Қарағандыдағы облыстық бейнелеу өнері мұражайында тұрған бұл жәдігер Қазақстанға Украинадан жеткен.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, оқиға былай болған. 1940 жылы Қазақстанға Украинадан жер аударылғандар арасында Любовь Михееваның әке-шешесі және туыстары болған. Олар Қарағанды топырағында жүріп жан сақтап қалса керек. Біраз жыл осында қоныс тепкен туыстары заман жақсарып, мамыражай күн туа бастағанда, Отанына қайта оралады. Ал Любовь ханымның өзі Қарағандыда туған, осында тұрады. Қайбір жылдары атажұртын аралап барғанда, кезінде Украинаға қайтқан бауырлары Любовь Михееваның алдынан шығады. Сонда бір әйел «жанымды сақтап қалған Қазақстанға менен бір белгі болсын, мына кестелі орамалды (рушник) Қарағандыдағы мұражайдың біріне тапсырарсыздар» деп аманаттайды. Сол жәдігер қазір облыстық бейнелеу өнері мұражайында тұр. Украиндық нақышта тоқылып, солардың ұлттық өрнегімен әдіптелген бұл орамалды өздері қасиетті санайды екен. Өйткені ол Құдай бейнесі деп білетін Иконаның тұсына ілуге арналған. Любовь Михееваның туысының «Құдайдан кейін жанымды сақтаған Қазақстанға алғысым – осы» деген ілтипаты іспетті деп түсінуге болады. Өздері әулие тұтып табынатын қасиетті дүниесінің тұсына ілген кестелі орамал өткен күннің белгісіндей, тарихтағы күштеп жер аударуды және содан аман қалған жұрттың тәубесі мен шүкіршілігін әйгілеп тұр.