Қызылордадағы зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Арайлым Қуандық «IESO 2023» халықаралық олимпиадасының республикалық кезеңінде екінші орын иеленіп, әлемдік додаға жолдама алды.
Геология, геофизика, метеорология, мұхиттану және астрономиядан күрделі тапсырмалар орындап, білімдерін шыңдаған 100 оқушы арасынан озып шыққан сырбойылық Арайлым осы жылдың желтоқсан айында Италияда өтетін халықаралық кезеңде Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғайды.
– География сүйікті пәнім. Пән мұғалімдері Шолпан Зәкірова мен Арай Нұрбаевамен бірге жасаған үздіксіз дайындықтың нәтижесінде білімімді жетілдіріп келемін. Пәнді тереңдей оқыған сайын геологияға деген қызығушылығым да артты. Келешекте жобалық жұмыстармен айналысып, табиғаттың түрлі элементтерін зерттегім келеді, – дейді Арайлым Қуандық.
IESO – әлемдегі ең беделді олимпиаданың бірі. 2007 жылдан бастап Корея, Испания, Бразилия, Жапония, Франция, Ресей елдерінде өткізілген бұл білім бәйгесінде әлемдегі ең үздік жас геологтер анықталған.
ҚЫЗЫЛОРДА