Сенатор Бекболат Орынбеков еліміздің Премьер-министрі мен Бас прокурорына жолдаған депутаттық сауалында банкротқа ұшыраған «Қаратау» АҚ кәсіпорнының қызметкерлері заңға сәйкес тиісті төлемдерін 20 жылдан астам уақыт бойы ала алмай жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, аталған кәсіпорын Жамбыл облыстық сотының шешімімен 20 жыл бұрын банкрот деп танылған. Алайда, тау-кен өндірісінің бұрынғы қызметкерлерін тиісті төлемдермен қамтамасыз ету мәселесі әлі де шешілмеген.
Бекболат Орынбеков атап өткендей, бұл мәселе салалық мемлекеттік органдарда, оның ішінде арнайы құрылған үкіметтік комиссия отырысында және сот органдарында бірнеше рет қаралған.
«Жүргізілген индекстеу есептері әрбір кредиторға 3 443 теңгеден бастап 58 171 теңгеге дейін құрады. Бірақ регресшілер бұған қарсы. Келіспеушіліктің негіздемесі ретінде кредиторлар көрсетілген кезеңде ең төменгі жалақы мөлшерімен қоса, азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да күнделікті тұтынатын тауар бағасының өсуі деген дәлелдер келтіреді. Осыған байланысты аталған жағдайды жан-жақты талқылап, мәселенің заңды шешімін табуға ықпал етулеріңізді сұраймын», деді депутат.
Гүлшахра САНСЫЗБАЕВА