• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қаңтар, 2023

Қазақстанда жемқорлыққа қарсы университет бағдарламасы қабылданады

283 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор, ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаев студенттермен кездесіп, жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қадамдар жайын талқылады, деп жазады Egemen.kz.

«Біздің мақсатымыз – жастарды жемқорлыққа төзбеуге шақыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін жоғарылату, сол арқылы оқу үрдісінің сапасын арттыруға ықпал ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін әділетті Қазақстан құру» дегенді үнемі айтып келеді. Осы орайда университет басшылығы мен студенттер арасында әріптестік сенімді арттыру мақсатында осындай ашық әңгіме өткізіп отырған маңызды. Бүгінгідей өзара сенімге негізделген шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың негізі болып саналады. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы университет бағдарламасын қабылдайтын боламыз», деді өз сөзінде Ақылбек Қажығұлұлы.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық - әділ қоғам қағидаттарына мүлдем кереғар ұғым. Ел ертеңіне қызмет ететін білікті мамандар даярлауда сапалы білім беру, студенттер білімін әділ бағалау оқытушылардан да, білім алушылардан да үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Кездесу барысында студенттер университетке келмесе де жоғары балл алғысы келетіндің бар екенін және грант бөлу кезінде әділетсіздіктің, пара алуға бейім жағдайлардың кездесетінін атап өтті. Сыбайлас жемқорлық фактілері көбінесе, студенттер сабаққа қатыспаған жағдайда, аралық бақылауды немесе пәндік жұмыстарды, емтихандарды қайта тапсыру, курстық жұмыстар қорғау сәттерінде жиі кездесетін көрінеді.

Ректормен кездесу барсында студенттер кезінде жеке меншікке өтіп кеткен университеттің оқу ғимараттарын, студенттік жатақхананы, стадионды, жер учаскелерін мемлекетке қайтару мәселесін көтерді.

Студенттердің ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдаған ректор сауалдарға жауап беріп, ашықтық пен өзара сенім мен байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында тиісті құрылым басшыларына нақты тапсырмалар берді.