• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Отбасы 02 Ақпан, 2023

Ерекше перзентті оңалту да, оқыту да оңай емес

238 рет
көрсетілді

Жақында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін Алматы қаласының Іскер әйелдер қауымдастығы, «MamaPro» қоғамдық қоры және«ICF-Kazakhstan» халықаралық коучинг федерациясы бірлесіп «Әйелдер – әйелдерге» әлеуметтік жобасын бастады. Аталған жоба аясында кәсіби мамандар мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға жеке кәсібін ашуға қолдау көрсетеді.

Отбасының әлеуметтік салмағын жеңілдететін жоба

Алматы қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Наталья Мұхамеджанованың айтуынша, ерекше балаларды тәр­бие­леу, оларға қамқорлық жасау – қоғам болып жұмылатын міндет. Қиын да, жауапкершілігі жо­ғары жүкті мойнына алған ана­лар қоғаммен ықпалдастыққа мұқтаж. Үнемі бала тәрбиесімен отыр­ғандықтан, олардың мүмкін­дік­тері де шектеулі. Аталған жоба аясында мамандар аналарға пси­хо­логиялық тұрғыдан қолдау көр­се­тіп, отбасының әлеуметтік сал­мағын жеңілдетуді көздейді.

Қазіргі кезде іріктеуден өткен 22 ана бизнес әліппесін игеріп жатыр. «MamaPro» қоғамдық қоры филиалының жетекшісі Алина Ким «Баланы оңалтудан бұрын ананы оңалту керек», деген пікірде. Бүгінде Алматы, Астана, Өскемен, Шымкент қала­ларында өкілдіктері жұмыс іс­тейтін орталықта аналарға шебер­лік сағаттарымен қатар пси­хо­­логиялық дәрістер де қатар өтеді. Аналардың кәсібін бастап, ая­ғы­­нан нық тұрғанын мақсат ететін «Әйелдер – әйелдерге» қанат­қақ­ты жобасы 3 ай оқыту, үйрету сессияларын қамтиды. Осы мерзім аяқталғаннан кейін сараптама жа­са­­лып, жобаны жетілдіру тетік­те­рі қарастыралады.

«Жоба екі бағдарламадан тұ­ра­ды. Бастаманы қолға алушылар 3 ананы жұмысқа тұрғызуды өз жауапкершілігіне алып отыр. Ал жобаның 19 қатысушысы арнайы курстардан өткеннен кейін өз бизнестерін бастап кетуге тиіс. Егер бұл іс сәтті жүзеге асатын болса, қоғам болып жұмылған мә­се­ленің шешімін тапқаны», деді жоба барысымен кеңінен таныс­ты­рып өткен Алматы қаласы Іс­кер әйелдер қауымдастығы тө­ра­йы­мының орынбасары Дана Жантемірова.

«ICF-Kazakhstan» президенті Елена Григорьева «Өз қиындығын өзі арқалап жүрген, ерекше бала тәрбиесінің қиыншылығын көріп, қанаты талған аналар үшін бұл жоба үлкен қолдау болмақ», деп­ атап өтті. Оның айтуынша, ерек­­­ше баланы бағып-қағу – бір ғана отбасының ғана емес, жал­пыға ортақ мәселе. Аталған жоба аясында ICF мамандары ана­лар­дың ерік-жігерін шыңдауға, қиындықты еңсеруге қолдау көр­се­теді. Осыдан 2,5 жыл бұрын құ­рылған ұйым 30 мыңға жуық сер­тификатталған мамандарды оқыта отырып, әлемнің 100-ден аса елінде қызметін жалғастырып келеді. Қазіргі кезде 35 мың мү­ше­сі бар ұйым Қазақстандағы коу­чингті дамыта отырып, әлеу­мет­тік жобаларға атсалысуды жал­ғастырып жатыр.

 

Балалар мүгедектігі жылына 7 пайызға көбейіп жатыр

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ла­малар басқарма басшысының орынбасары Қалибек Ақыл­бе­ковтың айтуынша, оңтүстік аста­нада 8 мыңға жуық ерекше қажет­ті­ліктері бар бала тіркелген.

«Қалада мүгедектігі бар аза­мат­тардың саны 55 мыңға жуық десек, бұл көрсеткіш жыл сайын­ 4 пайызға, ал балалар арасында 7 пайызға көбейіп келеді. Бү­гін­де аутизм белгілері бар ба­ла­­ларды үш жасқа дейін анық­тау өте қиынға соғып жатыр. Сон­дықтан бұл диагнозды ерте ке­зең­де анықтау және алдын алу мақ­сатында арнайы орталық ашылып, биылдан бастап 300-дей маман оқыту көзделіп отыр. Арнайы курстан өткен мамандар қала емханаларына жолдамамен барады», дейді Қ.Ақылбеков.

Басқарма өкілі атап өткендей, қалада биылдан бастап аутизммен ауырған балалар тасымалы үшін 10 инватакси қызметі жұмыс істейді. Ал жеке оңалту бағдарламасына сәйкес 270-тей арба сатып алу көзделген. Басқарма тарапынан сонымен қатар стартап жобаларға 400 АЕК көлемінде гранттар қарастырылып жатыр.

