Бұл күндері Индонезия астанасы – Жакартада 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама беретін нысана көздеуден Әлем кубогі жарысы өтіп жатыр. Бәсекенің кезекті күнінде Қазақстан спортшылары ел қоржынына тағы екі жүлде салды.
Алдымен пневматикалық тапаншадан 10 метрден нысана көздеу сайысында сынға түскен Қазақстан мергендері – Валерий Рахымжан мен Ирина Юнусметова қола медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасының өкілдері аралас жұп арасындағы үшінші орын үшін өткен таласта Корея спортшыларын 16:10 есебімен тізе бүктіріп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ал кеше ерлер арасында пневматикалық винтовкадан 10 метрден нысана көздеуде Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды. Финалда біздің мергендер Аустрия спортшыларына 16:8 есебімен есе жіберді. Бұл сында ел намысын Константин Малиновский, Никита Шахторин мен Ислам Сәтбаев қорғады. Оның алдында пневматикалық винтовкадан 10 метрден оқ атуда Константин Малиновский күміс жүлдені мойнында жарқыратқан еді.