Араны Алатау бөліп тұр демесек, қырғыз бен қазақ төскейде малы, төсекте басы қосылған бауыр халық екені әлімсақтан аян. Екі ел арасындағы мәдени-әдеби байланыс та ешқашан үзілмеген. Жамбыл мен Тоқтоғұлдың, Мұхтар мен Шыңғыстың арасындағы рухани тұтастық, достық та соның бір айғағы іспетті.
Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдық мерейтойы аясында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры Қырғыз Республикасының Талас қаласына арнайы іссапармен барды.
Таластағы Капар Медетбеков атындағы музыкалық драма театрға жиналған жұрт бұл күні жамбылдық актерлердің сахналауындағы Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» қойылымын тамашалады. Әлем таныған қаламгер шығармасы желісіндегі спектакльді қазақ өнерпаздарының орындауында көрген жергілікті жұртшылық жамбылдық актерлерге қошеметін аяған жоқ.
Бұдан кейін Талас шаһарының басшылары қонақжайлылық танытып, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ұжымын қаладағы мәдени нысандарға бастап барды. Нақтырақ айтар болсақ, жамбылдықтар Талас төріндегі «Манас эпосы» және классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың музей-үйіне экскурсия жасады.
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымы Айтматов шығармалары желісінде көптеген спектакльдерді сахналап жүр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да тоқтамақ емес. Дарабоз тұлға өмірінің бір белесі Жамбыл өңірімен де байланысты. Сондықтан да екі өңір арасындағы рухани байланыс одан әрмен жалғасын таба береді.
Жамбыл облысы