Қоғам және мемлекет қай­рат­ке­рі, Парламент Мәжі­лі­сінің VI-VII шақыры­лы­мы­ның депутаты Ирина Смирнова қоғамда ерекше қажеттіліктері бар отбасыларға қолдаудың жеткіліксіз екенін алға тартты.

«Бүгінде кезекте тұрған 20 мың­нан аса қолдауға мұқтаж жан­дар­дың баспана мәселесін шешу уақыт күттірмейді. Парла­мент қабырғасында бірнеше мәрте көте­рілген мәселеге қатысты «Отба­сы банк» мамандарымен де кез­­­десулер өтті», деп атап өткен И.Смирнова «Әйелдер – әйел­дерге» жобасының әлеуметтік сал­ма­ғы жоғары екенін айтты.

Ең бастысы, қадам жасалды, ендігі кезекте аналардың өз кәсібін ашуына байланысты жол картасы сызылып, алдағы бағдары анықталуы қажет. Жобаға қолдау білдірген Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Гүлнар Омарова ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың ауыртпашылығы көп екенін алға тартты. Сондықтан қоғам болып қолдау көрсете отырып, жарты күн болса да жұмыс істейтін әйел­дер үшін баласын қалдыратын орталықтар жұмысын жандандыру, жұмыс іздеген жағдайда өз таңдауына, қалауына орай орналасу сияқты мәселелерге көңіл бөлуге шақырды. Осы орайда әлеуметтік қызмет түрлерін цифрландыруды дамыту жағына тоқталған Г.Омарова ерекше балалар үшін оңалту процедуралары, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, санаториялық-курорттық қол­дауға байланысты ақпараттар қолжетімді болуы қажет. Бүгінде шалғай ауылдардағы отбасылар үшін балаларды сауықтыру да, оқыту мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет тарапынан бөлі­ніп жатқан қаражат жетпей жат­қан аймақтар бар. Салдарынан тығы­рыққа тірелген көптеген отба­сы қалалы жерлерге қоныс ауда­руға мәжбүр.

 

Ұрпақ тәрбиесімен қатар кәсіпті де игеріп жүр

Зауре Итенова – 14 жастағы ерекше баланы тәрбиелеп отырған ана. «Бала тәрбиесімен отырғанда «MamaPro» қоғамдық қоры мамандары үлкен қолдау көрсетіп, жігер берді. Осы орталықта пси­хо­­логиялық қолдау тауып, жаңа кәсіп ашуға бекіндім», дейді кәсіп­кер. Ол тәуекелдерге қара­мас­тан өткен жылы «Dcplife» cауықтыру орталығын ашқан. Бүгін­де ор­та­лыққа келіп жүрген балалар жазу-сызуды үйреніп, лого­педтің, сондай-ақ механотерапия, эрготерапия курс­та­рынан өтіп жатыр. Денешынық­ты­рудан өтіп, массаж алған бала­лар­дың көңіл күйлерінде де өзге­шелік байқалады. Алайда келу­шілердің дені әлеуметтік аз қам­тылғандар отбасыларынан бол­ғандықтан, оңалту курсын төлеуге мүмкіндіктері бола бермейді. Мұнымен қоса мамандар еңбекақысы, жалдау құны сияқты қосымша шығын бар. Дегенмен «MamaPro» қоғамдық қорында тұлғалық өсу жолынан өтіп, мемлекеттік бағдарлама аясында 2 млн теңге қаражат алған кә­сіп­кер орталықты дамытуды жос­парлап отыр.

Людмила Хегай – баласына аутизм диагнозы қойылған ананың бірі. Он жасар баланың анасы ұзақ уақыт үйде отырғанын, қаржылық қиындықтың да болғанын алға тартты. Ендігі кезекте аналарға арналған жобадан серпін алып, жаңа кәсіпті бастауға дайын еке­нін айтады.

Әйгерім Ізбасарова да ерекше бала тәрбиелеп отырған ана. «Балам туылған сәттен өміріміз күрт өзгерді. Бар назарымыз бала­ның денсаулығына ауып, тоғыз жылдай үйде отырып қалдым. «MamaPro» орталығына кел­ген­нен кейін мен сияқты ана­лар­дың мүмкіндігі шексіз екенін тү­сіндім» деген ойымен бөлісті.

Қазіргі кезде әлеуметтік жоба­ның демеушісі Алматы менеджмент университеті ғимаратында кәсіби сессиялар жалғасын та­уып жатыр. Тәжірибелі коучтар болашақ кәсіпкерлерді бизнестің қыр-сырына баулып, қиындықты еңсеруге кеңестерін аяп жатқан жоқ. Ал ата-аналар болса, бала­сы­ның қоғамнан қағажау көрмей өскеніне, әлеуметтік жағдайының жақсарғанына үміт артады.

 

АЛМАТЫ