• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 07 Ақпан, 2023

Сирияда жер сілкінісінен көз жұмғандар саны 812-ге жетті

423 рет
көрсетілді

Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған соңғы деректерге сәйкес, Түркияда орын алған жер сілкіністері салдарынан Сирия билігі бақылауындағы аумақтарда 812 адам қайтыс болып, 1 449 адам жарақат алған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алеппо, Латакия, Хама, Тартус провинцияларында және Идлиб аймағының ауылдық жерлерінде ғимараттар қатты қираған. 

«Барлық мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелер ескертулер мен қоңырауларға жауап беріп, барлық дәрігерлер барынша жұмыс істеп жатыр», деп хабарлады Сирияның Денсаулық сақтау министрлігі.

Зардап шеккен аймақтарға жедел жәрдем көліктері мен жылжымалы клиникалар жіберілді. Human Rights Watch Сирия мониторинг орталығының (SOHR) мәліметінше, елде барлығы 1 597 адам зілзаланың құрбаны болған.

Сирия президенті Башар Асадтың атына Иран, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Алжир, Бахрейн, Иордания, Қытай, Беларусь, Палестина және Ирак елдерінің басшылары көңіл айту жеделхатын жолдап жатыр.

Сондай-ақ аймақтағы бірқатар елдер, атап айтқанда: Ливан, Кувейт, Тунис, Сауд Арабиясы және Ватикан Сирияға қолдау білдірді. Араб лигасының бас хатшысы Ахмед Абул Гейт шын жүректен көңіл айтып, әлемдік қауымдастықты табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырды.

БАӘ президенті шейх Мұхаммад бен Заид Әл Нахаян Сирияға іздеу-құтқару тобы мен гуманитарлық көмек жіберіп, далалық емдеу пунктерін ашу мақсатында қажетті мамандарды жұмылдырды.

Ресей тарапы төтенше жағдайлар министрлігінің екі ұшағы мен құтқарушылар тобын жіберді. 

Айта кетейік, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясының Пазарджик аймағында 7,4 балдық жер сілкінісі болды. Режеп Тайып Ердоған Түркияда жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Соңғы мәліметтер бойынша, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 3 381 адамға жетті.