• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 07 Ақпан, 2023

Оқушылар тапқан олжа

429 рет
көрсетілді

Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылының оқушылары елді мекен маңында ойнап жүріп, көне құмыра тауып алды. Археолог мамандардың айтуынша, қола әшекейлермен әдіптелген жәдігер ІХ-ХІІ ғасырлардан жеткен жәдігер көрінеді.

Төле би атындағы мектептің оқушысы Артем Муравьев ауыл маңындағы қырда ойнап жү­ріп, беймәлім таңбалары мен кера­микалық бұйымдары бар білезікті көзі шалады. Бұдан кейін тағы бір мектеп оқушысы Қасымхан Жұ­мабай қола сырғалар мен біле­зіктерді қолына түсірген. Көне дәуір­лердің көзіндей болған жәді­герлерді тапқан жасөспірімдер кез­дейсоқ кезіккен олжалары туралы үлкендерге хабарлайды.

– Аталған жәдігерлерді достарыммен ойнап жүрген кезде тауып алдым. Жер қыртысынан жыл­ты­раған әлдебір затты көзім шалды. Қарап тұрмай қазып алуға тырыс­тым. Қолға түсіргеннен кейін жәді­герді мектепке апардым, – дейді Ар­тем Муравьев.

Төрткүл төбесінен табылған көне жәдігерлер тарихи мұра екені талас тудырмайды. Ғалымдардың пайымына салсақ, бір кездері бұл маңда Қарлұқ қағанаты үстемдік құрған екен. Ал бір ғасырдан кейін қарахандықтар келген көрінеді.

– Осы төбеге көтерілген адам ауылымыздың тамаша табиғатына там­санатыны даусыз. Төрткүлге шыққанда аяқ асты жатқан тарихи жәдігерді таптым. Кейін мектепке апарып тапсырдым, – дейді Қасымхан Жұмабай.

Мамандардың сөзіне сенсек, ықылым заманда төбе маңында «Адахнет» деген ауыл болған. Төбе Ұлы Жібек жолының негізгі бөлігіне жатпаса да, мұнда сауда-саттық жақсы дамыған көрінеді.

 

Жамбыл облысы,

Жамбыл ауданы