Болгарияның бас шаһары – Софияда ұйымдастырылған шайбалы хоккейден қыздар арасындағы (U-18) екінші дивизионның В тобындағы әлем біріншілігі мәресіне жетті.
Қазақстанның қыздар құрамасы А дивизионына жолдама алу үшін Исландия, Жаңа Зеландия, Болгария, Бельгия және Эстония хоккейшілерімен сынға түсіп, В тобының жеңімпазы атанды. Бес ойынның бәрінде қарсыластарын тізе бүктірген жерлестеріміз 15 ұпай олжалап, А дивизионында ойнау мүмкіндігіне ие болды. Отандастарымыз алғашқы турда Жаңа Зеландия құрамасынан басым түссе (7:1), кейіннен Болгария (8:1), Бельгия (5:3) мен Эстонияны (8:0) жеңді. Ал соңғы, шешуші турда Исландия хоккейшілерін 7:0 есебімен ұтты. Бұл ойында София Зубкова есеп ашса, Мәдина Юсупова, Анастасия Филимонова мен София Раковская есепті еселей түсті.
Ал Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жүрген елорданың «Барысы» кезекті тур ойынын Қазанда өткізіп, жергілікті «Ак Барс» клубынан 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Айдын иелері сапынан Дмитрий Воронков пен Михаил Глухов мергендік танытса, жерлестерімізден жалғыз шайбаны Антон Сагадеев соқты. «Барыс» келесі ойынын бүгін Мәскеудің «Динамосымен» өткізеді.