• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 05 Ақпан, 2023

Африкадағы қазақ киносы

476 рет
көрсетілді

Камерун астанасы Яун­деде YARHA Fes­tival ха­лық­аралық кино­фес­ти­валі өтті. Әлем­дік кино бәй­гесінде қазақ кино­сы­ның арнайы көрсе­тілімдері ұйымдас­тырылып, Африка көрермендері алғаш рет отандық фильмдерімізбен танысты.

Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің тапсырысы бойын­ша Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығының қол­дауымен түсірілген «Нартай» фильмі фестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасына қатысып, төрт бірдей жүлдеге ие болып, «Үздік көркем фильм» атанды. Сонымен қатар фестиваль бағдарламасы аясында афри­­калық көрермендерге басқа да отанд­ық кино картиналар таныс­тырылды.

– Мен Қазақстанда түсіріл­ген көркем фильмді алғаш рет көріп отырмын, бұған дейін тек деректі фильмдерді тамашалаған едім. Кино маманы басқа елден келген кәсіпқойдың жұмысын көргенде, ең алдымен кино тілін түсінуге тырысады. Бұл фильм­де кино тілі керемет көрініс тап­қан. Қазақ киносының басты ерекшелігі де осында. Қазақ елі­нің фильмдерін көргенде, біз кино тілінде жеткізілген бел­гілі бір оқиғаға тап боламыз және мені баураған дәл сол сезім,– деді кинофестиваль қо­нақтарының бірі, Канн кино­фестивалінің қатысушысы, режиссер Мусса Туре.

Африкалық көрермендер қазақ киносының деңгейін жо­ғары бағалады, ал индустрия мамандары серіктестік орнатуды ұсынды.

– YARHA фестивалімен серіктестік келесі жылы да жал­ғасады деп үміттенемін. Бұл оқи­ғаның Қазақстанның оң имид­жін ілгерілетуге өз үлесін қосатынына сенімдімін. Мәдени дипломатия жалғасуы керек. Біз қазақстандық картиналардың Марокко, Тунис, Сенегал және Конго елдерінде көрсетілге­нін қалаймыз, – деп атап өтті Франциядағы қазақстандық кино қауымдастығының президенті Андрэ Иванов.

Камерундағы отандық фильм­дердің көрсетілімін Фран­ция­дағы қазақстандық кино қа­уымдастығы ұйымдастырды. Бұл – Африкадағы алғашқы ауқым­ды шара.