2-3 ақпанда Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы және жыл сайынғы «Цифрлық Алматы 2023» форумы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей үкіметтерінің басшылары және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысады. Іс-шараға ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттердің өкілдері, ТМД Бас хатшысы, Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының басшылары да шақырылған», деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, күн тәртібінде сауда-экономикалық ынтымақтастық, техникалық реттеу, ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесі және басқа да өзекті мәселелер бар.
Шара барысында үкімет басшылары валюталық қатынастарды реттеу мен ырықтандыру шараларын қабылдаудың келісілген тәсілдері туралы келісімге қол қояды.
Екінші күні ЕАЭО елдерінің премьер-министрлері жыл сайынғы «Цифрлы Алматы» форумының пленарлық отырысына қатысады. Дәстүрлі түрде форумға көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, ірі цифрлық компаниялардың басшылары, IT-бизнес көшбасшылары мен цифрлық сала сарапшылары қатысады. Биылғы жылы осы шара аясында Digital Almaty марапаттау рәсімімен тақырыптық жобалардың халықаралық көрмесі де өтеді.