Ол бар болғаны 21 жыл ғана ғұмыр кешті. Әр адам өзінің шығармашылық әлеуетін әрқилы деңгейде көрсетіп жататыны рас. Біреу тым ерте танылып, шынашақтай кезінен құрмет пен шексіз қолпашқа бөленіп жататыны бар. Ал енді бір ақындар өлең өлкесінде өзіне тән қолтаңбасын қалыптастыра бастаған шақта ажал апанына ауып түсіп, пәни жалғанмен қош айтысады.
Иә, Артығали казақ поэзиясының көгіне көтерілер шағында өмірден өтті де кетті. Жиырма бір жас деген не тәйірі?! Бір сөзбен айтқанда өлкеде өлеңнің отын жаққан жампоз күтпеген жерден аққан жұлдызға айналып кете барды. Талантымен талайларды таңғалдырған ақын өзі ортамыздан кетсе де, қасиетті қара өлеңі жанымызға жалау болып қала берді. Әсіресе жас буын оның өлеңдерін ұмытпақ емес.
«Сәуірде жаңбыр жауады оңай,
Дәуірге майса ауады маңай.
Өрісі көкте көгенсіз еді,
Қара жер бұлтты
сауады қалай?»
Көкжиек көйлек сөгіліп оқтын,
Сыбыры шықты шөбі ірі оттың.
Ебіл де дебіл еріксіз шақта,
Менің де келді төгіліп өткім», депті ақын жүректі жарып шыққан жырларының бірінде.
Артығали бұл өлеңін қанша жасында жазғанын кім білсін? Алайда жиырма бір жасында өмірге қол бұлғап кеткен ақынның жырындағы бөлек ырғақ пен соны сурет кімді де болса тамсандырмай қоймасы анық. Артығалидың жасында өзгеше ойлай білетін, танымы бөлек, ойы зерек ақындар тым сирек те болған шығар. Қалай десек те, Артығали 21 жылдық ғұмырында әдебиет әлеміне дендеп енген талант болатын. Оның жырлары сонысымен де құнды ғой.
«Өмірдің өзі жетпейді,
Олжаға оңай құныққан.
Қызуымен күннің көктейді,
Дүние біздің иықта.
Қамықпа досым, қамықпа,
Көктеме күнін сыйлайды.
Адамдар сыяр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды».
Артығали ақынның осы бір өлеңі оның поэзия әлеміндегі төлқұжатына айналып кеткені рас. Қай жерде болсын, айтулы ақынның бұл шумақтары жиі оқылып жатады. Жиі-жиі бас қосқанда жас ақындар да «адамдар сыйған табытқа, ақындар бірақ сыймайды» деп жырлаған Артығали әлеміне тереңнен үңілетіні рас. Өйткені ол көптің бірі емес, сүйегіне сөз қонған таңдаулы ақынның өзі болатын.
Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен айтулы ақын туралы аға буынның пікірі де алабөтен еді ғой. Бақиға өткеннен кейін де оның өлеңдері, болмысы туралы жиі айтылып жатады. Мұның өзі ақын атының өшпегенін айғақтай түсетіндей.
«Көздері бір нүктеде тұрмайтын еді. Бойында бөріге тән қасиет басым болатын. Жойқын қуаттың иесі еді», деген Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің пікірі Артығалидың мінезінен де, шығармашылық қуатынан да сыр шертіп тұрғандай көрінеді.
Миллион адамның жаны – миллион түрлі құбылыс. Ақынның жанын толық танып білу – әсте мүмкін емес. Жиырмасында жалын кешіп, от жұтқан ақынның өлеңдеріне қарап отырып сан түрлі ойға шырмаласың. Ойнақы ырғақ пен тосын теңеулер кімді де болсын толғандырмай қоймайтыны анық қой. Бір қуаныштысы, оның жыры өлген жоқ. Қай жерде болсын оқылып жатады.
Ақынның жұмбақ жағдайда бақилық болуы – трагедия. Оның өлімінің құпиясы әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Өзекті тілгілейтін өкініш оты да осы ғой. Кім біледі, бәлкім болашақта оның қандай жағдайда бақиға аттанғаны туралы құпия толық ашыла жатар. Әзірге жұмбақ өлім туралы айтудың өзі ауыр...
Артығалидың екі шумақтан тұратын «Ұмытпа» деген өлеңі бар. Кім-кімді болсын ойландырмай қоймайтыны анық.
«Сен арғымақ,
Жүйріктейсің,
Шабытпен алыс кез енді.
Ұмытпа, бірақ,
Жақынға шапқан кезіңді...
Сен күн санап
Биіктейсің,
Биіктеу саған тез енді.
Ұмытпа, бірақ,
Төменде жүрген кезіңді»,
дейді ол.
Қазір кім-кімді ұмытпай жатыр десеңізші. Өмірін өлеңмен өрнектеген небір мықты қаламгерлердің мерейтойлары елеусіз қап жатыр. Сарысудың сартап даласында туған Артығали Ыбыраев көзі тірі болғанда биыл жетпіс жасқа толатын еді ғой...
Өлең өлкесінде өшпестей із қалдырған ақынның 70 жылдығы Тараз төрінде аталып өтіле ме, әлде жергілікті атқарушы билік Артығалиын ұмыт қалдыра ма? Кім білсін. Биікке шыққандар ұмытса да, төмендегілер оны ешқашан жадынан шығармайды ғой...