• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 31 Қаңтар, 2023

Мысырда мықтылық танытты

211 рет
көрсетілді

Каирде (Мысыр) WKF каратэден 1-Premier League-ның 2023 жылға жос­парланған алғашқы бәсекесі өз мә­ресіне жетті.

Спортты дамыту дирекциясының мә­ліметі бойынша, Перғауындар елінде ұйым­дастырылған байрақты додаға әр салмақтың ең үздік 30 спортшысы қатысты. Ал жалпы әлемнің 61 елінен келген 434 татами шебері өнерлерін ортаға салған болатын. Бұл қатарда Қазақстан құрамасының 19 каратэшісі бас жүлдеге таласты.

Екі күнге созылған дүбірлі додада ұлт­тық құраманың спортшылары 4 жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, кумите бағдар­ламасында 60 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Қайсар Алпысбай финалда жарыс қожайыны Мұхамед Габерді 3:1 есебімен тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты. Ал әйелдер арасындағы кумитенің +68 кило салмағында бас жүлдені жерлесіміз, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева мен жапониялық Аюми Уэкуса сарапқа салды. Тартысты өткен жекпе-жекте Аюмидің айы оңынан туып, жарыс жеңімпазы атанды – 7:1. Софья күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ Дидар Әмірәлі (67 кило) мен Бей­барыс Жаңбыр (75 кило) жарыстың қола жүлдесіне ие болды.