Кәсіпқой бокста күш сынасып жүрген жерлестеріміздің ішінде Данияр Елеусіновтің (11-0, 6 КО) де өзіндік алар орны бар. Рио Олимпиадасының чемпионы айналдырған үш-төрт жылдың ішінде үлкен бокс кештерінде өнер көрсетіп, әйгілі мамандардың көзіне түсіп үлгерді. Тіпті, ол екі жыл бұрын IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы дейтін атаққа қол жеткізіп, Алаш жұртын қуанышқа бөлегенін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ.
Шаршы алаңда неге көрінбей кетті?
Өкінішке қарай, атағы алысқа жайыла бастаған дарынды боксшымыз былтыр сол алтын белбеуінен айырылып қалды. Себебі отандасымыз IBO ұйымының ережесіне сәйкес, бір жыл ішінде әлем чемпионы атағын қорғауға тиіс еді. Ал бірер жыл бұрын ғана екпіні қатты болған Елеусіновті былтыр бокс жанкүйерлері шаршы алаңнан жоғалтып алды. Көпшілік мұның сырын жерлесіміздің әйгілі британиялық промоутер Эдди Хирн жетекшілік ететін Matchroom промоутерлік компаниясынан кеткенімен байланыстырады.
Бокс жанкүйерлерінің есінде болса, Данияр Елеусінов 2021 жылы аталған компаниямен үш жылдық келісімшарты аяқталғанын мәлімдеп, өзіне басқа промоутер іздеп жатқанын айтқан еді. Сол кезде бірқатар бокс маманы Даниярдың бұл шешіміне қатты таңғалып, «Елеусінов өз карьерасында ең үлкен қателік жасады» деген болатын. Қазір сол бокс сарапшыларының айтқаны дәл келді. Отандасымыз кейінгі екі жылда бір ғана жекпе-жек өткізіп, бар атағынан айырылды. Былайша айтқанда, ол сол шешімі арқылы екі жылын бос өткізіп алды. Әлі қанша уақыт промоутерсіз жүретінін кім білсін? Ал осы екі жылдың ішінде Даниярмен деңгейлес бірнеше боксшы әлем чемпионы атанып үлгерді.
Matchroom-ға қалай келді?
Д.Елеусінов 2016 жылы әуесқой боксшы алуға тиіс болған барлық атақ-даңқты иеленіп болған соң, бағын кәсіпқой бокста сынап көруге бел буды. Азия біріншілігінен бастап, Олимп шыңына дейін жеткен Алаш баласының арыны мен қарым-қабілетін менмін деген промоутерлік орталықтардың байқамай қалуы мүмкін емес еді. Бірақ Данияр ешкімге елеусіз жатқан, аты мен атағы, даңқы мен дабырасы жоқ аустралиялық компаниямен келісімшартқа отырды. Алайда шикі келісімнен ақыры ши шығып, соңында боксшы мен промоутер екі жаққа кетіп тынды. Сөйтіп Елеусінов «әуесқой бокста алынбаған еншім бар», деп ұлттық құрама басшылығынан екінші мүмкіндік беруін сұрап, әуесқой боксқа қайта оралды.
Екінші Олимпиадасына дайындалып жүрген Даниярды 2018 жылдың көктемінде даңқты промоутер Эдди Хирннің өзі Қазақстанға іздеп келіп, боксшымызбен келісімшартқа отырды. Кәсіпқой бокс тарихында бұған дейін қай промоутер боксшыны өзі іздеп келгенін есіме түсіре алмадым, бірақ 2013 жылы Эгис Климас (Жәнібек Әлімханұлы мен Мейірім Нұрсұлтановтың менеджері) Украинаның даңқты боксшысы Василий Ломаченконы Киевтен мұхиттың арғы бетіне аттай қалап алып кеткенін жақсы білеміз.
Сөйтіп Энтони Джошуадан бастап, Дэниел Джейкобс, Тайсон Фьюрри, Келл Брук сынды жігіттерді жетелеп жүрген Эдди Хирн қазақ баласын да өз қанатының астына алды. «Ә» дегеннен ол Даниярды талай боксшы әлі күнге дейін жекпе-жек өткізсем екен деп армандайтын «Бокс Меккесі» аталып кеткен Madison Square Garden аренасына шығарды. Дебюттік кездесуінде жергілікті боксшы Ноа Киддті техникалық нокаутпен жеңген отандасымыз бірден бокс мамандарының көзіне түсті. Кейіннен ол Монако мен Ұлыбритания шаршы алаңдарында да жекпе-жек өткізді.
