• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Теннис 31 Қаңтар, 2023

Балалар мен жасөспірімдер теннисі дамиды

248 рет
көрсетілді

Елімізде кейінгі жылдары теннис спорты қарқынды дамып келеді. Оған жерлестеріміздің халықаралық ареналарда көрсетіп жүрген табысты нәтижелері дәлел бола алады. Мысалы, былтыр Қазақстанның ерлер, әйелдер және жас­өспірімдер құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионаттарының финалында бақ сынады. Ал күні кеше ғана әлемдік рейтингте ТОП-10 теннисшінің қатарына енген Елена Рыбакина 2022 жылы «Үлкен дулыға» санатындағы «Уимблдон» турнирінде топ жарса, биыл Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жетті.

Еленаның бұл табысы, сөз жоқ, Қазақ­стан теннисі үшін тарихи нәтиже болды. Олай деуге негіз, бүгінге дейін осы спорт түрін серік еткен бірде-бір жерлесіміз «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің жекелей сынында үздіктер қатарынан көріне алмаған. Десе де, Ярослава Шведова (2010, 2012) мен Юлия Путинцева (2016, 2018) екі мәрте және Елена Рыбакина (2021) бір рет «Ролан Гаррос­тың» ширек финалына дейін жеткен. Сондай-ақ Путинцева 2016 жылы «Уимблдон» мен 2020 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігінде дәл сол межеден көрінген-ді. Қазақстандық теннис­­шілердің «Үлкен дулыға» санат­тарындағы бар жетістігі осы.

Теннисшілеріміз жаңа 2023 жылды да сәтті бастап отыр. Атап айтар бол­сақ, өткен аптада Елена Рыбакинадан бө­лек, әйелдер арасындағы «Челенджер» тур­нир­лерінде бақ сынап жүрген Жібек Құламбаева мен Гөзал Айнитдинова, был­тыр жасөспірімдер арасындағы Азия құрлығының рейтингінде көш бастаған Альбина Кәкенова және ерлер арасындағы Қазақстанның екінші ракеткасы Тимофей Скатов өздері қатысқан турнирлердің финалисі атанды.

Осы орайда, Қазақстан теннис феде­рациясының президенті Болат Өте­мұ­ра­тов теннисшілерді айтулы же­ң­істерімен құттықтап, апта нәтижелерін қоры­тын­дылады.

«Елена Рыбакина – ел тарихында тұңғыш рет Аустралия ашық чем­пиона­тының финалына шығып, Қазақстан жанкүйерлеріне тамаша эмоция сыйлады. Бұл финал – Еленаның өзі үшін, жалпы елімізде теннис спортының, әсіресе әйелдер арасында теннистің әрі қарай дамуына зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Мен Еленаға жо­ғары деңгейде өнер көрсеткені үшін риза­шылығымды біл­ді­ргім келеді. Бұл – елімізде теннистің табысты дамып келе жатқанының бір көрінісі. Australian Open финалына дейін жету – шеберлік пен тұрақтылықтың бел­гісі. Дода ба­рысын­да Еле­на әлем­дік рей­тингінің көшбасшысы Ига Швен­текті және тағы басқа да мықты­лар­ды тізе бүктірді. Олардың үшеуі – «Үл­кен ду­лыға» тур­ни­рінің жеңімпазы. Елена­ның түрлі төсеніштегі корттарда өзін еркін сезініп, қарсыласына байланысты тактикасын сауатты құратыны, өз ойынын үнемі жетілдіріп келе жатқаны айқын көрініп тұр. Жылдың сәтті басталуы алдағы жеңістерге жол ашады деп үміттенемін», деді Болат Жәмитұлы.

Сондай-ақ Қазақстан теннис федера­циясының президенті елімізде тенниспен шұғылданамын деген барлық жанға жақсы жағдай жасалып жатқанын атап көрсетті. «Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер теннисін дамытуға көп күш салып жатырмыз. Қазірдің өзінде біз қыздарымыздың әр жас санатында жақсы спорттық көр­сеткіштерге қол жеткізіп отырғанын байқаймыз. Сондықтан біздің ересек кәсіпқой теннисшілеріміздің жетіс­тіктерімен қатар, ITF Juniors, ITF World Tennis Tour, ATF Juniors, Tennis Europe және басқа да турнирлердегі, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатысатын спортшылардың нәтижелерін ерекше атап өткім келеді. Мысалы, бір­неше күн бұрын Альбина Кәкенова беделді Australian Open 2023 Asia-Pacific Elite 14 & Under Trophy турнирінің фи­налисі атанды. Өткен жылы Альбина ATF Juniors сериясында барлығы төрт тур­нирде жеңіске жетіп, 14 жасқа дейінгі Азия рейтингінде маусымды 1-орынмен аяқтады. Кеше ғана Үндістанда өтіп жатқан ITF W40 турнирінің финалында тағы екі спортшымыз – Жібек Құлам­ба-е­ва мен Гөзал Айнитдинова өнер көрсетті.

Былтыр «Уимблдон» турнирінде Қазақ­станның үш әйел төрешісі ал­ғаш рет жұмыс істеді. Олардың бірі Юлия Игнат­ченко мұ­нара төре­шісінің «Күміс бел­гісін» ал­ған елі­­міздегі ал­ғашқы төреші болды. Қа­зақстан тен­нис­шілері ал­дағы уақытта да жақсы нәтиже көр­сетіп, жан­күйер­лерін та­ғы да қуан­тады де­­ген ойдамын. Сондай-ақ ой­ын­шы­ла­ры­мызға қол­дау біл­дірген бар­­­ша жан­күйер­ге алғыс айта­мын», деді Б.Өте­мұ­ра­тов.