту­ғызуға, экологиялық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге айрықша көңіл бөлетіндігі айқын байқалады. Оны осы мақсаттарға 4 миллион доллар инвестиция тартылғанымен дәлел­деуге болады. Фабриканың қалыпты жұмыс ырғағына риза болған Елбасы Н.Ә.Назарбаев жұмысшылар мен жиналғандар алдында Көкшетауды көкке өрлеткен сөз сөйледі. – Қуаныштарда кездесу адам баласын жүрек тербер толғаныс­тарға бөлейді, – деді Мемлекет басшысы. – Елімізде ин­дус­трия­лық-инновациялық бағдарламамен 144 жаңа өндіріс орны салынады. Оның 72-сі биылғы бірінші жарты жылдықта іске қосылады. Ақмола облысында осындай 12 жоба арнайы бақылауға алынған. Әлемді құрсаған экономикалық дағдарыс азулы мемлекеттердің өзін тең­сел­тіп тұрған кезеңде біз жаңа кәсіп­орындар салып жатырмыз. Астана­лық Ақмола облысында бүгін шын мәніндегі “алтын зауыт” пай­да­лануға берілді. Бұл көп ұлтты хал­қымыздың ынтымақ-берекесінің, бауырмалдығы мен бейбітшілік сүйгіш кең жүрегінің, төзімділігі мен табандылығының арқасында мүмкін болып отыр. Баршаңызға бақыт пен аман­дық тілей отырып, Васильков кені­шінің атауын “Алтынтау” деп өзгерту жөнінде ұсыныс айтқым келеді. Ел тарихында айшықты орны бар Көкшетаудың Алтын тауы биіктей берсін! Көкше аспанында Елбасы құр­метіне жолданған алақай қол ша­па­лақтау мен “Рахмет, рахмет!” де­ген жүрекжарды ілтипат қалық­тады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа сапарында “Зеренді Астық” ЖШС-інде болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Бақберген АМАЛБЕК, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. Ақмола облысы.