Оның мансабындағы ең жарқын оқиғалардың бірі 2020 жылдың соңында өткен WBA, IBF және IBO нұсқалары бойынша жартылай орта салмақтағы экс әлем чемпионы намибиялық Джулиус Индонгомен жекпе-жегі болды. Қазақстан боксшысы қарсыласын нокаутқа жіберіп, жартылай орта салмақтағы IBF Intercontinental бос белбеуін жеңіп алды. Осы нәтижесімен ол өз салмағындағы ең үздік 15 боксшының қатарына қосылды.
Хирннен не үшін кетті?
Джулиус Индонгоны жеңгеннен кейін Даниярдың карьерасында біраз уақыт үзіліс болды. Ал 2021 жылдың жазында Елеусінов Matchroom промоутерлік компаниясынан кеткенін мәлімдеді. Бірақ не себепті кеткенін ашып айтқан жоқ. Тек жаңа келісімшартқа көңілі толмайтынын мәлімдеді.
«Біздің үш жылдық келісімшартымыз аяқталды. Қазір басқа промоутерлерден ұсыныс күтіп жатырмын. Matchroom компаниясымен келісімді әрі қарай жалғастыру туралы ұсыныс болды, бірақ келісімшарттағы кейбір ережелер бізге ұнамады. Командамдағылар егер келісімшартқа қол қойсаң, еш жетістікке жете алмайсың деді. Мен өзім бұл келісімшартты көрген жоқпын, бірақ маған солай жеткізді», деп атап өткен еді Елеусінов бір сұхбатында.
Бұл мәлімдемеден кейін Данияр 2021 жылдың соңында IBO чемпиондығы үшін аргентиналық Хуан Эрнан Леаомен жекпе-жек өткізіп, қазақ боксшылары арасында алтын белбеу жеңіп алған санаулы боксшының қатарына енді. Бірақ кейінгі бір жылда белбеуін қорғауға тиіс болған отандасымыз қарсыластарымен келісе алмай, чемпиондық белбеуінен айырылды.
Міне, Данияр Елеусіновтің шаршы алаңға шықпағанына бір жылдан аса уақыт өтті. Жуырда ол жап-жақсы карьерасының төмен қарай құлдилауына менеджері Зия Әлиевті айыптап, әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.
«Менің бұлай жекпе-жексіз жүруіме менеджерім кінәлі. Ол алдымен Эддимен келісімшартты ұзартқысы келмеді, кейіннен мені екі жыл бос уәделермен шаршы алаңға шығармай ұстап отырды. Жаңа келісімшарттан мен бас тартқан жоқпын, тіпті олардың ұсынысын мен көрген емеспін. Менеджерлер менің пікірімді білмей-ақ, бас тарта салған. Эддидің ұсынысын мен бір жарым жылдан кейін ғана, яғни келісімшарт жарамсыз болған кезде көрдім. Әуелде маған Әлиев олар (Matchroom – Ә.Б) саған аз ақша төлеп, «құлдықта» ұстағысы келеді деп айтқан. Бұл жерде мені «құлдықта» Matchroom емес, менеджерім ұстап отыр. Екі жыл уақытымды босқа өткізгенше, аз гонорарға жұдырықтасқаным әлдеқайда жақсы еді. Сіз қалай ойлайсыз?!», деп жазды.
Менеджер Зия Әлиевтің де өз айтары бар: «Келісімшартты қолыма алғаннан кейін оны үш заңгерге көрсетіп, олардың ойын сұрадым. Олар мұндай келісімшартқа келісуге болмайтынын айтты. Кәсіпқой боксқа ешкім Matchroom-ның қуыршағы болуға келген жоқ. Бұл боксшыға да, менеджерге де өте тиімсіз келісімшарт болған соң, біз одан бас тарттық. Менеджер қайдан табыс табады? Әрине, боксшының гонорарынан. Сондықтан біз Matchroom-ға кей ережелер бойынша түзетуді ұсынған едік, бірақ олар түзетуден бас тартты.
Әрі қарай не болады?
Қазіргі таңда Данияр АҚШ-та жаттығып жатыр. Әзірше промоутерлермен келісімге келгені, жақын уақытта рингке оралатыны туралы нақты мәлімет жоқ. Наурызда Елеусінов 32 жасқа толады. Былай қарасаңыз, 32 жас – нағыз кәсіпқой бокс майданында қайнайтын кезең. Бірақ өтіп жатқан әр күн Данияр үшін өте қымбат. Егер отандасымызда әлі де әлем чемпионы атану дейтін үлкен мақсат бар болса, онда тез арада маңызды шешім қабылдап, жекпе-жектер өткізе бастауы керек. Әйтпесе, ертең кеш болады.